«Адамзат өркениетінің ақыры» Қош бол Париж...

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».


Әлем назарын өзіне аударған ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындары да өз мәресіне жетті. Кешегі жексенбіде Париж қаласындағы Олимпиада алауы сөндірілді. Қала мэрі Олимпиада эстафетасын Лос-Анджелес қаласының мэріне салтанатты жағдайда табыстады. Ендігі Олимпиада әлем киносының астанасы Лос-Анджелесте өтпек.

Жалпы есепте 43-орын

Біздің спортшылар үшін Париж Олимпиадасы сәтті өтті деуге аузымыз бармай тұр. Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде еншілеп, жалпыкомандалық есепте 43-орынға табан тіреді. Иә, Токио Олимпиадасына қарағанда қоржынымызда алтын және күміс жүлделер бар. Бірақ, ең нашар көрсеткішке қарап емес, ең үздік көрсеткішке қарап бой түзеген абзалырақ қой. 

Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есептегі ең жоғары орынды (22-орын) Сидней Олимпиадасында алған еді. «Мәңгі жасыл» құрлықта өткен жазғы ойындар кезінде біздің спортшылар 3 алтын, 4 күміс жүлде еншілеген. Ал, одан 4 жыл бұрынғы додада (Атланта Олимпиадасы) 3 алтын, 4 күміс, 4 қола жүлде еншілеп, 24-орынға тұрақтаған. Токио Олимпиадасынан алтын жүлде ала алмағанымызды айттық, 2016 жылы Рио Олимпиадасында Дмитрий Баландин (жүзу) мен Данияр Елеусінов (бокс) қоржынға алтын жүлде салған. Содан 8 жыл күткен алтын медальді дзюдошы Елдос Сметов алды. Елдостан кейін Парижде алтын жүлдеге қол созған спортшы табылмады. Нұрбек Оралбай (бокс), Демеу Жадыраев (грек-рим күресі) пен Нариман Құрбанов (спорттық гимнастика) күміс жүлде еншілесе, Александра Ле мен Ислам Сәтпаев (нысана көздеу), Ғұсман Қырғызбаев (дзю-до), Назым Қызайбай (бокс) қоржынға қола жүлде салды.

Бокс

Қазақстан боксы үшін Париж Олимпиадасы ең сәтсіз ойындардың бірі болды. Бокс бәсекелері аяқталған соң бокстан ерлер құрамасын жаттықтыратын бас бапкер Мырзағали Айтжанов Қазақстан жанкүйерлерінен кешірім сұрады:

«Иә, рас сәтсіз өнер көрсеттік. Халық күткен нәтижеге қол жеткізе алмадық. Ол үшін кешірім сұраймыз. Және оған ешкімді кінәламаймыз. Жеңілістің себебін «бізді қорғамады» деп біреуден көрмеймін. Мен ешнәрсені біреуден көріп үйренбегенмін. Жеңіліске жауапты тікелей өзім. Ол үшін Қазақстан халқының алдында кешірім сұраймын» деді бас бапкер.

Әзірге Мырзағали Құланұлының ұлттық құрамадағы тағдыры белгісіз. Келесі Олимпиадаға дейін бас бапкер болып қала ма, жоқ па, мәселесі алдағы уақытта шешілмек.

Десе де «Қазақстан – бокс державасы» деген әңгімені ұмытатын уақыт жеткен секілді. Екі Олимпиада қатарынан алтын жүлдесіз қалу бұл спортта кері кеткенімізді білдіреді. Боксқа түбегейлі реформа қажет. Әйтпесе, біздің боксшыларды осыдан 8-10 жыл бұрын бокс қолғабын қалай киюді білмейтін елдердің былғары қолғап шеберлері жеңіп кетіп жатыр. Әрине, Олимпиададағы төрешілерге де қойылар сұрақтар жетерлік. Бірақ, соның өзінде аспаннан жерге түсіп, өзге елдердің де боксы дамып жатқанын түсінетін уақыт жетті. ҚР бокс федерациясы есепті жалғыз Спорт министріне емес, жанкүйерлерге де, яғни халыққа да беруі керек деп есептейміз.

Күрес

Күрес түрлерінен грек-рим күресінің балуаны Демеу Жадыраевтың күміс жүлдесі ғана көңілге демеу болып тұр. Әйтпесе, өзге балуандар күресіп жарытқан жоқ. Демек, «қазақ балуан халық болған» деген әңгімені де естен шығара тұрып, бұл спорт түріне де түбегейлі реформа жасаған жөн. Мысалы, еркін күрестен Парижге барған 4 балуанымыз жабылып жүріп, бір-ақ рет жеңіске жетті. Әлішер Ерғали 97 келіде сынға түсіп, мысырлық Мұстафа Элдерсті ғана жеңді. Мейрамбек Қартбай, Азамат Дәулетбеков пен Юсуф Батырмырзаев алғашқы белдесулерінде-ақ жеңіліп, бүкіл жанкүйердің ұнжырғасын түсіріп жіберді. 

Теннис

Осы Олимпиададан кейін сұрақтың «көкесі» Болат Өтемұратовқа қойылуы тиіс. Болат Жәмитұлына «қалай миллиардер болдыңыз?» деген емес, «теннисшілер неге жерге қаратты?» деген сұрақ қарша борауы керек. Себебі, Болат Өтемұратов Қазақстан теннисіне №1 жауапты (Қазақстан теннис федерациясының президенті) адам. 

Халықаралық аренада Қазақстан намысын қорғап жүрген ресейлік легионерлер Олимпиада басталар алдында қырғын салды. «Үлкен дулыға» турнирінің жеңімпазы Елена Рыбакина осы Олимпиадада ел қоржынына жүлде салатындардың қатарында-тын. Олимпиададан бірнеше күн бұрын әлемнің №1 теннисші қызы Ига Швентекті «Уимблдон» турнирінде жеңген Юлия Путинцеваның да жолына үмітпен қарағанбыз. Алайда, Олимпиада басталуға бір күн қалғанда Лена қызымыз әдеттегісінше сырқаттанып қалып, жарысқа қатысудан бас тартты. Оны естіген Путинцева да аяқасты ауырып қалды. Бір қызығы, қос спортшы осы жақында АҚШ-та басталатын жүлде қоры қомақты «Мастерс» турниріне қатыспақ. Сонда бұл екеуі Олимпиада алдында «әдейі» ауырып, Олимпиада аяқталған соң жазылып кетті ме? Бұл сұраққа Болат Жәмитұлы жауап беруі керек. 

Ерлер сапында да Ресейден келген легионерлер жетерлік. Александр Бублик әлемдік рейтингте ТОП-20 теннисшінің қатарына кіргенімен, бұл Олимпиадада алғашқы айналымда-ақ жарыстан шығып қалды. АҚШ теннисшісі Тейлор Фрицке қарсы жігерсіз ойын көрсеткеніне қарап, Олимпиадада жүлдеге таласуға құлқы жоқ екенін сезгенбіз. Оның ізін ала Александр Шевченко да алғашқы айналымда жеңілді. Жұптасып өнер көрсетуде Александр Бублик пен Александр Недовесов жүлдесі қомақты турнирлерде әжептәуір ойнайтын. Екеуі бірге үлкен турнирлердің жартылай финалына дейін жетіп жүретін. Осы жолы Олимпиадада алғашқы айналымда-ақ жеңіліп, жарысты аяқтады.

Олимпиадада елді жерге қаратқан теннисшілердің барлығы Ресейден келген. Байрақты бәсеке алдында кейбіреуі ауырып, кейбіреуі сырқаттанып қалса, жарыс жолына шыққандары алғашқы айналымнан аса алмай, демалысқа кетіп жатты. Осындайда «Өзіңнен тумай ұл болмас» деген мақал еріксіз еске түседі екен.

Жеңіл атлетика

Ол мақалды жеңіл атлеттеріміз жарыс жолына шыққанда да есімізге алдық. Сонау Кениядан аттай қалап алдырған жүйріктеріміз Дейзи Джепкемей мен Нора Джеруто осы додада үштіктен төмен түспейді деп үміттенгенбіз. Алайда, «кениялық отандастарымыз» жүлдегерлер қатарынан көріне алмады. Джепкемей іріктеу сынының өзінде 13-орын алса, Джеруто финалға дейін жетіп, 9-орынға тұрақтады. Енді жеңіл атлетика федерациясының президенті Жеңіс Қасымбекке сұрағымыз бар. Олимпиадада тоғызыншы және он үшінші орын алу үшін Кениядан легионер алдырудың қаншалықты қажетті болды? Сол 13-орынды Қазақстанда туып-өскен жүйріктер де алып беретін еді ғой. Олимпиадаға неге солар бармады?

Ендігі үміт Лос-Анджелесте

Біздің спорт шенеуніктерінің Токио Олимпиадасынан сабақ алмағаны көрініп тұр. Осымен екі Олимпиада да спортшыларымыз ел күткендей нәтиже көрсете алмады. Біздіңше, нақты іске көшетін уақыт жетті. Токио Олимпиадасынан бергі біздің спорт саласына терең талдаулар жүргізу қажет. Бөлінген қаржыны мақсатсыз жұмсаған спорт шенеуніктері жауапқа тартылуы тиіс. Ұлттық құраманың мүшелері көпшілікке жария түрде жасақталуы керек. Әйтпесе, осы Олимпиадада біздің елдің атынан сынға түскен спортшылардың арасында аты көпшілікке беймәлім атлеттер жүрді. Олар Парижге «турист» болып барып қайтты. 

Ендігі жерде осы жоғарыда аталған қателіктерге тағы да жол берер болсақ, Лос-Анджелес Олимпиадасынан кейін де осы әңгімені қайталауға тура келеді. 

Жалпыкомандалық есепте АҚШ құрамасы 40 алтын, 44 күміс, 42 қола жүлдемен топ жарды. Екінші орынды 40 алтын, 27  күміс, 24 қола медаль еншілеген Қытай құрамасы иеленді. Үздік үштікті Жапония түйіндеді. Жалпы 300-ден астам жүлде жиынтығы сарапқа салынған Олимпиадада жалпыкомандалық есептегі бәсекелестік дәл осы жолғыдай жоғары болған емес. Жарыстың соңғы күніне дейін қай елдің құрамасы бірінші орын алатыны белгісіз болып келді. Жүзу спортынан жарыс болып жатқан кезде француздар үздік үштікте келе жатқан. Қалай жүзу спортынан жарыстар аяқталды, солай медальдар кестесінде төмендей берді. Сөйтіп, Олимпиада ойындарын 6-орынмен аяқтады. Францияның бұрынғы Олимпиададағы нәтижелеріне үңілсек, жаман нәтиже емес, бірақ, жарысты ұйымдастырушы ел ретінде бұл нәтижеге жанкүйерлерінің көңілі толмайды.

Франциядағы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өткеннен-ақ көпшілік «ең нашар ұйымдастырылған Олимпиада» деп баға беріп үлгерді. Әсіресе, ислам әлемі мен Шығыс халықтары үшін жат қылықтардың ашылу салтанатында көрініс табуы көпшіліктің ашу-ызасын тудырды. Ойындардың ашылу салтанатында жалаңаш еркектің ән шырқауы, тамақты бейнелеген трансвеститтер шеруі әлем жұртына ұнаған жоқ. Сонымен қатар, әнші Мария Антуанеттаның, бәлкім режиссердің қолтаңбасы, бәлкім өзінің фантазиясы, шабылған басын өзінің қолына ұстап тұрып ән айтқаны да көпшілікті тіксінтіп қойды. Олимпиада ұйымдастырушылары керемет шоу жасаймын деп шешелерінің етегін көтеріп ойнағандай әсер қалдырды. Сонымен қатар, дәстүрлі емес жыныстық бағдар ұсынатын адамдардың да жарнамасы жер жарып тұрды. «Спорт әлемді жақындастырады» деуші еді. Бұл Олимпиада керісінше, әлемді екіге бөліп тастағандай. Париждегі Олимпиаданы «адамзат өркениетінің ақыры» деп бағалап жатқандар да көп. Келесі Олимпиада ойындары АҚШ жерінде өтетінін ескерсек, Париждегі көріністерге әлі жылап көрісерміз-ау... 

1 пікір

  • Alicia Endre
    Alicia Endre

    HOW TO FIND AND RECOVER YOUR STOLEN BITCOIN I’m writing to the public to provide knowledge about Lost Recovery Masters. Look no further if you ever demand hacking services, When I lost more than $150,000 USD in bitcoin, individually I found myself in a challenging situation, I was inconsolable and believed I had reached my lowest point, I had no hope of getting my invested money back. All that changed when I discovered Lost Recovery Master and everything was transformed. The company intervened and helped me get all my money back within a short period of time. Their services are well recommended and they ensure maximum satisfaction to their clients. You can contact them via Website: (https://lostrecoverymasters.com/) Whatsapp (+44(7537-105921) Support Email (Support@lostrecoverymasters.com)

Пікір қалдырыңыз