Жұмбақ аралдағы жабайы адамдар

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ,

«Оңтүстік Қазақстан».


Жаңа Гвинеяның орталық тұсы жер шарының әсем де көркем бұрыштарының бірі болғанына қарамастан, ол жерге өркениет әлі жете қоймаған. Мұндағы адамдар табиғатқа тәуелді, яғни өз наным-сенімдері арқылы өмір сүреді.

Олар миссионерлердің көп жылдар жұмыс істеуінің нәтижесінде ағылшын тілінде сөйлей алады. Соған қарамастан елдің орталығындағы үнемі көшіп-қонып жүретін тайпалар өмірі тас ғасыры дәуірінде қалған. Әр ағашқа ат қойып, өлгендерінің мәйітін тал басына жапыраққа орап сақтайды. Олар ақша немесе төлқұжат дегенді білмейді. Бұл тайпалардың халқы еуропалықтар шыдай алмайтын ыстық, ит тұмсығы батпайтын қалың жынысты джунглиде өмір сүреді. Әр тайпа өз алдына бөлек өмір сүретіндіктен бір-бірінің тілдерін түсінбейді.

Бұл экзотикалық континентке ақ нәсілділер арасынан ең бірінші болып орыс саяхатшысы Миклухо-Маклай барған. 1871 жылдың қыркүйегінде Жаңа Гвинея жағалауына түскен ол өзін мүлдем зиянсыз адам ретінде көрсету үшін қолына қару алудың орнына сыйлықтар мен жазу блокнотын алып, папуастардың арасына барады. Жергілікті тұрғындар оны қорқынышпен қарсы алып, садақпен атып, айқайлап, маңайларына жуытпапты. Ал, орыс саяхатшысы олардың бұл көрсеткен қылықтарына мән бермей, шөп үстіне отырып, асықпай аяқ киімін шешіп, сосын жатып ұйықтауға кіріседі. Оянғанда ол папуастардың жайбарақат қасында отырғанын көреді. Жергілікті аборигендер мына ақ адамды өлмейтін адам деп қабылдайды. Сонымен, Миклухо-Маклай папуастар арасында бірнеше ай тұрады. Осы аралықта папуастардың оған сенім артқаны сонша, Миклухо-Маклайға құрметпен қарайды. Орталарына келген жұмбақ адам табиғаттың құбылыстарын өзгерте алатын күшке ие деп түсінеді. Олардың сондай сенімде болатынының бір себебі Миклухо-Маклай жергілікті тайпа адамдарының алдында ыдысқа спирт қосылған су құйып, оны жағып, фокус көрсетіпті. Содан бастап «жабайылар» оны Таморус «орыс адамы» немесе Караан-тамо «Айдан келген адам» деп атап, теңізді жағып, жауынды тоқтата алатын күшке ие деп санаған. 

Жаңа Гвинея папуастары адам басы рухани физикалық күштің орналасатын орны деп бағалайды. Сондықтан болар, олар жауларымен шайқасқа түскенде алдымен басын алуға ұмтылады. Канибализм – папуастардың түсінігі де қызық. Олар адам етін жеу арқылы өлген адамның ақылы мен күшін өздеріне сіңіріп алуға болады деп сенеді. Ал, медицина қызметкерлері бұл «салттың» зиянды екенін айтудай-ақ айтып келеді. Олардың айтуларына қарағанда адам етін жеушілер арасында куру деген ауру тарайды. Куру дегеніміз – құтыру ауруы. 

Бұл қауіпті ауру 1950 жылы Жаңа Гвинеядағы өлгендердің миын жейтін бір тайпадан анықталған. Алдымен ауру буындар мен бастан басталып, келе-келе адамды ақылынан алжастырып, қолдары мен аяқтары дірілдеп, өздерінен өздері күлегеш болып кетеді. Ол адам ағзасында 35 жылға дейін жабық күйінде кездеседі. Ақырында адам езуінен күлкі ұйып, жан тапсыратын көрінеді. 

Пікір қалдырыңыз