Әлеуметтік бастамалардың өңір дамуына ықпалы зор

ҚР Вице-премьері Тамара Дүйсенова Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, Президенттің Жолдауында жарияланған әлеуметтік бастамалардың орындалу жолдарын зерделеді. Жұмыс сапарында өңірде Жолдаудағы тапсырмаларды жүзеге асыруға қажетті жағдайлардың жасалғанын атап өтті.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды білім саласын жақсарту бағытындағы жұмыстарды баяндады.
Облыста 5 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Бұл мәселені «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы шешу жоспарлануда. Жаңа мектептің құрылысы Түркістан қаласындағы «Жаңа қала» шағынауданында жүргізіліп жатыр. Мұнда тұрғын үй құрылысын белсенді жүргізу мектептерге жүктемені арттыруда. Жаңа мектептің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. 2000 орынды нысан қазан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Тамара Дүйсенова оқушылар үшін білім нысанын аралап, оқушыларға жасалатын жағдайлармен танысты. Білім ұясы оқу кабинеттері, спорт залдары мен асхана, сондай-ақ, қауіпсіздік жүйесімен, турникеттер мен бейнебақылау камераларымен қамтылған.
Президент өз Жолдауында келесі жылдан бастап «Әлеуметтік әмиян» механизмін енгізуді тапсырды. Облыста мектеп оқушыларын тегін тамақтандыруды қамтамасыз ету үшін осы жобаны қолдану бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, мектепке дейінгі білім беру үшін ваучерлік қаржыландыру жобасы ұсынылды. Бұл жағдайда ата-аналар балаларын балабақшаға емес, жергілікті бюджеттен бөлінген ваучерлерге кезекке тіркейді. Еркін орын таңдау арқылы «ақша – қызмет алушыға» принципі жүзеге асырылады.
Сапар барысында Тамара Дүйсенова Шәуілдір ауылындағы Ө.Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернатының жұмысымен танысты. Мұнда «Жұмысшы мамандықтар» көрмесі ұйымдастырылды. Онда 12 колледжде өндірілетін өнімдер көрсетілді, оның ішінде балық өнімдері, ветеринарлық техника, роботтар және металл өңдеу бар.
Сапар аясында облыста білім сапасын арттыру мәселелері бойынша кеңес өтті. Мәжілісті облыс әкімі Дархан Сатыбалды жүргізіп отырды.
Кеңеске мектеп директорлары мен колледж басшылары қатысты. Өңірде Президенттің тапсырмаларын орындау шеңберінде мектептермен кешенді жұмыс жүргізілуде. Халықаралық және ішкі зерттеулер нәтижелері бойынша білім беру нысандары 3 санатқа бөлінді. Әр санат үшін KPI анықталды. Түркістан облысында 280-нен астам мектеп «Мақсатты мектептер» ретінде белгіленді. Олар министрлік жанындағы институттардан әдістемелік көмек алады. Бұл мектептердің мұғалімдерін үш деңгейлі оқыту қарастырылған.
Президент өз Жолдауында техникалық және кәсіби білім беру саласын трансформациялау міндетін қойды. Кеңесте осы бағытта қабылданатын шаралар туралы айтылды. Мысалы, жан басына қаржыландыру нормативі қайта қаралып, базалық және ынталандырушы бөлікке бөлінеді. Халықаралық стандарттарды енгізген және түлектерін жоғары жалақы төленетін жұмыс орындарына орналастырған колледждер жоғары қаржылай қолдау ала алады. Мұндай оқу орындарының мысалы ретінде Талдықорған қаласындағы политехникалық колледжін атауға болады. Ол білім ұясы NCCER стандарттарын енгізу тәжірибесімен бөлісуге дайын.
«Баланы балабақшадан бастап, колледжге дейін жан-жақты дамыту керек. Бұл – біздің негізгі міндетіміз. Балабақшалар мен бастауыш сыныптардағы бағдарламаларды синхрондау, жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру, оқу барысында салалық стандарттарды енгізу және басқа да шаралар балалардың тұлғасын дамытуға бағытталған. Колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие болуы керек» деп атап өтті вице-премьер.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласында бірқатар міндет қойды. Жыл соңына дейін міндетті медициналық сақтандыру жүйесін цифрландыруды аяқтау, ал, келесі жылдың соңына дейін бірыңғай ұлттық ақпараттық жүйені енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Түркістан облысының бірқатар ұйым басшыларымен өткен кеңесте айтты.
Өңірге жұмыс сапары барысында Тамара Дүйсен-оваға дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесі көрсетілді. Дәрі-дәрмектер қозғалысы елге әкелінген және өндірілген сәттен бастап пациент немесе сатып алушы дәріханалар арқылы алғанға дейін нақты уақыт режимінде бақыланады. Аталған тізбектегі қоймалардың бірі Түркістан қаласында орналасқан. Айта кетейік, жүйе енгізілгелі бері мұнда 13 түрлі отандық дәрі-дәрмектің 1,5 мыңнан астам қаптамасы қабылданған. Осы жерден олар облыстың емдеу мекемелеріне жіберіледі. Қазығұрт аудандық орталық ауруханасында препараттарды стационарда қабылдау және пайдалану процесі көрсетілді.
Вице-премьер емдеу мекемесінің жұмысымен танысып, емделушілермен әңгімелесті.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылып келеді. Бағдарлама аясында Түркістан облысында 49 МСАК нысанының құрылысы қарастырылған. Олардың бірі Махамбет Өтемісов ауылында тұрғызылып, тек айналасын абаттандыру жұмыстары қалған.
Жұмыс сапары аясында вице-премьердің төрағалығымен өңірде денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөнінде кеңес өтті. Оған жауапты министрліктің, міндетті медициналық сақтандыру қорының өкілдері, облыстың медициналық ұйымдарының басшылары қатысты.
«Медицина аурудың алдын алу үшін жұмыс істеуі керек. Яғни бізге сапалы және уақтылы диагностика қажет. Емхана дәрігерлері атқарар жұмыс көп. Емдеу мекемесіне бекітілген азаматтарды өзектендіру қажет. Сонымен қатар жүйеге сақтандырылмаған адамдарды тарту маңызды. Бұл шаралар Мемлекет басшысы қойған міндеттерді сапалы орындауға мүмкіндік береді» деді Тамара Дүйсенова.
Жуырда Президент халыққа Жолдауында ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасына оң баға берді. Жеңілдетілген несиенің артықшылығын Түркістан облысының ауыл тұрғындары да көрді. Солардың бірі, Сауран ауданы, Оранғай ауылынан Бабыр Насыров дәнекерлеу және жиһаз цехын ашқан. Осы мақсатта ол 5 млн. теңге көлемінде несие алды. Сатып алынған жабдықтың көмегімен ол құрылыс үшін металл конструкциялар, жиһаз жасайды.
Ауылдың тағы бір тұрғыны Бахадир Израилов жоба арқылы ауласында мал бордақылау алаңын ұйымдастырды. Жергілікті кооператив мүшелеріне мал азығы төмендетілген бағамен беріледі. Қазығұрт ауданы, Айнатас ауылында ауыл тұрғындарының өнім көрмесі ұйымдастырылды. Негізгі назар өнімді қайта өңдеуге аударылды. «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарына өз ісін түрлі бағытта ашуға мүмкіндік берді. Біреуі жартылай фабрикаттар, екіншісі ұлттық киімдер мен ат әбзелдерін шығарады. Түйеқұс жұмыртқаларын сатумен айналысқандар да бар.
Қалдықтарды қайта өңдеушілердің жұмысына ерекше назар аударды. Мысалы, Амантай Аңдасов пластикалық қалдықтардан түрлі тұрмыстық керек-жарақтар жасайды. Тағы бір тұрғын қағаз қоқыстан лотоктар өндіруді жолға қойса, тағы бір қатысушы ағаш қалдықтарынан көмір өндіріп жүр. Вице-премьер жобаларға жоғары баға беріп, бұл «Таза Қазақстан» бағдарламасының жақсы жалғасы болуы мүмкін екенін атап өтті.
Бизнес бастауға берілген өтеусіз гранттар да оң нәтижеге жетелейді. Мысалы, Есбол Ерден биыл станокқа қол жеткізіп, ол үшін шамамен 1,5 млн. теңге алған. Металдан түрлі заттар жасап, ою-өрнегі бар қақпалар дайындайды. Ол өндірісте ұлттық стилді қолданғанды жөн көреді.
Өңірге сапар аясында Тамара Дүйсенова ауылдық округ әкімдерімен кеңес өткізді. Онда ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру шаралары талқыланды.
Дағдарыстық және шұғыл санаттағы отбасылармен жұмыс істеу үшін мемлекеттік қолдаудың неғұрлым оңтайлы шаралары пайдаланылуы тиіс. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды «Бір ауыл – бір өнім» тәсілін енгізу жоспары туралы баяндады. Оның мәні – жергілікті шикізаттан жоғары құнды өнім өндіру. Вице-премьер бұл бастамаға оң баға берді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында тауарлық несиені пайдалануға назар аударды. Тамара Дүйсенова әкімдерді осы құралдарды белсенді пайдалануға шақырды.