Маэстро

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».


Әлемдік теннис спорты тарихында есімі алтын әріптермен жазылатын үш теннисші болса, соның бірі – Роджер Федерер. Швейцариялық теннисшіні спортқа қызықпайтын адамдардың өздері таниды десек, қателеспейміз. Ол – «үлкен дулыға» турнирлерінің жартылай финалына қатарынан 23 рет шыққан жалғыз теннисші. Сонымен қатар Федерерден басқа әлемде «үлкен дулыға» турнирлеріне үзіліссіз 58 рет қатысқан теннисші жоқ. Әрине, бұл турнирлерде жеңіске жету жағынан ол «ұлы үштіктің» өзге өкілдері Рафаэль Надаль мен Новак Джоковичтің алдына түсе алған жоқ. Десе де, Роджер Федерердің «теннис маэстросы» деген атын бірде-бір пенде өшіре алмайды.

Роджер Федерер – 1981 жылы Швейцарияның Базель қаласында дүниеге келген. Әкесі Роберт Федерер әлемдегі ірі фармацевтикалық компаниялардың бірінде қызмет еткен екен. Жұмыс бабымен Оңтүстік Африка Республикасына барып, болашақ жары Линетт Дюранды жолықтырады. Роджер Федерердің екі азаматтығы бар (Швейцария, ОАР). Федерерге тенниске құмарлық нақ осы нағашыларынан берілген секілді. Анасы Линнет Дюран бір жылдары әуесқойлар арасында өткен Швейцария чемпионатын жеңіп алған екен. Сонымен қатар ұзақ жылдар бойы Базельдегі теннис клубын басқарған.

Десе де, бала Федерердің арманы ұлы футболшы атану еді. Швейцария құрамасының аты аңызға айналған футболшылары ағайынды Хакан және Мұрат Якиндерге еліктеп, кәсіби футболмен айналысқан. Швейцария чемпионатының төменгі лигасында ойнайтын «Конкордия» футбол клубының жасөспірімдер құрамасына да алыныпты. Кейіннен ата-анасының ықпалымен футбол добын, теннис ракеткасына ауыстырған. Небәрі 10 жасында алғашқы жарысына қатысып, бірінші ойында ойсырай (6:0, 6:0) жеңілген. Арада бір жыл өтпей 11 жасар Федерер өз құрдастарының арасында Швейцарияның №2 теннисшісі атанады. Ал, 12 жасында Швейцария біріншілігін жеңіп алады. Бала Федерер 13 жасында ересектер арасындағы Базель қаласының чемпионатында ширек финалға дейін жеткен.

1998 жылы ол жасөспірімдер арасындағы «Уимблдон» турнирінде жеке және жұптық бәсекеде топ жарды. Сол жылы алғашқы АТР жарысына қатысуға мүмкіндік алып, Тулузадағы турнирде ширек финалға дейін жетті. 2000 жылы Марсель мен Базельдегі ірі турнирлердің финалына шығып, әлемнің үздік 100 теннисшісінің қатарына енеді. Сидней Олимпиадасының жартылай финалына жеткенде Федерердің жасы небәрі 19-да еді. Алайда, ол бұл ойындарда жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрініп, төртінші орын алып қалған-ды. 

2001 жылы Федерер алғашқы АТР турнирінде жеңіске жетеді. Миландағы турнирде жеңімпаз атанған ол, араға бір жыл салып әлемдік рейтингте үздік ондыққа енеді. «Маэстро» үшін 2003 жыл алғашқы табысты жылдардың бірі болды. Ол алғаш рет «үлкен дулыға» турнирінде («Уимблдон») жеңіске жетіп, жыл соңындағы қорытынды жарысқа қатысуға мүмкіндік алған. Бұл жарыста да Федерер кубокты басынан асыра көтерді. 2004 жылы да Федерер осы қарқынынан танған жоқ. Жылдың басында Аустралияның, кейіннен Британия мен АҚШ-тың ашық чемпионатында топ жарды. Осылайша 1988 жылдан бері бір маусымда үш «үлкен дулыға» турнирінде жеңіске жеткен алғашқы теннисші атанды. Сонымен қатар Гамбург, Индиана-Уэльс пен Канададағы «Мастерс» турнирлерінде топ жарды. Олардан бөлек Дубайдағы АТР турнирде, жылдың қорытынды жарысында қарсылас шақ келтірген жоқ. Афины Олимпиадасына фаворит ретінде аттанғанымен, екінші айналымда сүрінді.

2005-2008 жылдар аралығында Федерер әлемдік рейтингтің көшінің ешкімге ұстатпады. Осы 4 маусымда ол Аустралия ашық чемпионатын – 2 рет, Британия ашық чемпионатын – 3 рет, АҚШ ашық чемпионатын 4 рет жеңіп алды. 2008 жылғы «Уимблдон» турнирінің финалы теннис тарихындағы ең үздік матчтардың бірі ретінде айтылады. Осы ойында Федерер корттағы бітіспес қарсыласы, өмірдегі ең жақын досы Рафаэль Надальмен бақ сынасқан. Бес партияға созылған драмаға толы матчта Р.Надаль жеңіс тойын тойлаған еді.

Федерердің Олимпиаданың алтын жүлдесін алсам деген арманы 2008 жылы орындалды. Алайда, жеке жарыста емес, жұптық бәсекеде отандасы Станислав Вавринка екеуі Пекин Олимпиадасында топ жарды. Ал, жекелей сында ширек финалдан аса алмады.

2009 жылы швейцариялық теннисші алғашқы және соңғы рет «Роллан Гаррос» турнирін жеңіп алады. Турнирлік себет бойынша финалда Федерер–Надаль текетіресі болуы керек-тін. Алайда, Рафа тосыннан Робин Содерлингке жол беріп қойды. Ал, Содерлингті жеңу Федерерге қиынға соққан жоқ.

2010 жылы «маэстро» Мельбурндегі «үлкен дулыға» турнирі мен жылдың қорытынды жарысында ғана жеңіске жетті. Осыдан кейін әлемдік рейтингтің екінші сатысына сырғып кетті. Ал, 2011 жылы «үлкен дулыға» турнирлерінде жолы болған жоқ. Соның салдарынан жылды АТР рейтингтің үшінші сатысында аяқтады. Федерер–Надаль текетіресіне Новак Джоковичтің араласа бастауы да осы кез-ді. 2012 жылы Федерердің мансабы қайта «тірілгендей» болды. «Уимблдон» турнирін жеңіп, Лондон Олимпиадасының күміс жүлдесін еншіледі. Бірнеше «Мастерс» турнирлерін жеңіп, рейтингте екінші орынға көтерілді.

2013 жылғы маусымда «маэстроның» денсаулығы сыр берді. Салдарынан «Уимблдон» турнирінің екінші айналымында жеңіліп қалды. Осылайша «үлкен дулыға» турнирлерінде 36 рет қатарынан ширек финалға жеткен рекорды бұзылды. Рейтингте де төмен сырғып, жылды 7-орында аяқтады. 

Одан кейінгі маусымды Федерер жаңа бапкермен бастады. Өзгеріс өз нәтижесін берді. Көпшілік «ардагерлер» тізіміне қосып қойған Федерер осы жылы 11 рет финалға шықты. Сонымен қатар Швейцария құрамасымен бірге Дэвис кубогін жеңіп алды. 2016 жылы ескі жарақаты сыр беріп, тағы біраз уақыт корттан алыстап кетті. 

Есесіне 2017 жылды жақсы қарқынмен бастады. Аустралия ашық чемпионатын, одан кейін Британия ашық чемпионатын жеңіп алды. 2018 жылы Мельбурндегі чемпиондық атағын қорғап, әлемдік рейтингтің басына қайта келді. Және АТР рейтингтің көш басына шыққан тарихтағы ең егде (36 жас) теннисші атанды.

Одан кейінгі маусымдарда кортқа шыққанымен, үлкен жеңістерге жете алмады. Ал, 2022 жылы (41 жасында) кәсіби мансабына нүкте қойды. Ол спорттық мансабында 30 рет «үлкен дулыға» турнирлерінің финалына шығып, 20 рет (теннис тарихындағы үшінші нәтиже) жеңіске жеткен. Ал, жылдың қорытынды жарыстарының финалына 16 рет шыққан. Одан бөлек АТР турнирлердің финалына 154 рет жеткен екен. 2021 жылы Федерердің бір табысы 1 млрд. АҚШ долларынан асты. Ол осы көрсеткіші бойынша әлемнің үздік бес спортшысының қатарына кірді.

Спорттық мансабын аяқтаған соң Роджер Федерер қайырымдылықпен айналысуға бел буды. Ол жыл сайын әлемнің әр нүктесінде балалар арасында теннистен жарыстар ұйымдастырып, олардың арасынан үздіктерін іріктейді. Жыл сайын осы жарыстан үздік шыққан 40 балаға кәсіби спортшы болу үшін қаржы құйып отыр.

Пікір қалдырыңыз