Зира әженің зейіні әлі де мықты

Сәбит Қалдыбай,
«Оңтүстік Қазақстан».

Мақтаарал ауылдық округінде тұратын аяулы да ардақты ана, еңбек ардагері Саттарова Зира әже биыл 100 жасқа толды. Ол әлі де ширақ. Жүз жасқа толған әжені арнайы құттықтап бардық. 

Келес өңірінде дүниеге келген Зира әже  қаршадайынан қара жұмыс істеп, еңбекке ерте араласыпты. Мемлекетаралық «Достық» каналын қазуға қатысқан. Бойжеткенде Әділхан деген азаматпен отау құрады.  Екеуінің  Сабыр, Дүйсен, Айтбай атты перзенттері өмірге келеді. 1954 жылы жұбайы ауыр науқастан қайтыс болған соң, Қожахан атасы  жас отбасыны қиналмасын деп Мақтаарал ауданы, Мақтажан ауылына көшіріп әкеледі. Зира әже осы ауылдағы мектепте еңбек етті. Ауылдық кеңеске депутат болып сайланды. «Ерен еңбегі үшін», Ұлы Жеңістің 50-60 жылдығына орай мерекелік медальдарымен, бірнеше Мақтау грамоталарымен марапатталды.
Үлкен ұлы Сабыр 40 жыл білім саласында қызмет етсе, ортаншы ұлы Дүйсен механизатор, содан соң бригадир болып еңбекке араласты. Ал, кенжесі Айтбай болса кеңшарда ұзақ жыл механизатор болып жұмыс істеді. Зира әже бүгінде  үш ұлынан 15 немере, 64 шөбере, 11 шөпшек сүйіп отыр.
Ғасыр құрдасы атанған Зира әже өте сабырлы, байыпты жан.
Үнемі перзенттерін, әсіресе, немере-шөбере, шөпшектерін айналып, толғанып отырады. Уайымға, күйзеліске түспеуге тырысады. Теледидардан күнделікті жаңалықтарға құлақ түреді, концерт көреді. Дәстүрлі халық әндерін сүйіп тыңдайды.
Перзенттері «асыл текті анамыз қазіргі таңда ақ ана, ақ әже. Әжесі бар үйде күнде мереке. Алтын анамызды әрдайым мақтан тұтамыз, өйткені, ананың ақ сүтін ақтау парызымыз» десе, келіндері «анамыздың денсаулығы жақсы, өзін сергек сезінеді. Қимылы ширақ, ешкімнің көмегінсіз, өзі жүріп, тұрады. Ол кісі «астан үлкен ешкім жоқ» деп тағам таңдамайды. Тамақты мөлшермен ішеді. Сәл мазасы болмай қалса жылы су ішіп, өз-өзін емдейді. Лажы болса, дәріхана дәрісін ішпеуге тырысады» дейді.
Зира әже өте көңілді жан, әзілдесіп жұртты күлдіріп отырады екен.
«Мына жарық дүниенің әрбір сәтін бағалай біліңдер. Алланың әрбір жақсылығына шүкіршілік етіңдер. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» дейді ғасыр жасаған Зира әже.
Біз ғасыр құрдасы – Зира әжемізге отбасында бақытты ғұмыр кешіп, қуанышқа, шаттыққа бөлене беруіне тілектестік білдіріп қоштастық.

Мақтаарал ауданы.

Пікір қалдырыңыз