Машинист. Зейнеткер. Кәсіпкер

Ерлан Қуандық,
«Оңтүстік Қазақстан».
Өмірде еңбекке ерте араласып, тез есейіп кеткен жандар болады. Әдетте олар шымыр денелі, ширақ қимылды, ісіне жауапты келеді. Осындай азаматтарды ел арасында «нағыз бейнеттің адамы» деп айтады. Қазақ «Бейнет түбі – зейнет» дейді. Саналы ғұмырын қара жұмысқа, ауыр еңбекке арнаған әрі үнемі қозғалыста жүретін азамат жайлы тарқатып айтпақпыз.
Қазақта әулет деген қасиетті ұғым бар. Үлкен атадан тарап, қарашаңырақтан жалғасын табатын, тамырын тереңге жіберген шаңырақты, береке ұялаған ағайын ортасын осылай атаған. Біз сөз еткелі отырған Алтынбек Сұлтанқұлов та – осындай үлкен әулеттің ұрпағы, бейнетшіл отбасының, асыл азаматтардың жалғасы. Көп балалы отбасыдан шықты. Әкесі Кеңесбек пен анасы Тыныштықтан 5 ұл, 3 қыз өмірге келді. Алтынбек үйдегі үшінші перзент, екінші ұл. Балалық шағында басқа бауырларымен қатар Қаншайым есімді үлкен әжесінің бауырында өсті. Арыстың Тақыркөл ауылында тұрған ағайындары кейін қаладан 30 шақырымдағы өзенді жағалай тоғайлы мекен Көлтоғанға табан тіреді. Алтынбек те осында мектеп бітірді. Ауылдық жердің бір ерекшелігі – үйіргелік жерінің көптігі. Арыс өзенінен «Қазан арық» секілді арық-атыздармен жеке үйлерге су жетеді. Халық мұнда бұрыннан егіншілікке, бақша мен көкөніс егуге бейім. Әсіресе, қиярды көп егеді. Ағасы Лесбек те, өзі де, бауырлары Әнуарбек, Асылбек, Шүкірбек те бау-бақшаға икемделіп, бейнетке ерте араласты. Қолға күрек ұстап, жер аударып, қызанақ пен қияр, қауын-қарбыз, асқабақ егуді ерте меңгерді. Үлкен алқапқа жоңышқа егіп, оны шалғымен орып, малдың азығын жиды. Қолда бірнеше сауын сиыр мен қой ұстады. Осындай қара жұмыс Алтынбекті де тез ширатып, ерте есейтті. Үлкен еңбекке жетеледі. Мектепті бітіре сала, 18 жасқа толар-толмас Арыс локомотив пайдалану депосына слесарьдың көмекшісі болып жұмысқа орналасты. Депо жас маманды арнайы курсқа жіберіп, артынша-ақ тепловоз машинисіне көмекші болды. Кеудесін қуаныш кернеді. Ондаған жүк вагондарынан тұратын үлкен құрамды бастаушы локомотиві болды.
Тепловоз жүргізді. Арыстан – Таразға, мына шеті Ташкентке дейін, батысы Түркістанға да жүк тасыды. Аса жауапты жұмысты тез меңгеріп, қызметке жылдам үйренісіп кетті. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ қара жұмыспен шыңдалып өскені тепловоз жүргізу сынды ауыр қызметіне сенім мен төзім сыйлады. Ауыр жұмыстың жүгін жеңілдетті. Отыз шақырым жерден қатынап жұмыс істеді. Көмекшіден машинистке көтерілді. Тепловоздан электровозға өтті. Тәжірибесін шыңдап, білімін көтерді. Тапжылмай бір орында, бір мекемеде, бір қызметте жүргеніне 40 жыл болыпты. Теміржол – аса жауапты, қиын сала. Ал, жоғары кернеулі ток қосылған электровозда сағаттап жүру денсаулыққа зиян. Сондықтан да Үкімет машинистердің еңбегін арнайы заңмен «ауыр, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстар» санатына жатқызып қойған. Зейнеткерлікке шығу мерзімі де бөлек.
Биылғы өзгерістерге сәйкес машинистер 55 жаста зейнеткерлікке шыға алады. Бұл жағдай Алтынбекке де қатысты болғандықтан, 56-дан 57-ге шыққан еңбекқор азамат жуырда құрметті демалысқа жіберілді. Онысына өкінген жоқ. Өйткені, жұмыста жүріп те қарап қалмады. Ауысымнан шығып, қолы қалт ете қалса, үйдегі диқаншылыққа араласты. Малға азық жинады. Қияр егіп, өнімін базарға сатты. Пайдасын бала-шағасына жұмсады. Адал бейнет, маңдай терінің арқасында қаржы жинады. Үйінің кең ауласынан жылыжай салды. Бұрындары тек жазда ғана өсірген қиярды енді қыста да сатуға қол жеткізді.
Балаларын да адал еңбекке тәрбиеледі. Көп балалы шаңырақтан шыққан өзі де көп балалы отбасына айналып үлгерді. Қарашаңырақта өзі қалды. Әке-шешесінен сегіз ағайынды болып өскен Алтынбек Кеңес-бекұлының бұл күндері 7 баласы бар. Сегіз перзент тәрбиелеген анасы Тыныштық та, 7 баланың анасы – әйелі Меруерт те «Алтын алқа» иегері. Шүкір, анасы дін аман әрі өзінің қолында тұрады. Бір жылы кем сексенге келген кейуана 8 баласынан өрбіген ұрпақтан жиырмаға жуық шөбере сүйді. Бір қызығарлығы, Алтынбектің үлкен ұлы Нұрсұлтан да көп балалы отбасыға айналып келеді. Қолында, қарашаңырақта бірге тұрады. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы емес пе?!
Жылыжай салып, оны жыл он екі ай жүргізу де оңай шаруа емес. Көзін тауып, маңдай теріңді төксең ғана өнім береді. Пайда табасың. Алтынбек жүріп өткен еңбек жолын қазір ұлы Нұрсұлтан жалғап отыр. Таң атпастан жылыжайға кіріп, арамшөбін жұлып, дәрісін беріп, суарып, баптауды меңгеріп алған. Адал еңбегінің жемісі болар, пайдасына «ГАЗель» автокөлігін сатып алыпты. Кешегі электровоз машинисінің бұл күндері қолы бір сәтке де бос емес. Кәсібін жүргізеді. Жаңадан жұлынған қиярларын қорапқа қаз-қатар ұқыптап салып, көлікпен базарға жөнелтеді екен.
– Гүлі үзілмеген, аса ірі емес, ұсақ әрі орта қиярларға сұраныс көп. Базарға апарған сәтте тұтынушы алдымен осыған мән береді. Қанша келі болса да, табанда өтіп кетеді, – дейді Алтынбек Кеңесбекұлы. Елу жеті жасқа шыққан жас зейнеткер әлі тың, қызу еңбектің ортасында жүр. Ширақ қимылының сырын осындай қозғалыстың нәтижесі деп біледі.
«Кешегі бала кезден теміржолға, үлкен еңбекке араласқан сәт күні кешегідей көз алдымда. Қырық жыл да өте шығыпты-ау. Өзімді зейнеткермін, шаршадым, енді маған тек демалыс керек дейтін болсам, бәлкім тез қажып қалармын. Күш-қайратым бар кезде қимылдай беремін» дейді.
Еңбек дегеніңіз – қозғалыс екені түсінікті. Балалық шақтан бастау алған осы бір қозғалыс Алтынбек Кеңесбекұлы Сұлтанқұловтың өмірлік ұстанымына айналғалы қашан. Қимылдың, әрекет етудің, талпына берудің, бейнеттен қашпаудың ақыры осындай игілікке, жетістікке жеткізген болар. Үнемі дене қимылында жүрген адам сырқатқа да төзімді келеді. Мұндай төзімділік оның қанында бар. Алтынбектің әрекетіне, қимылына, шаңырағына қарап, бақытты отбасының үлгісін көргендей болдық.
Сейдишева Гульвира
Бейнетіңіздің зейнетін көре беріңіз ! Өмір жасыңыз ұзақ болсын !
Оразкул
Өте керемет отбасы
Оразкул
Өте керемет отбасы
Оразкул
Өте керемет отбасы
Ерсултан
Тамаша Макала