Бибі Мариям әулие

Кесенесі Шолаққорғандағы «Өр қақпаның» батыс бөлігінде. Басына тұрғызылған ескі кесенесі құлап, орнына жаңадан кесене тұрғызған. Тұрғызылған кесененің есігі оңтүстік-шығысқа қараған. Жергілікті халық тұрғызған кесененің ұзындығы 6 метр, ені 5 метр, биіктігі 4,5-5 метр шамасында селикат қышпен өрілген. Төбесі күмбезденген. Кесене айналасына өрік ағаштары отырғызылған, ол кесенені қоршай орап, сырт көзге толық көрсетпейді. Кесененің ішінде бір адамның денесі бар, оның үстіне ақ бөз жауып, айналасында адам жүретіндей орын қалдырған. Есігінің алдына ағаш орындық қойылған. Зиянат етушілер ашық тұрған есік алдында отырып Құран бағыштайды, ішіне кіріп тәу етеді, тілек тілейді.

Ел арасындағы әңгімеге қарағанда, кешегі кеңестік саясат тұсында жергілікті жерлердегі кесенелерді қирату шарасы қолға алынады. Сондай нұсқау Бибі Мариям басына тұрғызылған кесенеге де беріледі. Кесене маңына жиылған халықтан батылы барып ешкім бұзуға шыға қоймапты. Сонда бір қария «Мұнда тұрған не бар?» деп, кесене қабырғасына балта шабады. Балта шапқан кісі сол сәтте-ақ тіл тартпай кетіп, бұзуға бұйрық берген ел белсендісі көп ұзамай жынданып кетіпті деседі.
Тарихи деректе Ысқақ бабтың екі қызы болған: үлкені – Бибі Гауһар ана, кішісі – осы Бибі Мариям. Теріскей өңіріндегі құдіреті күшті, ең жасы үлкен әулие әйел – Гауһар ана сіңлісі бибі Мариямның түсіне еніп, «Пәктік пен тазалық, әділдік пен ақиқатты сақтаушы пір ретінде елге таныласың» деп аян беріп, жарылқаған екен. Сол айтқандай, бибі Мариям ана туралы аңыз-әпсаналар мазмұны оны пәктік пен тазалықты, әділдік пен ақиқатты сақтаушы пірі ретінде елге танытады.
Әулиенің қасиеті – Адалдықтың иесі, пәктік пен тазалық, әділдіктің пірі ретінде адамзат баласына тек жақсылық пен адалдық сыйлайды. Соның қорғанышы болып табылады.
Бибі Мариям кесенесінің оңтүстік-шығысында бұлақ бар. Оны «Бибі Мариям бұлағы» дейді. «Емдік қасиеті бар. Зиярат етуге келушілер көз ауруына, қышығанда, жасаурап, талып ауырғанда бұлақ суымен жуып, ем ретінде пайдаланады. Мұнан басқа бұл төңіректе Бибі Хадиша, Қошқарата, Әбдікәрім ата, Бибі Гауһар ана, Смайыл ата, Шашты ата, Әбдіжәлел бабтың қадам жайы сияқты әулиелер бар. Олар бұл жерге VIII ғасырда келіп, өмір сүрген дін таратушылар» дейді шырақшысы Расылбеков Сматулла.

Жазира СҰЛТАНБАЕВА,
Сұлтанбек Қожанов атындағы 
өлкетану музейінің қызметкері.

Пікір қалдырыңыз