Тың идеяларың толастамасын, «Ернұр»!

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Оңтүстік Қазақстан».


Таяу күндері өзінің отыз жылдық мерейтойын атап өткелі отырған «ERNUR» корпорациясының еңбектегі, бизнестегі жетістіктерін басқа кәсіпкерлерге үлгі етуге әбден болады. Бір кездері газет-журнал сатумен басталған бизнес бертін келе 500-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін іргелі кәсіпорынға айналады деп ол кезде кім ойлаған?! Иә, бәрі де адал еңбек, алғаусыз әрекеттің арқасы десек асыра айтқандық емес. Бір қарағанда 30 жыл анау айтқандай көп уақыт та емес. Бірақ, әр күні қарбалас жұмыспен, әр айы тың жобаларды жүзеге асырумен, әр жылы толағай табыстарды еңсерумен өткен осынау жылдардан өрісті өнегенің сілемі аңғарылады. 

Бала бизнесмен қалай дара бизнесменге айналды?

Тоқсаныншы жылдардың тоқырауы көптеген саланың аяғына тұсау салып, кәсіпорындар бірінен соң бірі жабылып жатты. Бірақ, өндіріс орындары жұмысын тоқтатқанымен, тіршілік атаулыға тоқтам бола ма, адамдар күнкөріс үшін қап арқалап базарға шығып, қоғамның қажетіне жұмыс істей бастады. Сол жылдары мерзімді басылымдар да кешігіп, оны жеткізіп беру жұмысынан да береке қашқан.  Осы бір олқылықтың орнын толтыру үшін сол кезде жасы жиырмадан енді асқан балаң жігіт Ерлан Нұрмаханов қолына сөмке алып, Алматыдан шығатын басылымдарды пойызбен алдырып, өз оқырмандарына жеткізіп беріп жүрді. Күн өткен сайын бала бизнесменнің тауарына сұраныс артып, енді ол орталыққа жақын жерден бір дүңгіршек ашуды жөн көреді. Шымкент қаласы, А.Байтұрсынов көшесінің бойындағы маңдайында «Оңтүстік Полиграфия» деген жазуы бар төрт қабатты үйге газет оқырмандары жиі келетін болғандықтан, алғашқы дүңгіршекті сол маңға жақын жерден іздестірді. Онысы табыла кетті. Түнделетіп пойызбен келетін газет-журналдарды күтіп алып, оны ертеңіне таңалакеуімнен тұрып таратып, әбден шаршаған кезде өзінің «кең сарайдай боз үйінде» – темір дүңгіршектің ішінде бір мызғып алатын күндері де аз емес еді.

Алғашқы дүкен ашылғанда...

Осы адал еңбек арада бес-алты жыл өткенде Төлеби көшесінің бойынан үш бөлмелі пәтер сатып алуға мүмкіндік берді. Әрине, тіршілігі қыз-қыз қайнап жататын Қырғы базар маңындағы бұл пәтерді баспа өнімдерін сататын дүкенге айналдырғанда Ерлан Зайыпұлының жұмысы да жанданып жүре берді. Газет сатып жүріп байқағаны, ішінде телебағдарламасы бар басылымдарға сұраныс жоғары екен. Бірақ, 16-20 беттен тұратын газеттердің бағасы қымбат болғандықтан оны көп алып келу қиындық тудырады. Содан «АрнаТВ» деген алғашқы газетін небәрі төрт бетпен шығарып, 5 теңгеге сата бастайды. Жас кәсіпкердің бұл алғашқы жобасы өз-өзін толық ақтап, газет аз уақытта жүз мың тиражға жетіп жығылады. Жүз мың таралымы бар газеттің көп шығыны баспаханаға кететіні түсінікті, енді оны өзі баспахана ашып, сонда басуды ойластыра бастайды. Міне, осы идея түрткі болып арадан тағы төрт жыл өткенде, яғни 2002 жылы қазіргі Т.Әлімқұлов көшесіндегі «Ернұр принт» баспаханасының іргесі қаланады.

Шағын серіктестіктен баспа кластеріне дейінгі жол

Иә, тәуекелшіл кәсіпкерге анау-мынау қиыншылық кедергі келтіре алмайды. Бірақ, қанша жерден еңбекқор болғаныңызбен қасыңызда бизнес жобаңызды қолдап, қуаттап отыратын серіктестеріңіз болмаса, жұмыстың жүруі қиын. Осыны түсінген Ерлан Нұрмаханов ең алдымен өзінің айналасына еңбегі де, пиғылы да адал азаматтарды топтастыра бастады. Әр маманның қарым-қабілетіне қарай жұмыс беріп, оны ары қарай қалай жетілдіруге болатынын іздестіріп жүріп, көптеген жобаны жүзеге асыруды қолға алды. Қазір мұнда үш серіктестік қатар жұмыс істейді. «ERNUR-print»,  «ERNUR-press», «Медиа-холдинг ERNUR» деп аталатын үш серіктестіктің басын қосқан корпорацияда бүгінде 500-ге жуық адам еңбек етеді. Корпорация жанынан танымдық-тағлымдық бағыттағы, отбасы жарастығы мен ұлтымыздың салт-дәстүрін насихаттайтын он шақты газет пен үш журнал жарық көреді. Заман талабына сай ашылған «ERNUR KZ» ақпараттық порталы аз уақытта өз оқырмандарын қалыптастырып үлгерді. Таралым демекші, осы корпорацияның меншігіндегі отбасылық «Алтын босаға» газеті бір кездері 80 мыңнан астам данамен жарық көргенін де айта кетейік. Өз шығынының орнын өзі толтырып үйренген мекеме Шымкент қаласының өзінен көптеген газет-журнал сататын киоскілер ашып, мерзімді басылымдарды іздейтін оқырмандардың игілігі үшін жұмыс істеп отыр. Сондай-ақ, бұл мекеменің Түркістан облысының әр ауданында филиалдары бар. Осылайша серіктестік бүгінде үлкен баспа кластеріне айналған. Астана қаласынан «Медиа-холдинг ERNUR» атты еншілес кәсіпорны ашылды. Оған ең соңғы үлгідегі баспа қондырғысы орнатылған. Бүгінде елордадан таралатын республикалық басылымдар сол баспаханада басылуда. Сондай-ақ, Тараз қаласында корпорацияның Жамбыл облысында баспасөзге жазылу және газет-журналдарды тарату ісімен айналысатын филиалы жұмыс істейді.

Мемлекеттік қызметке осындай жігіттер керек!

Міне, осындай жетістіктерімен көзге түсіп жүрген корпорацияның негізін қалаған Ерлан Нұрмахановқа ел сенім артып, пилоттық жобамен Бәйдібек ауданының әкімі етіп сайлады. Әрине, іскер азаматтардың мүмкіндігін пайдаланып, бизнестен мемлекеттік қызметке апарып жатсақ, одан еліміздің ұтары да аз болмақ емес. Өйткені, жоқтан бар жасап осындай биіктерді бағындырған басшы қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ауданның әлеуетін де арттыра түсетіні сөзсіз. Осы ретте Ерекеңмен ұзақ жылдан бері қызметтес болып келген әріптестерінің де пікірлерін ортаға салғанды дұрыс көріп отырмыз. «Ерекең бастаған ісін аяғына жеткізбей тынбайды. Кезінде жұмысын аяғына жеткізу үшін тәулігіне 20 сағат жұмыс істеген кездері де болды. Тіпті, ол газет сататын темір дүңгіршекте де түнеп қалатын» дейді Ерланның бизнестегі әріптесі, «ERNUR-press» серіктестігінің басшысы Ержан Бектұрғанов. – Өзі газетті талғаммен оқиды. Сол оқығанынан ой қорытып, тың идеяларына бастама етіп жатады. Адал еңбегінің арқасында осындай жетістіктерге жетіп отырмыз».

Өсемін десең, осында кел!

Иә, бұл ұжымдағы ұйымшылдықтың негізінде мамандарды еңбегіне қарай бағалау, қабілетіне қарай көтермелеу жатыр. Осыдан 20 жыл бұрын бағдарламашы болып жұмысқа келген Сапарғали Ибрагимовтің іскерлігі мен ізденімпаздығын бағалағаны ғой, бүгінде оған іргелі корпорацияны басқару жауапкершілігі жүктеліп отыр. «Біздің ұжымда жайлы жұмыс ортасы қалыптасқандықтан мұнда ұзақ жылдардан бері тұрақты жұмыс істейтіндер көп. Тіпті, белгілі бір себептермен басқа жаққа ауысып кеткендер де кейіннен мекемемізге қайта оралып жатады. Өйткені, мұнда адал еңбек лайықты бағаланады. Бұған дейін мен екі мекемеде жұмыс істедім, жауапты басшылық қызметтер де атқардым. Орайы келіп 2003 жылы осында келдім. Содан бері осындағы әріптестеріммен бір үйдің баласындай жұмыс істеп келемін» дейді ол. 

Сапарғалидың айтуынша, корпорация соңғы бес-алты жылдан бері заман талабына сай ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналыса бастапты. Алдымен құс етін өндіруді қолға алса, енді ірі қара бордақылаумен айналысуды жоспарлап отыр. Мұның бәрі корпорацияның көптен бері жоспарлап жүрген жұмыстары екен.

Бағындырар белестері әлі алда 

Ұжымда ұзақ жылдан бері жұмыс істеп жүрген қызметкерлер аз емес. Солардың қатарында 21 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан басылымдарға жазылу бөлімінің басшысы Эльмира Кенжебаева, есеп-қисап бөліміндегі Ғалия Жұмағұлова, баспахана басшысы Әбілбай Алшынбеков, өндіріс бойынша бас механик Жандосбек Күмісбеков сияқты қызметкерлерді айтуға болады. Шығармашылық ортада жүрген соң қызметкерлер арасынан ақындығымен танылып, қаламгерлігімен көзге түсіп жүргендер де бар. Корпорацияның Жетісай ауданындағы филиалына жетекшілік ететін Асылхан Әлиевтің топтама өлеңдері аудандық, облыстық газеттерге жиі жарияланып тұрады. Сондай-ақ, алғашқы еңбек жолын осы ұжымда бастап, бүгінде түрлі үлкен қызметтерде жүрген жастар да жеткілікті.   

Иә, бес жүзге жуық жұмысшысы бар корпорацияны іргелі ұжым деуге толық негіз бар. Саннан сапа туатынын ескерсек, осынша адамның ізденісі мен адал еңбегі әлі талай белестерді бағындыратыны анық. Отыз жылдық белесті осындай жетістіктермен бағындырып, былайғы елге үлгі болып отырған ұжымға біз де өз тарапымыздан толағай табыстар тілейміз. Тың идеяларыңыз толастамасын, әріптестер!   

Пікір қалдырыңыз