Ташкенттен жеңіспен оралды

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың «Ақбаян» сән театры халықаралық «Азия өрнектері» байқауында екі бірдей бірінші орынды жеңіп алды. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен барлығы 56 үміткер қатысқан сән фестиваліне Марат Ерімбетов, Жәмила Ерназарова, Сымбат Әбдіхалықтың (2 студент, 2 жетекші) «Кемелдік құпиясы», «Сиқырлы оазис» атты еңбектері ұсынылған болатын. Туындылардың бірі этнодизайн стилінде болса, екінші туындыда этникалық киім заманауи үлгімен ұштастырылған.
— Бұл байқау Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласында дәстүрлі түрде төрт жылда бір өтеді. Біз оған үлкен дайындықпен бардық. Екі жыл бойы іздендік, зерттеу жүргіздік. Кітапханаларды аралап, видеороликтердегі көне киім үлгілерін қарастырдық. Сайрамдағы музеймен тығыз байланыста жұмыс істедік. Өнер майталмандарын біздің дизайнерлердің көне киіммен заманауи үлгіні ұштастырудағы шеберлігі, пішу, тігу техникасы қызықтырды. Өзбек халқының ХVІІ ғасырда киген паранжасын қайта жаңғыртудағы еңбегімізді өздерінің тарихы мен дәстүріне деген үлкен құрмет деп бағалап, ризалықтарын білдірді. Осындай байқауға қатысып, бағымызды, кәсіби шеберлігімізді сынап көруге қолдау көрсеткен университет басшылығына алғысымыз шексіз, – дейді қоғамдық кәсіптер даярлау орталығының басшысы, дизайнер Марат Ерімбетов.
Жеңімпаздарды университеттің басқарма төрайымы–ректор міндетін уақытша атқарушы Гүлжан Сүгірбаева арнайы қабылдап, құттықтады. Гүлжан Дәулетбекқызы университет мерейін асқақтатқан өнерпаздарды алдағы уақытта сый­ақымен ынталандыру мәселесі қарастырылатынын және қолдау көрсетуге қашан да дайын екендіктерін жеткізді.

Лаура ТАСТАНБЕК.
Пікір қалдырыңыз