Дерменені тауыстық, жусанға зар болып қалмайық!

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Ал, биологтар елімізде жусанның 81 түрі өсетінін айтады. Жусаннан алынған қосындылардың қант диабетіне, қабынуға, коронавируске қарсы биологиялық белсенділігі бар. Қарағанды фармацевтика фабрикасы жусаннан аса қатерлі ісікке қарсы дәрі шығару үшін  бірнеше жылдан бері зерттеулер жүргізіп келе жатқанын білеміз. Енді Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы жусаннан түрлі дәрілер жасауды қолға алған. Орталық бұл бағытта шағын өндіріс орнын ашыпты. Түрлі өсімдіктердің сығындысынан адам ағзасының иммундық жүйесінің белсенділігін арттыратын, вирустық тұмау кезінде асқыну қаупін азайтуға көмектесетін биологиялық белсенді қоспалар әзірлеуді қолға алған. 
Кезінде В.И.Лениннің өзі қол қойған «Шымкент сантонин» зауытын басқаруды ұйымдастыру жөніндегі қаулысымен «Химфарм» зауыты салынып, оның өнімі бүкіл Еуропаға экспортталғанын тарих растайды. Орыс ғалымы П.С.Массагетов «Дермене – әсемдік пен сұлулықтың үлгісі. Көп жусанның ішінде дермене жусаны әртүрлі боз жылқының арасындағы асыл тұқымдысы сияқты» деп бағалаған. Халық емшілері дерменені жүрек талмасына, демікпе, бронхит, өкпе ауруына, іштегі құрттарды түсіру үшін пайдаланған. Сол жылдары дерменеге сұраныстың көптігінен де болар, Арыс ауданындағы «Дермене» кеңшарын былайғылар  «миллионер ауыл» деп атаған.
Өкініштісі сол, бүгінде Арыс қаласы, Бәйдібек, Отырар аудандары алқаптарынан дермене таба алмайсыз. Дермене шілде айынан бастап орылады. Тамыздың 15-і мен қыркүйектің 15-і аралығында толық бабына келіп піседі. Осы арада жинап алмаса, үгітіліп кетеді. Сондықтан оны өсірушілер осы аралықта жинайтын болған.
Иә, әр өсімдіктің дәрілік шипасы күшейетін уақыты болады. Мұның өзі үлкен ғылым. Бұл жөнінде белгілі дәрігер, дәрілік өсімдіктермен емдейтін емші Тәттібек Жарқынбековтің де өз айтары бар. Ол әрбір дәрілік өсімдіктің жиналатын мерзімін білу шарт дейді. Егер толық піспеген, бабына келмеген өсімдікті жинасаңыз, оның дәрілік белсенділігі болмайды. Осы арада кей өсімдікті гүлдеп тұрғанда жинау керектігін де айта кеткен  жөн.
Біз жоғарыда елімізде 5700-ге жуық өсімдік түрі бар екенін айттық. Соның 1500-ге жуығы сирек кездесетін, қорғауға алынған өсімдіктер қатарында. Солардың ішінде 760 өсімдік эндемин өсімдіктер, ал, 500-ге жуығының емдік қасиеті бар.
Экологиялық жағдайлардың нашарлауы  мен табиғаты көрікті, шалғыны шұрайлы жерлерге демалыс орындары мен өндіріс ошақтарының көптеп салынуы, сондай-ақ,  мыңдаған гектар алқаптың жекешелендіріліп кетуіне байланысты дәрілік өсімдіктер жылдан-жылға жойылып барады. Мысалы, осыдан 7-8 жылдай бұрын Қызылорда облысынан 1800 тонна қызыл мия тамыры Қытайға жөнелтілген. Түркістан облысында 2012-2017 жылдар аралығында 63 мың тонна мия тамыры жиналып, шетел асырылған. Содан кейін де мия тамырын жинау тоқтала қойған жоқ. Салдарынан мыңдаған гектар алқап деградацияға ұшырады. 
Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстары аумағында кеурек (ферула вонючая) деген шөп өседі. Ол Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енген. Сасық кеуректің 10-нан астам түрі бар. Бұл өсімдік Үндістан, Пәкстан, Иран, Ауғанстан сияқты елдерде үлкен сұранысқа ие. Осы елдерде бұл өсімдіктің бір келісі 100-150 доллар шамасында бағаланады. Бір жылдары Ауғанстанда кеурек жинау жалпы қолға алынған екен. Соның салдарынан осы елде кеурек мүлде жойылып кеткен. Сондықтан олар кеуректі сырттан сатып алуға мәжбүр. 
Міне, осы сасық кеуректі ауғанстандықтар арнайы визамен келіп, жинауды бастаған. Сарыағаш, Арыс, Отырар аудандарында сасық кеурек дайындау үшін арнайы фирмалар ашылып, олар өнім дайындауға шетелдік азаматтарды тартыпты. Шетелдіктер 2009 жылы 7 тонна сағыз дайындаса, 2016 жылы 14 тоннадан астам сағыз теріп, Ауған-станға асырған.
Негізінен сасық кеурек құм және шөлді аймақтарда өседі. Ал, оны есепсіз жинай беру құмның көшуіне әкеліп соқтырады. Жер тозады. Сондықтан өсімдіктерді бей-берекет қазып алуға не жұлуға болмайды. Дегенмен, «көлеңкелі бизнестегі» адамдар сирек кездесетін өсімдіктерге шабуылын әлі де тоқтатар емес. Айталық, былтыр Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері таудың шығыс жақ беткейінен «Қызыл кітапқа» енген, жойылып кету қаупі бар «алтын тамыр» теріп жүрген адамды ұстаған. Күдікті өсімдікті дәрілік шөп ретінде пайдаланатынын мойындаған. Аталған жәйт ҚР ҚК-нің 389-бабы 1-бөлігі «Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тиым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» бойынша дәрежеленді.
Оңтүстік өңірінде сирек кездесетін дәрілік өсімдіктердің жойылып кету қаупіне халық қалаулылары да алаңдай бастады. Мәселен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Р.В.Склярге сауал жолдады. Онда былай делінген: «Экожүйеміздің негізі болып табылатын дәрілік өсімдіктерді қорғау және отандық фармацевтикада қолдану мәселесі қашанда өзекті. Мәселен, тек оңтүстікте өсетін «сасық кеуректің» 10-нан аса түрі бар, оның барлығы да «Қызыл кітапқа» енген. Соған қарамастан, оның майын шет мемлекеттерге заңсыз шығару тиылмай тұр. Түркістан облысында сасық кеуректің майын дайындау үшін өндірушілер мыңдаған шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартып, шикі өнімді жаппай сыртқа шығаруда. Бұл көрсеткіш 2016 жылы 14 тоннадан асып түскен. Болашақта аса бағалы бұл дәрілік өсімдік азайып қана қоймай, мүлдем жойылып кетпейтініне кепілдік жоқ. Себебі, сасық кеурек 10 жыл ғана өмір сүреді және монокарпик, яғни 5-6 жылда бір рет қана гүлдейді. Ал, оның өнімін 8 жылдан кейін ғана пайдалануға болады».
Бір айта кетерлігі, тамырын қазып алған соң ол жерге қызыл мия қайтып шықпайды екен. 2016-2021 жылдары біздің өңірімізден 70 мың тонна (!)мия тамыры шетелге жөнелтілген.
Депутат сонымен қатар ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі аталған мәселеге қатысты заң бұзушыларға  бірде-бір шара көрмегенін сынға алды. Бұған қосымша депутат өсімдік түрлерінің жойылу қаупі анықталған жағдайда оларды жинауға толықтай шектеу қойып, жедел түрде популяциясын көбейтуге бағытталған шаралар ұйымдастыруды ұсынды.
Осыдан соң-ақ, яғни былтыр ҚР «Өсімдіктер дүниесі туралы» Заңы қабылданып, өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру, өсіру, құрып бара жатқан өсімдіктердің популяциясын қалпына келтіру және пайдалану немесе шектеу қойып тоқтату проблемасы қаралған еді. Расында, Түркістан облысы аумағында түрлі ауруларға ем болатын сасық кеурек, мия өсімдіктерін шетелдерге заңсыз шығару айғақтары жиілеп кеткені анықталды. Сондықтан дәрілік өсімдіктерді жұлу, кесу, тамырымен қопаруға тиым салынды. Қазір министрлік қызыл мияны 5 жыл, сасық кеуректі 8 жылға дейін жұлмауға, түп тамырымен қопаруға, шабуға шектеу қою туралы қаулы қабылдады.
Десек те, іс мұнымен бітпейтіні анық. Жасыратыны жоқ, еліміз импорттық өнімдерге тәуелді. Солардың арасында синтетикалық өнімдерден әзірленген дәрі-дәрмектер де көп. Сондықтан елімізде фармацевтика өндірісіне баса мән берген дұрыс. Бұл өз кезегінде ел экономикасына да оң ықпалын тигізері сөзсіз.
Екіншіден, бізде жайылымның өзі тапшы екені жасырын емес. Сондықтан, дәрілік өсімдіктер табиғи қорықтарда, тау шыңдары мен бөктерлерінде ғана қалды. Фармацевт-ғалым Арғынбек Қабылқақ дәрілік өсімдіктерді қолдан өсіруді заңдастыруды ұсынады. Химиялық қосындылары жоқ дәрілер қашан да пайдалы. Біз әлі мал аяғы түсіп үлгермеген алқаптардағы дәрілік өсімдіктерді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Ол біздің ертеңіміз үшін де маңызды.
Өткенде Астана қаласында тұратын танысым «сіздерде дермене деген шөп өседі екен. Бір бумасын тауып, салып жіберіңізші. Балама ем үшін керек еді» деп өтініш айтты. Талай жерді шарлап, сол дерменені таба алмадым.
Иә, дерменені тауысыппыз. Енді жусанға, киікотына, адыраспанға, доланаға, өгейшөпке, ит-ошағанға, ақжелкенге, аюбаданға, түймедаққа, басқа да дәрілік өсімдіктерге  зар болып қалмайық!
Пікір қалдырыңыз