Созақта мал азығының мол қоры жасақталуда

Мақсат ҚАРҒАБАЙ, «Оңтүстік Қазақстан».

Әне-міне дегенше жаздың екінші айы да сырғып барады. Бүгінде шаруалар қысқы дайындыққа кірісіп те кетті.
Өткен аптаның соңында Жуантөбе ауыл әкімшілігіне хабарласып, Шу бойындағы шаруаның жайын сұрастырдық. Жуантөбелік шаруалар жылдағы әдеттерінше төрт түлік малдың жем-шөбін дайындауға кірісіп кетіпті. Мұнда ірі шаруа қожалықтарымен қоса шағын шаруашылықтар да бар. Солардың ішіндегі бетке ұстары Жуантөбеде дайындалатын жем-шөптің 60-70 пайызына ие «Айша» шаруа қожалығы. Шаруашылық төрағасы – Асылбек Мағауияұлы. «Айша» шаруа қожалығының меншігінде 2 тракторы, орағы мен тырмасы, ауыл шаруашылығы техникалары бар. «Айшалықтар» мал азығын Шу өзені бойындағы «Жымиқы» және «Байқараның мақамы» деген жерлерден дайындауда. Сулы өңірдің қай заманнан нулы келетіні бар емес пе?! Биылғы жылы да жуантөбелік ағайын малдың қысқы азығынан тарлық көрмейміз деп отыр. Қайрат Тоқсейітұлы есімді азамат өзінің 5 гектар суармалы жеріне жоңышқа егіп, ауылдастарына сатып жатса, «Әбіласан-2Н» шаруа қожалығының төрағасы Азамат Әбіласанұлы бастаған шаруалар арқа төсінен дала шөбін оруға кірісіп кеткен.
Қаратау ауылының тұрғындары да қысқы маусымға қарқынды қаракетпен дайындық жасап, қазірден тынымсыз еңбекке көшкен. Ауыл тұрғыны Нұрсұлтан Нысанбеков пен Тұрар Қаржаубайұлы бірлесіп биыл да жылдағы кәсібіне ерте кірісті. Жігіттердің қайсысы болмасын, тіркемелі орақты, тракторды басқару, шөп престеу, оны тайлау жұмыстарын атқара біледі. Бұл бригаданың ауылдан 2 шақырым жердегі «Жайылма» жайлауының сазды шалғынды алқабына орақ салғандарына бірнеше күн болды. Жаңбыр жауып кетпегенін тілеген олар дер кезінде шөп қорын жасақтап алуды мақсат тұтып, уақытты ұтымды пайдалануда.
 Ауыл әкімі Оразхан Ермахановтың ұйымдастыруымен өздері дайындаған жоңышқаның бір данасын 650 теңгеден сатуда. Бригадада төрт трактор, екі ГАЗ-53 автокөлігі, 1 пресс, 2 орақ, 1 тырма сияқты ауылшаруашылығы техникалары бар.
Сонымен қатар, Ержан Нұрманов, Мәди Ержанұлы есімді азаматтар да өздеріне, қала берді ауылдастарына шөп дайындау науқанына белсене кіріскен.
Қысқы мал азығын дайындауға қазірден қамданған шалғайдағы Жартытөбе ауылының тұрғындары да еңбекке бел шеше кірісіп кетті. Жартытөбе ауылдық округінде ауыл шаруашылығына бағытталған жер көлемі – 185927 гектар, оның ішінде шаруа қожалығы, ЖШС-тердің пайдаланып отырған жері – 50838 гектар, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын тәлімі жері – 4749 гектар, суармалы жер үйіргелік жерді қоса алғанда 293 гектар, ал, жайылымдық жер 45796 гектарды құрайды.
Қазіргі уақытта ауыл тұрғындары күндіз-түні мал қыстауға қажетті шөп қорын жасақтауға жұдырықтай жұмыла кіріскен. Жылдағы дәстүр бойынша шөп дайындау науқанына жекелеген азаматтар да, шаруа қожалықтары да атсалысуда. Атап айтқанда, «Бабата-1» ЖШС-інде (төрайымы Сауле Қалдыбекова) 5 азамат, «Камила РБР» ЖШС-інде 6 азамат, (төрағасы Рыскелді Сапарбаев), «Қожан» ЖШС (төрағасы Оразхан Қожанов) қарамағында 3 адам, «Пернебай ата» шаруа қожалығында (төрағасы Ержан Мақұлбеков) 3 азамат, «Айгерім» шаруа қожалығында (төрағасы Нұрлыбек Көкенов) 3 адам науқандық жұмыстармен айналысуда. Ал, «Аманжол-Ш» (төрағасы Ержан Сүлейменов) шаруа қожалығында түрлі техникаларды меңгерген 6 жұмысшы бар. Биыл шөптің бітік шығуына байланысты табиғи шөптің бумасы қос басында 300 теңгеден, ал, жоңышқа 450-500 теңгеден сатылып жатыр.
Биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5% жеңілдетілген несие алу арқылы 2 шаруа қожалығы «DONG FENG» маркалы ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды.
Бұлардан бөлек ауылдағы бірнеше отбасылар да өздерінше қарекет етіп, қысқы мал азығын дайындау үстінде.
Олар өзен бойынан жантақ, бос шөп дайындап, ауыл тұрғындарына келісімді бағада жеткізіп беріп, көпшіліктің ризашылығын алуда. Қазірдің өзінде ауыл тұрғындарының 85-90 пайызы қысқы мал азығын әзірлеп алды.
Пікір қалдырыңыз