Мінезді адам өлі балық емес

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Оңтүстік Қазақстан».
Жасыратыны жоқ, біздің қоғам мінезі бар адамдарды онша жарата бермейді. Әсіресе қолында азды-кем билігі барлар «біртүрлілеу» адамдардан іргесін барынша аулақ салады. Өйткені, мінезді адам қалыпқа сыймайды. Қалыпқа сыймаған соң айтқанға көніп, айдағанға жүре ме?! Бірақ, бір жақсы жері мұндай «ерекше» адамдар еркіндікте өмір сүреді. Кейде кейбір күрмеулі мәселелерді оңтайлы шешу үшін де мінез керек. Шешуші кезеңдерде табанды мінез маңызды рөл атқарады.Махамбеттің мүсіні
Осыдан он шақты жыл бұрынғы бір оқиға есіме түсіп отыр. Әлдебір шаруалармен Шымкент қаласындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы мектепке барғанбыз. Ары-бері өткіншілердің назарын өзіне аудартып, әудем жерде тас мүсін тұр. Махамбеттің мүсіні екенін астындағы жазуына қарап анықтамасаңыз, жауынгер ақынды жыға тануыңыз қиын. Бір қарағанда батырға емес, балаға ұқсайды. Арзанқол бұйымнан жасалған соң ба, өңі де оңып кетіпті. Өз дәуірінде бетіне жел тимеген Жәңгір ханға қарап: «Хан емессің, қасқырсың, қас албасты басқырсың» дегенді қасқайып тұрып қаймықпай айтқан хас батырды емес, жаман шалдай жарбиып тұрған мүсәпірді көргендей болдық. Білгеніміз, мектеп, көше аттары енді қазақшаланып жатқан тұста бұл оқу орнына Махамбет Өтемісұлының есімі беріледі де, оған қоладан мүсін орнатуға қолда дайын қаржы болмай, еңбек пәнінің мұғалімі оқушылармен бірге амалдап сол ескерткішті сомдап шыққан екен. Әрине, жоқтан бар жасап, батырдың мүсінін сомдаған оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Десек те, одан бергі он-он бес жылда бұл олқылықтың орнын толтырып қоюға болар еді ғой.
Неге екенін қайдам, мектеп басшысы білім ұясының сәнін кетіріп, өз абыройы ғана емес, қазақтың айбарлы батыр-ақынына да сын келтіріп тұрған мүсінді жаңалатуды ойламады. Кейіннен мектеп күрделі жөндеуден өткен кезде де ескерткіш ескерусіз қалды.
Мұны не үшін айтып отырмыз? Егер сол кезде әлгі мектепте елдік мүддеге келгенде «жаным – арымның садағасы» дейтін мінезді басшы болғанда бұл мәселе бірден шешімін тапқан болар ма еді деген ой келеді.
Жұмекеңнің «жүрісі»
Неге екенін, содан бері басшы атаулыны екіге бөліп қарайтын әдет таптым. Бірі әр күнін тиімді өткізу үшін тыным таппайтын «жайсыз» басшылар да, екіншісі – көң креслоға ие болып қарайып отырғанына ғана мәз басшылар. Басшылар туралы сөз бола қалса, көз алдыма алғашқы редакторым Жұмабек Мұқанов елестейді. Шардара аудандық «Өскен өңір» газетінде қырық жылдай қызмет істеген, соның отыз жылында басшылық еткен Жұмабек Сейілханұлының жанында бес жыл жүру бақыты бізге де бұйырған екен. Бақыт дейтініміз, мінезі күрделі редакторды енді түсінгендейміз. Жұмекең біз айтып отырған ағысқа қарсы жүзетіннің нақ өзі еді.
Бір мысал айтайын. Бірде ұжыммен жиналыс өткізіп отырған редакторға біреу қоңырау шалды. Әкімшіліктен екен, жаңадан тағайындалған әкім аудандық газеттің бас редакторымен танысқысы, сөйлескісі келетінін, сол үшін шақырып жатқанын жеткізді. Басқа біреу болғанда жиналысты асығыс аяқтап, аудандағы «ақ үйге» қарай құстай ұшқан болар ма еді? Жұмекең өйтпеді. «Менің әкімде ешқандай шаруам жоқ, егер ол кісінің менде шаруасы болса өзі келсін» деді де, жиналысты әрмен қарай жалғастыра берді. Арада жарты сағат өтпеді-ау, қасына бір-екі нөкерін ертіп, ауданның бірінші басшысы келді. Үлкен басын иіп келіп тұрған әкімге Жұмекең де лайықты құрмет көрсетті. «Сіздің шақыртуыңызға бармай, кісілік танытайын деп отырған түгіміз жоқ. Өзі келсе, шығармашылық адамдарының жағдайымен танысса, редакцияның бүгінгі ахуалын көрсе деген ой біздікі. Басшы ретінде әрі қарай қандай шешім қабылдайсыз, оны патша көңіліңіз біледі» деді де, көптен бері күрделі жөндеу көрмеген редакция бөлмелерін аралатып көрсетті. Содан көп ұзамай жаңа жиһаздарға қол жеткізіп, компьютерлерді де жаңалап алдық. Сол әкім одан кішірейіп қалған жоқ, қайта елдің құрметіне бөленді.
Бақтиярдың батылдығы
Бүгінде Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығына басшылық етіп жүрген Бақтияр Спанов ағамызды былайғы ел мәдениет саласының білгір маманы деп біледі. Бірақ, керек кезінде, сол мәдениетті адамыңыз кесек мінез де таныта алады.
Бұдан біраз жыл бұрын Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының директоры болып тағайындалған Бәкеңді құттықтап барсақ, басшылық тізгінді қолға алған ағамыз қуанудың орнына бұлқан-талқан болып ашуланып отыр. Сөйтсек, төбесінен су сорғалап тұратын театр ғимаратын жөндету керек деген ұсынысы басшылар тарапынан қолдау таппапты. Қайта оны бұзып, жаңасын салуды құп көретін сияқты. Жүз жылдық тарихы бар «көненің көзін» сақтап қалу үшін Бәкеңе ағысқа қарсы жүзуге тура келді. Бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Ақыры дегеніне жетіп, күрделі жөндеуден өткізіп, сүйегі асыл ғимараттың «жасын» тағы біраз жылға ұзартып бергені бар. Дегенмен, «айтқанға көніп, айдағанға жүрмейтін» адамды кім жақтыра қойсын, ақыры Бәкең жұмыстан кетіп тынды. Жылға жуық жұмыссыз жүрсе де сағы сынған жоқ, мәдениет саласындағы мәселелерді іркілмей айтып жүрді. Ал, ол сөйлесе жұрт алдындағы асын жерге қоятын, тәмсілдерін тамсана тыңдайтын. Міне, осы мінезі мен шешендігі ұнайтын шығар, Бақтияр Әбілұлын әліге дейін аттай қалап, тойын басқарту үшін асаба еткісі келетіндер көп. Қандай қызметте жүрсе де кішіпейілділігінен танбаған ол ешқашан ешкімге кейбір шікірейіп қалған шенеуніктер сияқты шекесінен қарап, мұрын шүйіріп көрген емес. Басшылық қызмет атқарып жүрсе де шын ықыласымен өтініш жасағандардың тойын басқарып беруден, қызықшылығына ортақтасудан қашпайды. Бүгінде үшінші мегаполистегі Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығын басқарып жүріп те шаһардағы көптеген игі бастамалардың ұйытқысы болып жүр.
Борекеңнің болмысы
Болмысы бөлек азаматтардың бірі ретінде бүгінде жасы жетпістің бел ортасына келсе де қолынан қаламын тастамай, қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап жүретін журналист Боранбай Құдияровты айтуға болады. Ол кісімен де осыдан он шақты жыл бұрын қызметтес болдық. Облысқа белгілі бір ағамыздың демеушілігімен жарық көрген, он бес мыңға тарта таралымы бар «Жаңалық плюс» газетін басқарып жүргенімде бір қызық жағдай болды. Ұлтжандылық, патриоттық дегенде қаламды қаттырақ сілтеп жіберетін әдетіміз бар емес пе, бір күні достармен бас қосып, әңгіме арасында туралықтың жолында шейіт болған «разборщиктер» жайлы сөз қозғалды. Әлгінде болған әңгіменің әсері ғой, қылмыс әлемінде «Рыжий Алмаз» деген лақап атпен танылған аягөздік Нәсіпбай Нәсеновтің жеті тіл білген білімдарлығын, жұрт ойлағандай тентек қана емес, керісінше, өте ақылды да болғанын, осындай азаматтардың көзі тірі кезінде қадіріне жете алмай жүргенімізді тізіп отырып «Бандит емес – Батыр, Қылмыскер емес – Қаһарман!» деген мақала дайындадық. Газет елге тарап кетті. Жастарға рухани қозғау салатын мақаланың жарық көргеніне қуанып біз жүрміз. Ертеңіне құрылтайшылар кезектен тыс жиналыс өткізіп, бас редактордың мәселесін қарады. Сондағы айтатыны «сен қолы қан қылмыскерді қаһарманға теңепсің».
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша басшылар біраз жерге барып қалды. Бір кезде редакциядағы ақсақалымыз Боранбай
Құдияров сөз сұрады. «Бұл жерде бүлініп қалған ештеңе көріп тұрған жоқпын, – деді Борекең. – Біз «Рыжий Алмазға» қаһармандықты ресми бермесек те қоғам оны солай қабылдайды. Яғни батыр дейді. Егер біз ұлтқа шынайы қамқор болған бұл азаматтардың батырлығын қолы қан деп бұра тартатын болсақ кешегі Бөгенбайың да, Қабанбайың да, тіпті күллі қазақ батырың кім дегенде іркілмей айтатын Бауыржанның да қолы қан... Олар адам өлтірмеді деп айта аламыз ба? Мәселеге осы жағынан да қарау керек. Бір мақалаға бола бас салып төмпештей берсек, сөз бостандығы, шығармашылық еркіндік деген қайда қалады?».
Міне, осындай сындарлы сәттерде айналаңдағы адамдардың бетпердесі сыпырылып, кімнің кім екені айқындала түседі. Қай нәрсеге де байыппен қарап, тайсалмай турасын айтатын ағамызбен әліге дейін араласып тұрамыз. Жас айырмашылығымыз алшақ болғанымен, көңіліміз жақын.
Басқаша ойлайтын балалар да бар
«Сіздер бізді зообаққа жиі апаратын едіңіздер. Танымы артсын, көңілі көтерілсін дейтін шығарсыздар, бірақ менің ол жерден көңілім құлазып шығады. Себебі, еркіндікті аңсаған аңдардың көзінен мұң көремін. Қапаста қамалып тұрған аң патшасы арыстанның мүсәпір хәлін көріп, адамдардың қатыгездігінен шошынамын. Адам ашуланған кезде одан жағымсыз энергия бөлінеді. Сол сияқты тордағы тағдырлы аңдар да адамға кері әсер ететін энергия бөледі. Зообаққа барған сайын ауырып қалатыным, бәлкім, содан шығар».
Бұл – бүгінде М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің туризм факультетінде оқып жүрген ұлым Мұраттың сөзі. Елдің бәрі аңдарды жақыннан көріп, танымын арттырып жүргенде, біздің «басқаша» ойлайтын балдар ол жердің зияны туралы айтып таң қалдырды. Сонда аң атаулыны тек теледидардан ғана көруіміз керек пе? Бұл сұраққа да іркілген жоқ. «Адам еркіндікті қаншалықты қаласа, аңдар да солай өз еркімен өмір сүргісі келеді. Мысалы, біздің елде орманды-тоғайлы орындар көп. Өзіміздің Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркін алайық. Заман талабына сай айналасын қоршап, ортасынан қауіпсіз етіп жаяу жүргіншілер, атпен серуендейтін, тіпті, арнайы шағын көліктер жүретін етіп қойса, әр аймақтағы аңдарды дүрбімен-ақ көріп тамашалауға болады. Олар еркін өмірде барынша тез өседі. Шынайы болмысын көруге болады. Өзіңізді қызықтырған аңның өмір-тіршілігін осы жерден зерттеу әлдеқайда қызықты болмақ».
Зообақтағы аңдардың жиі ауыратыны, тіпті жыл өткен сайын жойылып бара жатқаны да рас. Тазалықтың, тәртіптің жоқтығынан кейбірі «аурудың ошағына» айналғанын да жоққа шығаруға болмас. Бұл қарқын адамдардың зообаққа деген қызығушылығын одан сайын бәсеңдете түсетіні анық. Осы тұрғыдан алғанда, бәлкім, басқаша көзқарас керек-ақ шығар...
Жалпы, әркімнің туабітті мінезі болады. Біреулер өз дегенін дәлелдеу үшін ақ тер, көк тер болып, соның жолында қандай қиыншылық болса да күресіп бағады. Тағы біреулер тыныш, елеусіздеу жүргенді тәуір көреді. Бәрі адамның болмысына байланысты. Сол болмысты танып, түсінуге әрекет етудің өзі адамгершілікке жатады. Адамды адам деп құрметтеуіміз керек. Соның ішінде ағысқа қарсы жүзгісі келетін, өз ұстанымынан айнымайтын адамдар да болады. Міне, осындай мінезді адамдар ешқашан адамгершіліктен аттамайды. Бір ауыз сөзбен оларды өлі балық емес деп айтуға болады. Тірі болғанға не жетсін!
Дәуренов Болат Бекжігітұлы
Бахтияр Әбілұлымен достығымыз қырық жылдан асты ... Бахтиярдың адами азаматтық келбеті мына кішкене мақалада керемет сомдалыпты! Бахтиярмен бірге болғандай тығыз араласпасақ та марқұм Жұмабек Мұхановпен сәлеміміз түзу еді. "Өскен өңірде" көпшіліктің көңілінен шыққан шенеуніктер жөніндегі небір сын мақалаларымен ауданды дүрліктіргені есімде !
Айжан
Бақтияр Әбілулы еңбекқор шыншыл бірбеткей адал басшы.Биік шыңнан көріне беріңіз
Спанов Ихтияр Әбілұлы.
Өте керемет жазылған дүние екен.Шығармашылықтарыңызға сәттілік.
Б Әбілұлы
Керемет жазылған дүние екен, жазар көбейсін! Алла тура жолдан тайдырмағай????