Он баласы бар үйдің...

Ерлан Қуандық,
«Оңтүстік Қазақстан».
Кеңес дәуірінде қазақ отбасыларында алты-жеті баланың болуы қалыпты жағдай көрінетін. Оған ешкім таңырқай қоймайтын. Сол заманда Батыр ана деп дүниеге он бала әкелген аналарды айтатын. Бір үйде он, кейде одан да көп, тіпті он беске дейін бала болатын. Алтын құрсақты осындай аналар әр ауылда әрбір үш-төрт үй сайын кезігетін. Және ондай аналардың денсаулығы да жаман болмайтын. Қандай ауыр бейнетке де төзімді келетін.
Мақала авторы – өзім де балалық шақта дүниеге он бала әкелген аналарды жиі көріп өстім. Сол дәуірде ондай алтын құрсақты аналар Арыс қаласының бір ғана «Стадион» көшесінің өзінде аз кездеспейтін. Біз тұрған жерден бес-алты үй ары тұратын Төлбасы Қуатовтың шаңырағы да «балалы үй – базар» қатарында еді. Үлкен әулетте 14 бала өмірге келді. Сол үйдің өзіммен қатар балаларымен ауылда бірге ойнап, бірге өстік. Отағасы Төлбасы атамыздың «ИЖ-49» маркалы мотоциклі болды. Бізге сол көлік көненің көзіндей, сирек дүние – антиквариат болып көрінетін. Олардан өзге он бала туған аналар да, онға жетер-жетпес баласы барлар да көп болды төңіректе. Мүтәлиевтер, Медетбековтер, Омарбековтер де оншақты баласы бар үйлердің санатына жататын...
Бүгінгі көрініс басқа. Қазір төрт баласы бар отбасы көп балалы отбасылар санатына кіреді. Алты балалы ана күміс, жеті балалы ана алтын алқа алады. Әрине, он бала туғандар да жоқ емес. Тіпті, одан да көп сәбиді дүниеге әкелген аналар да бар. Мәселен, Ордабасы ауданының Шұбар ауылында тұратын Нұрбол Көбеновтің жары Жанар Әлжан 12 бала туған алтын құрсақты ана. Он екінші сәбиін қырық жасында өмірге әкелген. Колледж бітіріп, мейірбике мамандығын алған жиырма үш жастағы үлкен қызы Нұрайым тұрмыста, қазір бір бөпесі бар. Он сегізге толған Нұрдәулет күзде әскерге аттанбақ. Ернұр мен Ақнұр Шұбардағы колледжде оқып жүр. Бірі бағдарламашы, екіншісі дәнекерлеуші мамандығын оқып жатыр.
Биыл Күнсұлу қыз 8-ші, Сымбат 7-ші, Зере 6-шы, Мейіржан 5-ші, Қазына 2-ші, Аппақ 1-ші сыныпқа барады. Барлығы да ауылдағы Д.Қонаев атындағы мектепте оқиды. Нұргүл қызы үштен, Аққуназ екі жастан асты. Отағасы Нұрбол Мәлікзатұлы биыл 48 жасқа толады. «Opel vektra» маркалы ескі автокөлігі бар. Шұбардан Темірланға жолаушы тасып, бала-шағасын асырап отыр. Он екі бала туған Жанар Әбсаматқызы Бәйдібек ауданындағы Жолғабас ауылының қызы. Шұбарға қыдырып келіп, қазіргі күйеуімен танысады. Жиырма төрт жасында тұрмыс құрады.
Жанардың өзі де 8 балалы отбасыдан шыққан. Қазір анасынан озып отыр. «Сіздің балаларыңыздың арасы бір жас, бір жарым жас. Он екі балалы болу, оны тоғыз ай көтеру, туу, бағып-қағу, тәрбиелеп өсіру қиынның-қиыны болар?» деген сауалымызға сабырлы үн қатты.
«Ерім де, өзім де баланы жақсы көреміз. Әрине, денсаулық көтерген соң тудым. Құдайға шүкір, барлығының денсаулығым жақсы. Тек Зере қыздың жүрегіндегі сырқаты болмаса... Емдетіп жатырмыз. Бұрын ата-енеммен қара шаңырақта бірге тұрдық, кейін пәтер жалдап бөлек шықтық. Әкімдік баспана береміз деді. Ертерек жеке үйіміз болса екен» деген арманын жеткізді.
Балаларының әзірден-ақ өнерге ұмтылысы бар. Зере сурет салуға, Мейіржан қолөнерге жақын. Ал, Сымбат домбыра үйірмесіне қатысса, Күнсұлу биге әуес. Анасы балаларын сөзбен демеп, үнемі қолдап отырады. Тек қажет кезінде киімдерін сатып алып беруге қиналатынын айтады. Тозығы жеткен жалдамалы ескі үйде тұратындығы еңсесін түсіреді. Көп балалы аналарға мемлекеттен берілетін қаржы да күнкөріске жетпейді дейді. «Алтын алқаны» қосқанда балаларға 175 мың теңге аламын» деді он екі баланың анасы.
«Күнкөріске жетпейді» дейді. Жуырда үш баласына мектеп киімін тегін алған. Үш баласы киімсіз қалыпты. Дәл осы отбасының сыртқы көмекке мұқтаждығы байқалып тұр. Ауылдастары он екі бала туған Жанарға Батыр ана ретінде қараудан гөрі, «мынадай заманда осынша бала туғаны несі?!.» деп таңырқай қарайтындай... Ордабасы ауданының орталығы Темірланда 10 балалы Шолпан Кенжебай, ал, осы ауданның Қараспан ауылында 12 бала туған Роза Бейсенбі есімді Батыр аналар тұрады. Мұндай мысалдар басқа да аудан-қалаларда жетерлік, әрине. Мәселен, Арыстың Ақдала ауылындағы 43 жастағы Перизат Батырбекова дүниеге он бала әкелген. Байырқұмда тұратын Рыскүл Қуанова да он құрсақ көтерген ана. Бұрындары мұндай мысалдар ауылдың әр көшесінен табылса, қазір бір ауданның өзінде санаулы ғана.
Кеңес дәуірі мен қазіргі тәуелсіздік жылдарын салыстыру үшін біз негізінен 40 жасында 10 балалы болғандарды ғана мысалға алдық. Жалпы, Түркістан облысы елімізде туу көрсеткіші бойынша бірінші орында. Бүгінде өңірде 183 мыңнан астам көп балалы ана бар болса, олардың 60 мыңнан астамы «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлер і. Ал, ең рекорд саналатын 24 баланы дүниеге әкелген Жетісайдың Қараөзек ауылындағы 76 жастағы Батыр ана жайлы да былтыр баспасөз беттерінде көп жазылды. Бірақ бұл кісі алдыңғы толқынға, кеңес дәуіріне жатады. Өкінішке қарай, өмірдің түрлі кезеңдерінде 12 баласы өмірден өткенін, «Батыр ана» медалін 1979 жылы 17-ші перзентін дүниеге әкелгенде алғанын айтқан.
Әлемдегі жаппай жаһандану процесі біздің еліміздің де әлеуметтік-саяси, мәдени ахуалына өз ықпалын тигізеді. Қазіргі технология дамыған, ақпараты теңіздей тасыған, аумалы-төкпелі заманда ұлттық құндылықтар да өзгеруде. Отбасыдағы әкенің қадір-қасиеті, ықпалы, несін жасырамыз бұрынғыдай емес. Барлық қарым-қатынас материалдық құндылыққа келіп тірелді. Гендерлік саясат бар салаға орныға бастады. Феминизм деген пайда болды. Бұларды аз десеңіз, бір жынысты некеге үгіттейтін ұйымдардың жұмысы жанданып, ел арасындағы насихаты бірте-бірте күшейе түсті. Бүгінде «Ұят» деген түсінік басқаша сипат алып, қиыс кетіп барады. Ақ пен қара, жақсы мен жаман, үлкен мен кіші, ер мен әйел, батыр мен қорқақ туралы түсініктердің мәні, салмақ-дәрежесі, сипаты, бағалауы, өңі өзгерді. Еуропа елдерінің де «салқыны» тие бастады. Бұл түптеп келгенде бала тууға да, оның тәрбиесіне де әсер етті.
Қазір аналардың денсаулығы нашарлады деген сөз жиі айтылады. Көп мамандар оның себебін тамақтану реті бұзылып, бұрынғы азық-түліктің құнары кетіп, табиғи өнім азайып, химиялық қоспасы бар азық тұтынудың жиілегенінен іздейді. Жастардың үйлене сала, ажырасуының көбейіп бара жатуына да осы себеп дегенді алға тартады.
Статистикаға сүйенсек, елімізде бедеулікке шалдыққан 20 мың жұп бар. Оның 12 мыңы консерватив және операциялық емге зәру. Ал, 8 мыңы экстракорпоралды ұрықтандыруға мұқтаж. Астаналық уролог-андролог Ерқанат Бекмұратовтың айтуынша, ерлер арасында белсіздік белең алған. Көп жағдайда ерлер ұрпақ сүйе алмауын әйелінен көріп, өз денсаулығынан кінәрат іздемейді. Өйткені, көп ер адам әйелімен жыныстық қарым-қатынасы тұрақты болғандықтан, өзін сау санайды. Ал, Е.Бекмұратов ұрықтың сапасының төмендігінен отбасылар бала сүйе алмауы мүмкін» дейді.
Елде бала туымының азайғанын осы көп балалы аналардың өздерінен сұрап көрдік.
P.S. Қалай десек те, он бала туғандарды мына заманның батыры десек, жарасады. Мұндай аналар қазір бұрынғыдай көп те емес. Сондықтан қандай құрметке де лайық. Оларға жәрдемақысын өсіріп, баспананы кезексіз әрі тегін берсе одан мемлекеттің қазынасы ортайып қалмас еді. Әншейінде «ана – әлемдегі ең ардақты да, аяулы жан» деп жатамыз. Дүниеге он сәби әкелген алтын құрсақты аналарымыздың қоғамдық орындарда өзінің сыйлы, ерекше құрметті екенін сезініп жүргені бір отбасының ғана емес, тұттас елдің бүтін мемлекеттің абыройы емес пе?!.