Қой бағып, қошқар баптаған

Арыс қаласында облыстық көрме өтіп, оған сирек тұқымды қошқарлар қойылды. Орталық стадионда өткен шараға қой бағып, қошқар баптаған үміткерлер қатысты. Олар көрмеге 200-ден аса қошқар әкелді. Көрмені арыстық кәсіпкер Алмаз Шүкірбеков пен қаладағы шаруа қожалықтары ұйымдастырды. 

Шараның ашылу салтанатына Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова қатысып, көрменің маңыздылығына тоқталды. Игі істі ұйымдастырушылар мен мал басын асылдандыру бағытында еңбек етіп жатқан шаруалардың жұмыстарына табыс тіледі. 

«Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мен мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруда дәстүрлі сала – қой шаруашылығын өркендетудің маңызы ерекше. Ендеше, шаруаларымыздың ісі берекелі болсын»  деді шаһар басшысы.

Көрмеге арнайы келген құрметті қонақтар, асыл тұқымды қой өсіруші шопандар мен ірі шаруа қожалықтарының иелері қатысты. Олардың қатарында журналист, бүгінде асыл тұқымды қошқарлар өсірумен айналысып жүрген Берік Сұлтан, ережесіз жекпе-жек шебері Арман Оспанов та бар. Олар көрменің жоғары деңгейде өткенін тілге тиек етіп, мұндай шаралар Шопан ата түлігін асылдандыруға серпін береді деген пікір білдірді.

Көрмеге құйрықты қылшық жүнді, қисары және арашан қой тұқымдары әкелінген. Бұл қошқарлар дене тұрқының келістілігімен ерекшеленеді.  Алқымы кең, арқасы тегіс, аяғы жуан қисары қойлардың қылшық жүндері ажарларын аша түссе, дөң тұмсықтары айбат береді. Ал, батпан деп бағаланған айыр құйрығы сәніне сән қосады.

Көрме-сайыстың ережесі бойынша қазылар алқасы қошқарларды салмағы мен бойына және сырт бітіміне қарай бағалады. Көрмеде екі тіс қошқардың салмағы – 145, сақа қошқарлардың салмағы 200 келіге дейін жетті. 

Сайыс соңында Берік Сұлтанның салмағы 144 келі тартатын «Мүсін» қошқары дара шықты. Ал, арыстық Ақылбек Әлжанның «Гектар» атты қошқарының бойы – 105,5 см. Ол биіктік бойынша чемпион атанды. Ал, абсолютті салмақта Бақберген Әлжановтың «Куба» атты қошқары топ жарды. Шымкенттен келген Бақтияр Балажанның әйгілі «Тұран» қошқары 195 келі салмақпен жеңімпаз болып танылды. Қазылар алқасының шешімімен салмағы, бойы және келбеті ескеріліп, үздік қошқар иелеріне Алғыс хаттар мен чемпиондық белбеу және кубоктар табысталды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда асыл тұқымды өсіруші шаруалар әр қойға мемлекеттен субсидия ала алады. Оның ішінде асыл тұқымды отандық қойларға 15 мың теңгеден, егер шет мемлекеттерден сатып алған болса, аналық басына 30 мың теңге, қошқарларға 150 мың теңгеден субсидия төленеді. Асыл тұқымды мал басына қатысты субсидия алу бойынша тұрғындардың сұрағы болса,  олар ауыл шаруашылығы бөліміне жүгіне алады.


Облыс әкімінің баспасөз қызметі.


Пікір қалдырыңыз