Дода дүбірі құлақтың түбінен естіледі
8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында V дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Осыған дейін Қырғызстанда – 3, Түркияда 1 рет ұйымдастырылған жарысты биыл біздің еліміз қабылдайды. Бұл додаға әлемнің 89 елінен 2 мыңнан аса спортшы қатысады деп күтілуде.
Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өз тарихында алғаш рет қалалы жерде өтпек. Бұған дейін Қырғызстандағы жарыс Ыстықкөл маңында ұйымдастырылса, Түркиядағы дода Изник атты ауылда өткен. Бұл доданы этноспорт Олимпиадасына айналдыру негізгі мақсат болып тұр. Осы тұрғыдан келгенде жарыстың қалалы жерде ұйымдастырылғаны маңызды. Біріншіден, қалада инфрақұрылым жүйелері талапқа сай болады. Сырттан келген спортшылар мен жанкүйерлерге қызмет көрсету де қиынға соқпайды. Осыған дейінгі жарыстарда халықтардың көшпелі мәдениетін танытуға басымдық берілсе, биылдан бастап доданың этноспорттық салмағын әлеуеттендіруге күш салынады.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен еліміз биыл Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізбек. Бұл – әлем жұртшылығына көшпенділердің даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін паш ететін халықаралық деңгейдегі айтулы мереке. Қазірдің өзінде елімізде өтетін Көшпенділер ойынына 90-ға жуық мемлекеттің өкілдері қатысуға ниет білдірді. Демек, бұл ойынға әлем елдерінің қызығушылығы артып, кейінгі жарыстарда қатысушылар саны бұдан да көбеюі мүмкін. Жарысты жоғары деңгейде өткізу үшін ұйымдастыру комитеті бар күшін салады, – деп мәлімдеді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Ойындар үш бөлімге негізделген: спорт, мәдениет, ғылым. Астанадағы Көшпенділер ойындарына ұлттық және этникалық спорт түрлерін, ең алдымен ат спорты, жекпе-жек, зияткерлік ойындар және т.б. түрлерін тарататын халықаралық ұйымдар (қауымдастықтар, федерациялар, одақтар, клубтар) шақырылады. Жарысқа қатысушы елдердің делегациялары спортшылардан, сондай-ақ мәдениет және ғылым саласы өкілдерінен құралады.
Астана қаласының ең үздік спорт алаңдарында 21 спорт түрінен жарыс өткізіледі. Олардың қатарында ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жектен жарыстар, дәстүрлі садақ ату, құс салудың ұлттық түрлері, ат үстіндегі сайыстар, халық ойындары бар. Ойындарда 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Ойындардың ашылу рәсімінен бір күн бұрын этноауылдың ашылуы өтеді. Этноауыл Қазанат ипподромына іргелес аумақта, шамамен 10 гектар жерге орналасқан. Бұл күні «Астана – көшпелілердің астанасы» атты театрландырылған қойылым көрсетіледі. Бұл іс-шараға ойындарға келген шетелдік қонақтар мен халықаралық спорт ұйымдарының басшылары қатысады.
V дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында «Көшпенді халық: тарих, таным, тағлым» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Конференция 9-11 қыркүйектің аралығына жоспарланған. Ғылыми қызмет аясында ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылар тезистер немесе постер ұсына алады.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында еліміздің барлық аймағын қамтыған «Бірлік керуені» жобасы басталады. «Бірлік керуені» еліміздің барлық аймағын қамтып, елордада мәреге жетеді.
«Бірлік керуені» жобасы «Аймақтық керуен», «Аймақтық этноқоныс» атты екі бағытты қамтиды. «Аймақтық керуен» бағыты бойынша Түркістан облысында 30 тамыз күні «Су алу» рәсімі өтеді. Оған Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішіндегі Құдықхана бұлақ көзі ұсынылды. Су алу рәсімін орындауға «Батыр» ретінде көкпардан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ұлттық құрама мүшесі, ел чемпионы Абылайхан Нышанбеков таңдалды.
Су алу рәсімінде Батыр ДКО дирекциясы берген арнайы сәнді торсықты сумен толтырады. Одан әрі салтанатты шеруге қатысушылар торсықты Түркістанның орталық көшелерімен алып өтеді.
Астанадағы жаңадан бой көтерген этноауыл кешені күніне 30 мың келушіні қабылдай алады. Шетелдік туристер мен жарысқа қатысушылар үшін спорт нысандарының жанында орналасқан елорданың үздік 23 қонақүйі өз қызметін ұсынады. Жалпы спорт жарыстары мен мәдени шараларды тамашалауға қазақстандық және шетелдік 100 мыңнан астам турист келеді деп жоспарланған.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары «Ұлы дала дүбірі» ұранымен өтеді. Ондағы логотипте күнбасты салт атты бейнеленген. Бұл белгі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуші елдердің барлығында қолданылып келеді. Логотиптің жалпы пішін сұлбасы көшпенділер қолдан жасаған тұрмыстық бұйымның сәндік элементтеріне ұқсайды. Логотип қою қызыл түспен боялған. Бұл ақық тастың түсі қан мен отты, жүрек пен күнді еске салады әрі адам бойына қуат береді деген сеніммен ұшталады. Ақық таспен ежелде қамшы, белбеу іспетті бұйымдарды сәндеген. Ойын атауы мыңжылдықтың басында түркі руналарында қолданылған түпнұсқа шрифтпен жазылған.
Е.Қожахметұлы.