Ұлттық спорт түрлерін ұлықтады
«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі Түркістан қаласының мәдениет күндерімен жалғасын тапты. Іс-шара этноауыл аумағында ақ кимешек киген әжелер тобының концертімен басталды. Мұнан кейін қала тұрғындары мен қонақтары «Яссы» халықтық этнофольклорлық ансамблі мен «Яссы» би ансамблінің өнерін тамашалады. Өңірдің қылқалам шеберлері мен суретшілері де өздерінің туындыларын көпшілік назарына ұсынды.
Әжелер сырмақ, түскиіз дайындаудың қыр-сырын көрсетіп, ұршық иіріп, тоқыма тоқып, құрақ құрады. Қала тұрғындары мен қонақтары арқан тарту, асық ату, ләңгі тебу, қошқар көтеру, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық спорт түрлерінен сайысқа түсіп, мәдени іс-шараның көркін кіргізді. Түркістан қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев жарысқа қатысушыларға алғысын айтып, жеңімпаздарды марапаттады.
Сондай-ақ, Түркістан халық театры «Саф алтын арыстар» атты театрландырылған қойылым қойды. Мәдени іс-шара «Керуен Сарай» туристік кешенінде эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертке ұласты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.