Тағдыр тоғыстырған тату елміз

Қадірлі жерлестер!
Сіздерді татулық пен тыныштықтың, тұрақтылық пен бейбітшіліктің мейрамы – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бірлік, татулық және бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз екені Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХIV сессиясында айтылды. Өзі құрылғалы бергі 30 жыл ішінде бұл бірегей құрылым бейбітшілік пен келісім жөніндегі саясатымыздың берік іргесі, институционалды тірегі болып қалыптасты. Тарих табыстырып, тағдыр тоғыстырған халқымыз – арман-тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ біртұтас елге айналды. «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатымен адалдықтың үлгісін көрсетіп, азаматтық бірегейліктің тағлымды жолын түзіп келеміз. «Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағидатын ұстанатын «AMANAT» партиясы қоғамда қордаланған әлеуметтік, тұрмыстық проблемалар ақыл-парасатпен, ашық диалог арқылы, қоғамдық келісім аясында шешілгені абзал деп санайды. Пікір алуандығын, ой еркіндігін жақтап, заң мен тәртіпке бағынатын, демократиялық принциптерге адал, саяси мәдениеті жоғары қоғам құруды мақсат тұтады.
Біз – елдің ішкі бірлігін сақтай отырып, азаматтардың өз мүдделерін қорғау құқығын толығымен жүзеге асыруына жәрдем көрсететін саяси ұйымбыз. Біздің саяси тұғырнамамызда мемлекет тұтастығын қамту, елдің татулық-бірлігін сақтау, қоғамның қауіпсіз болуына ықпал ету міндеттері белгіленген. Осы мақсатта жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта отырып, елімізде ұлтаралық татулықтың, конфессияаралық келісімнің салтанат құруына қоғамды ұйыстырып келеміз.
Партия бастамасымен жүзеге асып жатқан «Қарызсыз қоғам», «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Ардагерлерді ардақтайық!», «Ұлттық мұра», «Кітап-AMANAT», «Таза бейсенбі», «Бақытты отбасы», «Құқықтық көмек», «Кедергісіз келешек», тағы да басқа жобалар қоғам тұрақтылығын сақтауға негіз болып, азаматтық бірлігімізді бекемдеуге қызмет етіп келеді. Партия атқарып жатқан жұмыстар қашанда ел бірлігін нығайту сынды ұлттың ұлы мұратымен үндесіп жатады. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассаблеясы төрағасының орынбасары қоғамдық қызметіне «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының «Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі Жансерік Жұманның сайлануы да біздің саяси ұйымның этносаралық татулықты жоғары бағалап, тұрақтылықтың осы бағытында да жұмыс атқаратынымызды білдіреді.
Күні кеше Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы өтті. Еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналған, этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт болып қалыптасқан құрылымның 30 жылдығының тарихи мән-маңызы зор. Мемлекет басшысы сессияда соңғы жылдары атқарылған ауқымды өзгерістердің арқасында Ассамблея қызметі жасампаздықтың жаңа сипатына көтерілгеніне баса мән берді. «Қазір мемлекеттік органдар түгел Ассамблея жұмысына атсалысады. Министрліктерден, облыс әкімдіктері мен барлық деңгейдегі мәслихаттардан бастап ауыл әкімдіктеріне дейін одан шет қалмайды» деді Президент.
Сессияда Мемлекет басшысы, сондай-ақ ұлт бірлігін нығайту, елдің тұтастығын сақтау, қоғамдық келісімді қамту бағыттарында бірқатар маңызды міндеттерге тоқталды. «Бірлік – мемлекетіміздің іргетасы» деп санайтын «AMANAT» партиясы татулық пен тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің алтын бесігі болған еліміздегі конфессияаралық келісімді одан әрі нығайта түсуге күш салатын болады.
Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы идея алғаш рет 1993 жылы Ордабасыда өткен елдік жиында жария етілгені тарихтан мәлім. Осы жылдар ішінде Ассамблея жалпыазаматтық келісім, қазақстандық патриотизм, азаматтар құқықтарының теңдігі, қазақ тілінің біріктіруші рөлі, мәдени әралуандықты сақтау, ұлттық жаңғыру сынды азаматтық бірегейлікке бастайтын істердің ұйытқысына айналды.
Ассамблеяның қасиетті Түркістан топырағынан бастау алуы – тарихи сабақтастықты, ұлттық бауырмалдық болмысымызды білдіреді. Татулық тұғыры – тұрақтылық дейтін дәстүрді жалғауда партияластарымыз Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе отырып, қоғамдық қатынастардың орнықты болуына, өңірде этносаралық келісім үйлесімділігін қамтуда, азаматтар арасында толеранттылық құндылықтарын ілгерілетуде, бейбітшілік пен келісім саясатын жүргізуде іргелі істер атқарып келеді.
Партия айқындаған басымдықтарды ілгерілетуде өңірдегі 11 этномәдени бірлестік пен олардың аудан, қалалардағы
7 филиалы және 14 өкілдіктерімен ынтымақтастық байланыстар жолға қойылған. Біздің құрылымдар өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан ашылған Ақсақалдар кеңестерімен, Аналар кеңестерімен, Ассамблея медиаторларымен, этностық топ өкілдерінің жастарымен бірлесе жұмыс істеп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
«Бақ бағалағанға тұрады» деп білетін халықтың ұрпағы ретінде ішкі бірлігімізді сақтау – бабалар алдындағы қасиетті борыш, келешек ұрпақ алдындағы зор аманат. Әйгілі Күлтегін бабамыз да тыныш елде ғана тоқшылық болатынын айтып кеткен.
Қазақ халқы «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» дейді. Яғни біз үшін елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығынан артық қазына жоқ. Бірлігі мықты елдің ырысы ортаймайды. Бірлік мерекесінде баршаңызға бақыт, зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Бейбіт өмірдің берекесі, халқымыздың ынтымағы арта берсін!
Алтынсары ҮМБЕТӘЛИЕВ,
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы,
Түркістан облысы мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі.