Ұлттық құндылықтар ұлықталды

Әтіргүл ТӘШІМ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Түркістандағы Конгресс холл кешенінде «Мерейлі отбасы – 2024» ұлттық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды. Оған облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналған іс-шараның тәрбиелік мәні мен маңызына тоқталды.
– Отбасы – қоғамның іргетасы һәм ажырамас бөлігі. Адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде есігін айқара ашып енетін ортасы, өсіп-өнетін қасиетті алтын бесігі. Елімізде отбасыдағы тәлім-тәрбиеге байланысты салт-дәстүрлерімізді насихаттау мақсатында көптеген игі шаралар ұйымдастырылуда. Соның ішінде 11 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының орны ерекше. Оның жастар мен жас отбасыларға берері мол, – деді Ертай Алтаев.
Мұнан кейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов сөз алып, қазақ халқы үшін отбасының қасиетті ұғым, қастерлі құндылық екенін жеткізді.
– Адам баласына берілетін тәрбиенің негізі отбасыда қалыптасады. 58 немере, 66 шөбере, 2 шөпшек сүйген саялы бәйтеректей отағасы ортамызда отыр. Бір отбасынан 130 ұрпақ өрбігенін көріп марқайып қалдық. Экономиканың дамуы демографиялық өсімге де байланысты. Жер көлемі бойынша әлемде 9-орынды иеленетін мемлекет үшін 20 миллион тұрғын да аздық қылады. Біз әлі де өсіп-өнуіміз керек. Сондықтан, әр кез жастарға шаңырақ көтеріп, ұрпақ өрбітіп, өсіп-өніңдер деймін, – деді Жеңісбек Мәуленқұлов.
Салтанатты жиында жеңімпаздарға сый-құрмет көрсетілді. Атап айтар болсақ, конкурс қорытындысы бойынша І орынды Меңлібаевтар отбасы (Сарыағаш ауданы) жеңіп алды. Отағасы Есіркеп Үсенбайұлы ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қазір зейнеткерлік демалыста. Жұбайы Орынкүл Меңлібаева – «Алтын алқа» иегері, зейнеткер. Олар 3 ұл мен 4 қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде осы перзенттерінен 22 немере мен 11 шөбере сүйіп отырған бақытты ата- әже.
Ал, Бейсембаевтар отбасы (Сауран ауданы) мен Рысбековтер отбасы (Түркістан қаласы) ІІ орынды иеленді. Отағасы Бақытжан Бейсембаев медиаторлардың «Бітімгер» ҚБ басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Ішкі істер органында 31 жыл қызмет атқарған полиция подполковнигі, қазіргі таңда зейнеткерлік демалыста. Жұбайы екеуі 3 қызды дүниеге әкеліп, бүгінде 6 немеренің ардақты ата-әжесі болып отыр.
Отағасы Қыдырәлі Рысбеков – 70 жаста. Түркістан жоғары көпсалалы медицина колледжінің директоры, Түркістан қалалық «Ақсақалдар мен Билер алқасы» ҚБ төрағасы. Отбасыда 3 ұл мен 1 қызды тәрбиелеп өсіріп, 9 немере сүйіп отырған қария.
ІІІ орын Оразбек Аманбайұлы (Отырар ауданы) мен Нұрсұлу Мылтықбаеваға (Түлкібас ауданы) бұйырды. Оразбек Аманбайұлы – 82 жаста, зейнеткер. Ол 40 жылға жуық шопан болған. Жұбайы Жақсыгүл апамен 7 ұл мен 1 қызды дүниеге әкеліп, 58 немере, 66 шөбере, 2 шөпшек сүйді.
Нұрсұлу Мылтықбаева – 85 жаста, зейнеткер, «Алтын алқа» иегері. 6 ұл мен 4 қызды өмірге әкеліп, олардан 21 немере мен 12 шөбере көріп отыр.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының «қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету бөлімінің басшысы Гүлнұр Қыпшақбаеваның мәлімдеуінше, конкурсқа қатысуға 131 отбасы өтінім берген. Аудан, қалалық деңгейде ұйымдастырылған байқауда 30 отбасы жеңімпаз атанса, облыстық кезеңде отбасыдағы жарасымдылық пен ұрпақтар сабақтастығының қайталанбас үлгісін көрсеткен 5 отбасы үздік деп танылды. І орынға – 1 миллион теңге, ІІ орын иегерлеріне – 350 мың теңге, ІІІ орын алған 2 отбасыға 250 мың теңге көлемінде қаржылай сый-сияпат тапсырылды.
Есіркеп Меңлібаев, І орын иегері:
– Сарыағаш ауданы, Жылға ауылында туып-өсіп, мектеп бітірген соң әскерге бардым. 1971 жылы әскерден келген соң үйлендім. Кеңшарда қарапайым жұмысшы болып еңбек жолымды бастап, механик, кейіннен ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, бас агроном болдым, кеңшардың директорлығына дейін көтерілдім. Алланың берген 10 перзентінің бүгінде 7-еуі тірі. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, олардан 22 немере сүйіп отырмыз. Балалардың барлығы өз кәсібін жүргізіп, тіршіліктерін жасап жүр. Әзірге жаман атын естігеніміз жоқ, барлығы өз ісінің маманы, адал еңбекпен, айналаға құрметпен өмір сүріп жатқан жайы бар. Шаруашылықтарында ұл-қыздарымыз өз перзенттерімен ынтымақ қылып еңбек етуде. Балаларды еңбекке баулып, барынша жақсы азамат етіп тәрбиелеуде отанасының қосқан үлесі зор. Біздің отбасы қандай жетістікке жетіп, мерейіміз өсіп жатса, ол ынтымақтың, отбасыдағы (әсіресе, анасының) тәрбиенің, береке-бірліктің арқасында деп білемін.