Әжесін іздеген поляк қыз

Сталиндік репрессия кезінде қуғын-сүргін көрген поляк азаматтарының біршамасы Созақ ауданына жер аударылғанын тарихтан білеміз. Олардың көпшілігі түрлі аурулардан, климатқа жерсінбегендіктен денсаулықтары нашарлап, қайтыс болады. Өмірден өткен бауырлары мен туыстарын еске алып, әрі бұрынғы тұрған жерлерін көргісі келетін поляк азаматтары Созақ ауданына жыл сайын келіп тұрады. Бұл туралы жергілікті жазушы, ұстаз Тұрысбек Шылманбетовтің «Пешенеңе жазылған» атты естелік кітабында да жақсы суреттеледі.

«Zwiazku Sybriakow» одағы бірлестігінің мүшесі, қуғын-сүргін құрбандарын іздестіруші Януш Кобрынь мырза 2015 жылдан бері Созақ ауданына, Түркістан, Кентау қалаларына келіп, осы тақырыпты зерттеп келеді.

Жуырда Януш Түркістан арқылы Шолаққорғанға келді. Онымен аудандық орталық кітапханада кездесу өтті. Сол жиында ол жергілікті кітапханашыларға поляк халқының ауыр тағдыры туралы терең әңгімеледі. «Дөңгелек үстел» басында Януш бастап, осы жолдардың авторы қостап бар білетінімізді, үлкен қариялардан естігендерімізді айтып бердік. Жалпы мен 2017 жылдан бері Януш мырзамен бірлесіп, Созақ ауданында  тұрған, кейін осында жерленген поляк азаматтары туралы мәліметтер жинаумен айналыстым. Көптеген тың деректер табылды. Шолаққорған ауылының 1945 жылы қолмен сызылған картасы да табылды. 

Өткен жолы Януштың жол сілтеуімен ауданымызға Мариоли Розвадовская келді. Оның үлкен әжесі Конечна біздегі Калинин колхозында қайтыс болған. Әкесі Яна Розвадовский, анасы үшеуі Шолаққорған ауылындағы әжелерінің зиратына барды. Олар 1940-44 жылдары аталары Польшаға кететін кезде, кейін заман түзеліп, бауырларымыздың зиратын іздеп келетін болсақ, тауып алуға оңай болсын деген ниетпен Шолаққорған ауылын, туыстары жатқан зиратты, жерленген жерлерді картаға түсіріпті. Қазір оның пайдасын көріп жатыр. Іздеген орнын қиналмай тауып алады. Януш мырзада тіпті, сол уақыттағы Шолаққорған ауылындағы №17-ші балалар үйінде тәрбиеленген поляк балаларының тізімі де бар болып шықты. 

– Менің есімім Януш. Бірнеше жылдан бері ХХ ғасырдағы қуғын-сүргін құрбандары туралы естеліктер жинап жүрмін. Өз атымнан және «Поляк қуғын-сүргін құрбандарын  іздестіру» қауымдастығы атынан қазақ халқына, аудан жұртшылығына алғыс білдіргім келеді, – деді ол. 

«Поляк патриоттары одағының тізіміне Созақ ауданында 1687 жер аударылған қуғын-сүргін құрбандары тіркелген. Оңтүстік Қазақстан облысынан 1945 жылы 10789 поляк туған отанына оралған. Оның ішінде Созақ ауданынан 586 адам еліне қайтса, 1101-і мәңгілікке осында қалды. Көбі сырқаттан, аштықтан, ауыр жұмыстан қайтыс болды. Араларында полиция, әскери қызметшілер, орманшылар, мұғалімдер мен босқындар бар. Басым көпшілігі кедей шаруа отбасынан шыққан. Соғыстың алдында Польшаның шығыс облыстарынан, яғни 1940 жылдың ақпан айында КСРО-ның солтүстігіндегі Коми АССР, Архангельск, Вологодский, Молотовский, Свердлов облыстары арқылы Қазақстанға жеткен» дейді Кобрынь мырза. 

Януштың жол сілтеуімен ауданымызға келген Яна Розвадовский отбасымен «Мыңжылқы» Мәдениет үйінде болды. Кезінде Калинин колхозында жұмыс істеп, өмірден өткен әжесі Конечнаның зиратына барып, гүл шоғын қойды. Бұл отбасының басты мақсаты – ауданда қалған әжесінің зиратын табу болған. Өмір бойы жүректерінің бір бұрышында жатқан армандары осылай орындалған. Арада қаншама шақырым, қаншама жылдар жатса да туыстық сезім, ата-бабасына деген құрметі, сағынышы басылмаған. 

Поляк қонақтар созақтықтарға алғыстарын жаудырып, елдеріне аттанып кетті.


Мақсат ҚАРҒАБАЙ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Пікір қалдырыңыз