Ардагерлер жас ұрпаққа жақсылық тілейді

Жақында Шымкент қаласында Семей полигонының жабылғанына 33 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. Атаулы күнді еске алуға арналған іс-шараға Семей полигонынан бөлек Ауған, Таулы Қарабақ, тәжік-ауған қарулы қақтығыстарына және Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан ардагерлер, жергілікті әскери бөлімнің  сарбаздары қатысты.

Іс-шара барысында Семей ядролық сынақ алаңында қызмет атқарған ардагерлер Жеңіс саябағында  бас қосып, генерал-майор Сабыр Рақымовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Сонымен қатар, аға буын өкілдері кезек-кезек сөз алып, сол бір қиын-қыстау кездерді еске алды.
Ардагер Серікбай Оңбаев сол зұлмат жылдары әскери борышын өтеген солдаттардың бүгінде аға буын жасына жетіп қалғанын айта келіп, келер күндеріміздің жарқын болуына, еліміздің тыныштықта, бейбітшілікте күн кешуіне, халқымыздың амандықта өмір сүруіне тілектестігін білдірді.  
Ал, Шымкент қалалық  «Семей полигоны» ҚБ төрағасы Қалжан Дауылбаев «ҚР  тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Семей сынақ полигоны жабылды. Оған биыл 33 жыл толды. Полигоннан зардап шеккендер аз емес. Осы даталы  күнді жыл сайын атап өтеміз. Жалпы, 11 бірлестіктің өкілдерімен, түрлі сынақтардың, апаттардың салдарын жоюға қатысқан ардагерлермен бірлесіп, бір бағытта өскелең ұрпақ тәрбиелеуге атсалысудамыз» дей келіп, келешек ұрпаққа жарқын өмір тіледі. Іс-шара барысында  патриоттық әндер шырқалып, бірқатар  ардагерлерге  алғыс хаттар  табыс етілді.
Айта кетейік, Семей ядролық полигоны 1947 жылы  21 тамыздан жұмыс істей бастаған. Ал, ең алғашқы атом бомбасының сынағы 1949 жылдың 29 тамызында өтті. Жалпы сынақ алаңы жұмыс  істеген 40 жылдың ішінде аумағы 18,5 мың шаршы метрді құрайтын алаңда 456 рет жарылыс жасалып, одан миллионға  жуық  адам зардап шеккен. 

А.Мустафина.
Пікір қалдырыңыз