Жөндеу жұмыстары қалай жүргізілуде?

Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Ордабасы, Сайрам және Түлкібас аудандарында жұмыс сапарымен болып,  ондағы білім ошақтарында жүргізіліп жатқан жұмыстармен жіті танысты, бірқатарына қатаң ескерту жасады. Мердігерлерден өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауды талап етіп, нысандарды сапалы әрі дер кезінде аяқтауды тапсырды.

Биыл Ордабасы ауданындағы 7 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Облыс әкімінің орынбасары алдымен Бадам ауылындағы Ә.Шерімқұлов атындағы жалпы орта мектебіне барып, ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Мектеп ғимараты 1978 жылы пайдалануға берілген. 640 орынды мектепте 849 оқушы білім алады. Мұнда спорт залын, мәжіліс залын жөндеу, еден ауыстыру, линолеум ауыстыру, ішкі қабырғаларын қырып сылау және есік-терезелерін ауыстыру жоспарланған. Содан соң ол Мәдениет ауылындағы Қ.Сәтбаев атындағы жалпы орта мектебіне соқты. 300 орынды білім ұясы 2009 жылы пайдалануға берілген. Мұнда мектептің сыртын қаптау жұмыстары, терезенің тұтқаларын ауыстыру, есік ауыстыру, едендерін қалпына келтіру, ішкі жарылған қабырғаларын жөндеу және жылу жүйесін реттеу жұмыстары жүргізілуде. 

Берген ауылындағы К.Омаров атындағы жалпы орта мектепте де ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 420 орынды ғимарат 2007 жылы пайдалануға берілген. Мұнда 402 оқушы білім алады. Жоспар бойынша сырты қапталып, ішкі қабырғаларын әктеу, сырлау, едендерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар линолеум, ағаш еден және кафель еден ауыстырылады. Бұдан бөлек Батыр ата ауылындағы І.Есенберлин атындағы және Амангелді ауылындағы 

Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы орта мектептерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Білім ошағының сырты қапталып, терезе-есіктері ауыстырылады. Ішкі қабырғаларын әктеу, сырлау, едендерін қалпына келтіру, линолеум төсеу сынды жұмыстар да жоспарда бар. Ал, Жеңіс ауылындағы Ө.Тұрманжанов атындағы және Бөген ауылындағы Б.Кенжебаев атындағы жалпы орта мектептерінің сыртқы қабырғасын металлосайдингпен қаптау жоспарланған.

Облыс әкімінің орынбасары іссапар аясында Сайрам ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы №49 мектепке барып, осында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Жұмыстың қалай орындалып жатқанын бақылады. Мердігердің мектеп әкімшілігімен және қамқоршылық кеңесімен бірге ақылдаса отырып, сметалық жобадан тыс мектеп қажеттілігіне қарай жұмыстарды жүргізіп жатқанын көрді. 

Бейсенбай Тәжібаев Түлкібас ауданындағы жұмыс сапарын Састөбе кентінен бастады. Осы елді мекендегі Макаренко мектебінің сырты жөнделмек. Қазіргі таңда мердігер анықталып, келісімшарт түзілуде. Содан соң сол елді мекендегі ағымдағы жөндеуден өтіп жатқан «Қарлығаш» балабақшасына ат басын бұрып, атқарылып жатқан жұмыстың барысын бақылады. Шатырын ауыстыру, электр және су жүйелерін жаңарту жұмыстары жүріп жатқан нысанды облыс әкімінің орынбасары жауапты басшылармен бірге толық аралап шығып, жөндеу жұмыстарының сапалы болуын әрі уақытында аяқталуын тапсырды. 

Сыртын қаптау жұмыстары басталатын Балықты ауылындағы Рыбалко, Жаскешу ауылындағы С.Сейфуллин мектептерінде және сыртқы жөндеу жұмыстары қарқын алған Т.Рысқұлов ауылындағы «Жанкент», Жабағылы ауылындағы Ә.Молдағұлова мектептері мен «Алтын ұя» балабақшасына арнайы ат басын бұрды. Аталған нысандарды аралау барысында жауапты басшыларға жұмыстың сапасын ерекше бақылауда ұстауды ескерткен облыс әкімінің орынбасары балалардың қауіпсіздігі, сыртқы және ішкі әжетханалардың және жылу жүйелері мен қазандықтардың жағдайына қатысты мектеп директорларына біршама тапсырмалар жүктеп, проблемаларды жаңа оқу жылына дейін реттеу керектігін атап өтті.

Сапар соңында облыс әкімінің орынбасары Абайыл елді мекеніндегі медициналық тіректің құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыс барысын бақылады. Мердігермен сұхбаттасып, нысанды сапалы және белгіленген уақытта аяқтап, ел игілігіне пайдалануға беруді тапсырды. 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.


Пікір қалдырыңыз