Барлығы салауатты өмір салтын ұстанудан басталады

        Жыл сайын 500 мыңнан астам қазақстандық қан айналымы жүйесі ауруына шалдығады екен. Атеросклеротикалық жүрек-қан тамырлары аурулары ерте мүгедектікке немесе өлімге әкеледі. Медицина ғылымдарының докторы, доцент, Қазақстан Республикасы кардиологтар қауымдастығы президиумының мүшесі С.Әбсейітовамен жүрек-қан тамырлары ауруларының себептері мен алдын алу туралы әңгімелестік.

       Сәуле Райымбекқызының есімі өңір жұртшылығына жақсы таныс. Оның тікелей қатысуымен 2000 жылы қалада облыстық кардиологиялық орталық ашылып, оны он жыл бойы басқарды. Қазіргі таңда С.Әбсейітова Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында дәріс береді. Еуропалық кардиология қоғамының мүшесі.

       Сәуле Райымбекқызы 1971 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын «Жалпы медицина» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын учаскелік дәрігер болып бастады, кейін №6 қалалық аурухананың дәрігер-ординаторы, терапевтік бөлімшесінің меңгерушісі, реанимация және гипербарикалық оксигенация бөлімшесінің дәрігері, жедел жәрдем ауруханасының инфаркт бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ол кардиология және гипербарикалық оттегі терапиясы бойынша маманданған. 1988-1996 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының емдеу-алдын алу жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Осы қызметпен бір мезгілде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының клиникалық жұмыс жөніндегі бірінші проректоры қызметін атқарды. 1996-2000 жылдар аралығында облыстық эндокринологиялық диспансердің бас дәрігері болды.   

          С.Әбсейітова ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасы, Қазақстан кардиологтар қауымдастығының «Ақ жүрек», «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағы мен төсбелгісі, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласындағы қызметтері» төсбелгісі бар. Сондай-ақ, «Ерен еңбегі үшін», «Парасат», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» ордендері мен «Ұлттық медицина қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жоғары марапаты – «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегері. 

       Сәуле Райымбекқызымен тілдескенімізде, бүгінде елімізде жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге барлық жағдай жасалып, замануи құрал-жабдықтармен қамтылғанымен өкінішке орай, науқастар саны неліктен азаймай отыруының себебін білгіміз келген.

     – Оның бірнеше себебі бар. Соның бастысы, әрине, қазіргі адамдардың өмір сүру салты. Әсіресе жастар жағы бұл дертке көбірек ұшырауда. Негізі барлығы балалық шақтан басталады. Теңдестірілген тамақтану, ұйқы режимі, физикалық белсенділік және отбасындағы атмосфера дұрыс болмаса қиын. Қазіргі балалар, өкінішке орай, газдалған сусындар мен фастфудты көп мөлшерде тұтынады. Қан тамырларының ішкі қабырғасының астындағы липидті (майлы) дақтар (интимадағы эндотелийдің астында - артерияның немесе тамырдың ішкі қабатында) тіпті салмағы жоғары нәрестелерде және дене салмағы артық балаларда кездеседі. Жасы ұлғайған сайын липидтердің жинақталуы артуы мүмкін, дененің тамыр жүйесінде атеросклеротикалық бляшкалар пайда болады, проблемалар басталады, –деді облыстық денсаулық сақтау жүйесінің бас кардиологы.

      Оның қызметінде алғаш рет жедел коронарлы синдроммен және жедел миокард инфарктысымен ауыратын науқастардың коронарлық артерияларына стент қою операциялары қолға алынды. Ашық жүрекке ота жасала бастады.

       Сәуле Райымбекқызының есімі тек оңтүстік жұртшылығына ғана емес, бүкіл Қазақстанға белгілі. Себебі ол Астана қаласындағы «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ-да халыққа кардиохирургиялық көмек көрсетуді үйлестіру бөлімінің меңгерушісі, бас ғылыми қызметкер болып он жыл жұмыс істеді. 2012-2017 жылдар аралығында С.Әбсейітова ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас кардиологы қызметін атқарып, еліміздің барлық өңірлерінде жедел коронарлық синдромды емдеу стратегиясын енгізді. Шәкірттерінің айтуынша, Сәуле апайдың талабы жоғары. Соған орай алып жатқан білімдері де сапалы. Олар Сәуле апайдың еңбек жолына қатты қызығады екен. Өздері де келешекте ұстаздары тәрізді білікті маман болуды көксеп отыр. Біз оларға тек сәттілік тіледік. 

Ақнұр ӘБІЛҚАСЫМ,

М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың 2-курс студенті.
Пікір қалдырыңыз