Топ тал

(Әңгіме)

Шілденің ыстығы шыдатар емес. Кәдімгі «қарғаның миы қайнайтындай» дейтін ыстықтың тап өзі. Күн төбеде шақшиып тұрып алды. Тіпті, асфальт та балқып, еріп жатыр. Сондықтан комбайннан қырға астық тасыған жүргізушілер асфальтпен жүре алмай, шаңдақ жолмен келеді. Бәрі де кабинадан бастарын шығарып алған. Кабина ыстық, ал, дала одан да ыстық.
Совхоздың қоймасы мен қырманы қатар еді. Қойманың жайдақ үйлерінің ортасында асфальтталған алаңның бір шетіне таман топ тал өскен екен. Ол мынадай ыстықта көзге ерекше шалынып, көңілді желпіп, қазақтың алты қанат киіз үйлеріндей болып елестеп кетеді. Салқын саясына шақырады. Шынында да, біздің бір байқағанымыз сол, адам шыжыған ыстықтан шын қысылып келгенде алдымен суды емес, көлеңкені іздейді екен.
Астық тасып жүрген жүргізушілерден мұнда бірінші болып жеткен Оразхан деген жас жігіт екен. Машинадан түсе сала топ талдың келеңкесіне қарай тұра жүгірді.
– Ой, шіркін-ай, мына жер нағыз рахаттың өзі ғой? – деді ол. – Ойпыр-ай, осы топ тал болмағанда не істер едік?
– Астықты жинап жүрген жалғыз өзің секілдісің-ау! – деп сәкінің шетінде отырған совхоздың байырғы жұмысшыларының бірі Орынкүл апай күліп жатыр.
– Мақтануыма болады, бүгін менен озып түрған ешкім жоқ. Сондықтан топ талдың қою көлеңкесі де менікі, – деді Оразхан да сөзден қайтпай.
– Жарайсың онда! «Еңбек ет те, міндет ет!» деген. Осыны айтқан Орынкүл апай жігітке сусын ұсынды.
– Оразхандар шын мәнінде ер ғой, тыным көрмей жүр-ау, – деп сөзге қойма күзетшісі Қаракең араласты.
Машиналар тізіле таразыдан өтіп жатыр. Жүргізушілердің бірі де қабақ шытатын емес, мына күйіп тұрған ыстық табан астында естерінен шығып кеткен секілді. Астықтың, жаңа астықтың қуанышы бәрінен басым түсіп жатқандай еді. Осы кезде совхоз орталығы жақтан бас экономист Сәкен келді. Ол топ талдың көлеңкесіне жайғасып, қырманда жүрген еңбек адамдарын жинады. Бескүндіктің қорытындысын хабарлады. Озаттардың есімін атады. Олардың құрметіне тебіренгендей топ тал тымырсық ыстықта самал шақырып, сәл теңселгендей болды.
– Ал, енді аз-кем демалып алып, жұмысқа қайта кіріселік! – десті жұрт.
– Осы аз-кем демалыста мына топ талдың тарихын айта отырыңызшы, Қареке! –  деді Оразхан.
– Иә, айтыңызшы,– десіп жатыр басқалар да.
– Осы талдар болмаса, қазір қайда көлеңкелер едік?
– Ұлы Отан соғысына осы ауылдан да талай азаматтар аттанып еді, көбісі қайтпады ғой, – деп күрсінді Қарекең.
– Мен жеңістен кейін ауылға оралдым. Ауыр жұмысқа жарайтын халім жоқ еді. Күзетші, қоймашы болып жүрдім. Ол кездері біздің колхоз Ошақты МТС-іне қарайтын. «1 Май» колхозының председателі Көкенов деген жақсы кісі еді. Кейін колхоз ірілендірілді. Мен осы қоймада жұмыс істей бастадым. Бір күні председатель шақырып алды да, қойманың айналасына ағаш егу керектігін айтты. Жалпы, бұл аймақта тал-терекке онша мән берілмейтін еді. Себебі, су жеткізу қиын. Председательдің тапсырмасын орындап, қойманың төңірегіне шыбық шаншыдым. Опыра-ай десеңізші, сол жазда да осындай қатты ыстық болып еді. Жас көшеттер түгел көктегенімен, оларды шілдеде аман сақтау қиынға соқты. Шелекпен тасып суарып жүрдік. Бірақ, бәрін бірдей сақтап қала алмадық. Сонда да болса, көпшілігі көгеріп, тал болып кетті. Міне, топ талдың тарихы осы ғана. Ал, қазір қанша адамға көлеңке болып тұр, – деді Қарекең.
– Шынында да сол кезде құнт болмаса қазір анау өзге үй-жайлар секілді бұл жер де жалаңаш болып тұрар еді, – деді Орынкүл апай. – Сізге тапсырма берген председательге де, тапсырманы мүлтіксіз орындаған сізге де рахмет.
Осы жерде топ талдың көлеңкесінде отырған жұрттың әңгімесі түгел ағаш отырғызу, көкжелек өсіру, табиғат сұлулығы жайына ойысып кетті.
– Мұндай судан алыс жердегі қойма, қырман түгілі, арығы сылдырап ағып жатқан жерлерде де, өз үйлерінің айналасына ағаш шаншымайтын, кішкене ғана учаскесіне жөндеп қарамайтын адамдар бар ғой, – деді қырманшылардың бірі.
– Осы биылғы күзден бастап бау өсіруге кірісемін,– деп құлшынды жас жүргізушілердің бірі.
– Жөн-жөн, балалар, тек топ талдың көлеңкесінде отырып айтқан сөздеріңді ертең мына ыстықтың беті қайтқан соң ұмытып кетпегейсіңдер, – деді Қарекең жымиып.
– Жо-жоқ, ендігі жылы осы уақытта осы қырманда не істегенімізді өзіңізге мәлімдейміз, –  деді жастар.
Сәлден соң жүргізушілер түскі демалысты аяқтап, машиналарын от алдырып, астықты алқаптарға қарай жол тартты. Қарекең топ талдың көлеңкесінен тұрып, қолына жусан сыпырғышын алды. Орынкүл апай табақ-аяқты жинастырып жүр. Қырман мен қоймада қызу еңбек кайта басталды.
Біз де жол жүріп бара жатып, алыстан топ талды көріп, қайырылған едік. Көлеңкеде саялап, енді қайтадан жолға шықтық. Топ тал көпке дейін көрініп түрды. Біз оларды қимай, қайта-кайта артымызға қарай бердік...

Мамытбек ЖАҢБЫРОВ.
Пікір қалдырыңыз