Алтын жауған күн болды

Ерболат АЙНАБЕКОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Ел қоржынына алғашқы алтын жүлдені 67 келіде өнер көрсеткен түркістандық боксшы Төрехан Сабырхан салды. Ол жарыстың алғашқы айналымында жарыс иесімен жұдырықтасуы керек еді. Алайда, черногориялық боксшы рингке шығудан бас тартты. Төрехан екінші айналымда ауғанстандық боксшыны, одан кейін өзбекстандық қарсыласын, жартылай финалда қытайлық боксшыны айқын басымдықпен жеңді. Ақтық сында Куба үміт артқан Дэвид Эспиносаны қапы қалдырып, жастар арасында әлем чемпионы атанды. Одан бөлек турнирдің «Ең үздік боксшысы» атағын иеленді.

Төрехан Сабырханнан кейін рингке көтерілген Санжар-Әлі Бегалиев те (75 келі салмақ дәрежесі) өзбекстандық қарсыласы Жафарбек Шахбазовқа еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Ол жартылай финалда әскерилер арасында әлем чемпионы польшалық былғары қолғап шеберін жеңген болатын. 
Қыздар арасында 81 келіде ел намысын қорғаған Аружан Зейноллаева да алтыннан алқа тақты. Ол алғашқы айналымда Ресей боксшысын, жартылай финалда Польша боксшысын жеңсе, ақтық сында Өзбекстан боксшысы Рухшона Парпиеваны тізе бүктірді. Айта кетейік, Аружан осы қарсыласымен төрт рет кездесіп, төртеуінде де жеңіске жеткен.
Будвадағы финалдық бәсекелер екі күнге созылды. Екінші күні ел қоржынына алғашқы алтын жүлдені қыздар арасында 50 келіде бақ сынаған Елянұр Тұрғанова салды. Ол финалда бейтарап мемлекет атынан қатысқан Карла Пиктің осал тұсын тапты. Елянұр оған дейін Түркия боксшысын бірінші раунта техникалық нокаутпен, одан кейін Өзбекстандық қарсыласынан, жартылай финалда Грекия аруынан басым түскен еді.
Ерлер арасында 51 келіде ел намысын қорғаған Бексұлтан Боранбек Молдова, Ресей, Иран, Колумбия боксшыларын жеңіп, әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ, 71 келіде бақ сынаған отандасымыз Өнер Сейілханды да тоқтататын боксшы табылмады. Ол өз салмағында Беларусь, Пәкстан, Албания, Өзбекстан мен Ресейден келген қарсыластарының бәрін айқын басымдықпен жеңді.
Әлем біріншілігінде топ жарған боксшыларымыздан бөлек 11 отандасымыз ел қоржынына күміс және қола жүлделер салды. Олардың арасында түркістандық боксшылар да бар. Атап айтсақ, қыздар арасында 52 келіде Бағжан Отынбай, 63 келіде Аружан Жаңабаева, 75 келіде Шұғыла Нәлібай қола жүлде еншіледі.
Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте топ жарса, екінші орынды Өзбекстан, үшінші орынды Ресей құрамасы иеленді. Жалпы, Қазақстан жастар құрамасы бұған дейінгі әлем чемпионаттарында екеуден артық алтын медаль алған емес. Жастар құрамасы әлем чемпионаттары тарихындағы рекордын жаңартып, алғаш рет жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.

Пікір қалдырыңыз