«Абай жүлдесі» сарапқа салынды

Бауыржан ЕРМАН, «Оңтүстік Қазақстан».

Түркістанда Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 30 жылдығы аясында тоғызқұмалақтан «Абай жүлдесі» турнирі өтті. Облыстық мәслихат ұйымдастырған турнирге Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты және Қазақстан Республикасы тоғызқұмалақ спорты федерациясы қолдау білдірген. Мақсат – аталған мерейтойды лайықты атап өтіп, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қолдау және ұлттық ойын – тоғызқұмалақты дәріптеу.
Турнирдің ашылу рәсіміне облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық мәслихат депутаттары –
М.Тұрысбеков, Қ.Жантөреева, И.Намазбаева, Б.Шойбеков, Е.Хандиллаев және барлық деңгейдегі депутаттар, мәслихат аппаратының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, әуесқой ойыншылар мен блогерлер, саяси қайраткерлер мен қоғам белсенділері қатысты. Облыстық
турнирді Нұралы Әбішов ашып, көпшілікті айтулы датамен құттықтады.
– Бүгінгі турнирдің «Абай жүлдесі» деп аталуы тегін емес. Өйткені, Абайдың өзі тоғызқұмалақты сүйіп ойнаған. Ол бойында өнері бар жастарды қасына жиып, оларға тоғызқұмалақ үйретіп, кейіннен үздік тоғызқұмалақшылармен бірге жұрт қызықтайтын бәсекелер өткізіп отырған. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың бастамасымен және тоғызқұмалақ федерациясының қолдауымен ұйымдастырылып отырған бұл турнир  Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына арналады. Абай заманынан бүгінгі күнге жеткен тоғызқұмалақ ойыны шынайы ұлттық өнерге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін! Баршаңызға бүгінгі сайыста сәттілік пен жетістік тілеймін! – деді Нұралы Әлмаханұлы.
Бұл турнир үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде аудан, қалаларда іріктеу ойындары өткізіліп, 64 ойыншыдан тұратын 12 команда облыстық турнирге қатысты. Екінші кезеңде өңір жеңімпаздары анықталып, тамыз айында өтетін үшінші республикалық финалдық кезеңге жолдама алды. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар арнайы кубокпен, медальмен және алғыс хатпен марапатталды. Одан бөлек, қатысушыларға арнайы номинациялар бойынша да марапаттар табысталды.
Атап өтсек, есептік кезеңде 12 команданың ішінен озық шыққан Қазығұрт ауданы бірінші орынға ие болды. Жетісай ауданы екінші сатыға жайғасса, Бәйдібек ауданы үшінші орыннан көрінді. Турнирдің қорытынды рәсімінде облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішовке ҚР тоғызқұмалақ федерациясының атынан алғыс білдіріліп, тоғызқұмалақ тақтасы табыс етілді.
Пікір қалдырыңыз