Шын мықтылар топ жарды

Бауыржан ЕРМАН, «Оңтүстік Қазақстан».

Түркістанда даңқты боксшы, КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері, білікті бапкер Әбдісалан Нұрмахановты еске түсіруге арналған бокстан ересектер арасындағы ХХХ халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Бір жұма бойы шаршы алаңда жеңіс үшін жан алысып, жан беріскен былғары қолғап шеберлері жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді.

Турнир нәтижесіне тоқталсақ, Түркістан облысының 6 боксшысы финалға шығып, оның үшеуі жеңімпаз атанды. Одан бөлек, облыс қоржынында 3 күміс пен 2 қола жүлде бар. Атап айтқанда, 60 келіде Әділет Құрметов, 71 келіде Аман Қонысбеков, 92 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен Даниял Сапарбай алтыннан алқа тақса, 63,5 келіде қолғап түйістірген Бақтияр Анарбаев, 71 келіде бақ сынаған Темірхан Тезек және аса ауыр салмақтағы Нұрлан Сапарбай күміс жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар, 75 келіде өнер көрсеткен Рамазан Дәуетай және 92 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен Айбек Эрметов қола медальді місе тұтты. Сондай-ақ, 60 келіде өнер көрсеткен «Түркістан кәсіпқой бокс клубының» шәкірті Әділет Құрметов турнирдың «Ең үздік боксшысы» атанды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айдос Қалтаев, Әбдісалан Нұрмахановтың жұбайы Күлпаш Шаймерденова, Түркістан кәсіпқой бокс клубының директоры, бокстан әлем чемпионы Қайрат Ералиев, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Шынболат Райханов құттықтап, арнайы тағайындалған медальдарды, белбеулер мен алғыс хаттарды табыстады.
Бокс бәсекесіне еліміздің 15 аймағынан және көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Камбоджа мемлекеттерінен 145 былғары қолғап шебері қатысып, 13 салмақ дәрежесінде мықтыларды анықтады.

Пікір қалдырыңыз