Проблемалар оң шешіледі

Жаңа оқу жылы қарсаңында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі «Құқықтық көмек» жобасы аясында балалардың құқықтарын қорғау мақсатында алдағы оқу жылына дайындық, атаулы әлеуметтік көмек, алимент өндіріп алу және балаларға қатысты басқа да мәселелер бойынша тақырыптық қабылдау өткізді. Қабылдауға заңгерлер, адвокаттар мен медиаторлардан бөлек жергілікті атқарушы органдардың өкілдері – білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау басқармалары, әділет департаменті өкілдері келіп, тұрғындарды қабылдады. 

«Балалардың қауіпсіздігін қамту олардың заңды мүдделерін қорғау – партия айқындаған басымдықтардың бірі. Бұл бағытта аманаттықтар «Бақытты отбасы» жобасын іске асырып, отбасы институтын нығайту, балалардың құқықтарын қорғау, оларды заманға сай біліммен қамту, тәрбие алуына жағдай жасау жұмыстарына белсене атсалысады. Осы бағытта бүгін тақырыптық қабылдау өткізіп, жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың лайықты біліммен қамтылуы, олардың заңды құқықтарын қорғау мақсатында кездесу өткізіп отырмыз. Бүгін мұнда заңгерлер мен тиісті сала мамандары сіздерге мейлінше көмек көрсетеді» деді «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев.  
Түркістан қаласының тұрғыны, үй комитетінің төрайымы Гүлнәр Әбубәкірова елімізде жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» акциясы аясында әр аптаның сенбі күндері аумақ тұрғындарын жұмылдырып, тазалау жұмыстарын атқаратынын айтады. Өкінішке қарай, ол қала тұрғынына ауланы ластағанына, бей-берекет әрекетіне ескертпе жасағаны үшін полициядан қысым көрген. Өзі кәсіпкерлікпен айналыса жүріп, сол аумақтағы кәсіпкерлердің басын біріктіріп, демеушілік ұйымдастырып, балаларға қажетті оқу құралдарын жинақтапты. Жақын күндері сол аумақта тұратын тұрмысы төмен отбасының балаларына мектепке қажетті оқу құралдарын таратпақ. Осындай игі істің басы-қасында жүрген жан енді полициядан көрген қысымы үшін ренжіп, партияның құқықтық көмек алаңына қолдау сұрай келген. Белсенді азаматтың жағдайын мұқият тыңдаған Алтынсары Дүйсенбекұлы аталған мәселе бойынша полиция басшысына шағымдануды ұсынып, мәселенің оң шешілуіне көмек беретінін айтты. Ел ішінде осындай игі істің ұйытқысы болып жүрген жандарға ризашылығын білдірді.  
Ал, Умида Абдуллаева атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмай жатқандықтан балаларына киім ала алмай отыр екен. Шағым айта келген тұрғынның мәселесі қабылдау барысында әлеуметтік және білім саласының мамандары тарапынан зерделеніп, мәселесі қолма-қол шешілді. Бұдан кейін оған атаулы әлеуметтік көмек тағайындалатын болды. Сонымен қатар, мектеп формасы үшін әр балаға берілетін 43 407 теңге жақын күндері есепшотына аударылады. 
Қабылдауға келген тұрғындар тарапынан атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылу, алимент өндіру, баспана алу кезегін жылжыту, денсаулық жағдайына байланысты мүгедектікті тағайындау, азаматтық неке бойынша әкелікті тану мәселелері көтеріліп, оларды оң шешудегі талап-тәртіптер түсіндірілді. Тұрмыстық қалдықтар шығаратын компанияның келісімшарт негізінде ғана еңбекақы алуын міндеттеу, жастардың экологиялық санасын көтеру, учаскелік полиция инспекторының жұмысын ширату мәселелері бойынша шағымдар айтылып, олар партия өкілдерінің бақылауына алынды.
Айта кетейік, жыл басынан бері партия филиалдарының қабылдау бөлмелеріне 10 229  арыз-өтініш келіп түссе, соның 56,3 пайызы, яғни 5 769-ы оң шешіліп, 4 385-іне заң аясында кеңес берілді. 

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық
 филиалының баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз