Үлкен жеңістердің артында мықты ұстаз тұрады
Ерболат АЙНАБЕКОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Дүбірлі додалардағы талас-тартыс, жан берісіп, жан алысатын сәттер – спорттағы көз бен көңілді бірдей арбайтын бергі жақтағы дүниелер ғана. Ал, оның арғы жағында мыңдаған дүлдүлдерді аламан сайысқа жанын сала дайындайтын бапкерлер мен қылыштай қайрайтын спорт менеджерлерінің жанкешті еңбегі – маңдай тері, ізденістері, сұрапыл тірліктері жатыр. Білікті бапкер, мықты менеджер кездеспесе спортшы жүз жерден дарынды, жүз жерден ақылды, жүз жерден күшті болса да Олимпиада мен әлем чемпионаттарында топ жаруы екіталай. Себебі, кез келген жарыс пен бәйгеде бабы барынша келіскен, дайындығы кемел спортшы ғана оза шаппақ. Бәлкім, бұрындары шаршы топқа өзін өзі баптап барып түскен дарынды спортшылар болған шығар. Ал, қазір спортшыға физикалық қана емес, психологиялық тұрғыдан да бағыт беріп, көмек көрсететін білікті бапкер, мықты менеджер болмаса діттеген биікке жету мүмкін емес.
Әңгімеміздің ауанын түсінген боларсыз, бүгін өңір спортында елеулі із қалдырған, талай саңлақтар мен бапкерлерге бас бола білген білікті маман жайлы сөз қозғамақпыз. Ол – Мұзрафша-Жахангир Аблаев. Кейіпкеріміздің спорт саласына сіңірген еңбегін, жетістіктерін айтпас бұрын бұл салаға қалай, қайдан келгені жөнінде айта кетейік.
Мұзрафша-Жахангир Исақұлы еңбек жолын мектептен бастаған. 1983-1988 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы Жамбыл атындағы №26 мектепте араб тілі пәнінің мұғалімі болып, кейіннен Шымкент педагогикалық институында оқытушы болып еңбек еткен. Кейінірек кеден саласына ауысып, біраз уақыт шәкірт тәрбиелеу ісінен қол үзіп қалады.
Бүгінгі спортты ғылымсыз көз алдыңа елестету қиын. Спортқа ғылым деп қарайтын елдердің осы салада бағы жанып, айы оңынан туып жатқанын көріп жүрміз. Сол сияқты спорт пен педагогиканың да егіз ұғым екенін бірінші айтып тұрған біз емес. Сөзімізге Мұзрафша-Жахангир Аблаевтың педагог бола жүріп спортқа ауысуы және осы саладағы жетістіктері дәлел бола алады.
Мұзрафша-Жахангир ағамыз кеден саласынан кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық Б.Саттарханов атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатының директоры болды. Одан кейін республикалық спорт колледжінде директордың орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облыстық мүгедектерге арналған арнайы мамандандырылған спорт мектебінде директор қызметтерінде жемісті еңбек етті. Шымкент қаласы республикалық маңызы бар шаһар атанған соң қалалық мүгедектерге арналған №19 спорт клубының басшысы болып тағайындалды.
М.Аблаев жетекшілік еткен спорт мектептерінде тәрбиеленген спортшылардың есімдері бүгінде елімізде ғана емес, халықаралық ареналарда да аталып, мойындалып жүр. Атап айтар болсақ, жеңіл атлетикадан ҚР спорт шебері Ермек Қалымбетовтің жетістігі жан жадыратады. Ермек 2015 жылы ҚР Паралимиадалық ойындарда жеңімпаз атанып, халықаралық жарыстарға жиі қатыса бастады. Ол 2016 жылы Азия чемпионы атанса, 2019 жылы әлем чемпионатының қола жүлдесін иемденді. Араға екі жыл салып әлем кубогінде де қола жүлдегер атанды. Ал, 2022 жылы топтық және жекелей сында әлем кубогінің алтын және күміс медалін иеленді.
Мұзрафша-Жахангир Аблаевтың тәлімін көрген тағы бір дарынды спортшы – Дәуренбай Нарыбеков. Ол жеңіл атлетикадан ел чемпионатында бірнеше рет топ жарды. Жүзу спортынан Алина Дубинина да ел чемпионатында олжа салып, әлем кубогі сайысында бір рет жеңімпаз, бір рет қола жүлдегер атанды. Осылайша бұл спортшылар халықаралық додаларда Мұзрафша-Жахангир Аблаев басқаратын спорт мектебінің абыройын асырып, беделін биікке көтерді.
Бұл ғана емес, Мұзрафша-Жахангир Аблаев жүзу спортынан тағы бір дарынның бағын ашты десек қателеспейміз. Мансұрбек Ибрашев елішілік додаларда көзге түсіп, әлемдік жарыстарға да қатысуға мүмкіндік алған. Ол бұл мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ. Алдымен 2014 жылы паралимпиадалық Азия ойындарында қола жүлде еншілесе, араға 4 жыл салып осы сында күміс және қола жүлде иемденіп, еліміздің абыройын асқақтатты.
Еліміз алғаш Паралимпиада ойындарына қатыса бастаған кезде ол құрамда Мұзрафша-Жахангир Аблаевтың тәлімін көрген бірнеше спортшы болды. Атап айтсақ, жүзуден спорт шеберіне үміткер Роман Агалаков Рио-де Жанейро қаласында өткен ХV жазғы Паралимпиада ойындарына қатысты. Роман одан кейін «сары құрлықтың» Пара ойындарында да ел намысын қорғады. Армрестлингтен Насыр Махамбетов алдымен ел спартакиадасында, кейіннен ҚР Паралимпиада ойындарында қола жүлдегер атанды. 2016 жылы Азия чемпионатында бақ сынап, ә дегеннен жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді.
Армрестлинг спорты бойынша Мұзрафша-Жахангир Аблаев жетекшілік ететін мектептің жетістігі жалғыз бұл емес. Осы спорт түрінен 2017 жылы Сәбира Тұрсынбай Азия чемпионы атанды. 2018-2019 жылдары Сәбира әлем чемпионатының екі күміс, бір қола медалін иемденді. Азия мықтыларының арасында 2021 жылы қола жүлдегер атанса, 2022 жылы чемпион атанып, көк байрағымызды көкте желбіретті.
Мұзрафша-Жахангир Исақұлының тәлімін терген еркін күрес шеберлері де жаман болған жоқ. Шадияр Пернеш 2018 жылы жастар арасында әлем біріншілігінде қола жүлдегер атанса, 2021 жылы Сурдлимпиадалық ойындарда үздік бестіктен табылды. Сабыржан Рсалы 2016 жылы халықаралық «Азия балалары» ойындарында күміс жүлдеге ие болды. 2018 жылы жастар арасындағы әлем біріншілігінде де ел қоржынына күміс медаль салды. Ал, 2021 жылы Түркияда өткен жастар арасындағы әлем біріншілігінде жеңімпаз атанды. 2021 жылы өткен Сурдлимпиадалық ойындарға Сабыржан да қатысқан. Ол бұл сында да ел қоржынына күміс жүлде салды.
Көріп отырғандарыңыздай, Мұзрафша-Жахангир Аблаев басшылық еткен мектептерде шыңдалған спортшылар ел ішіндегі додаларда ғана емес, құрлық, әлем чемпионаттарында, дүниежүзілік ойындарда да олжа салып жүр. Спорт мектебін басқаруға бел буған адам әрі педагог, әрі психолог, қажет кезде шәкіртті қабағымен ықтыратын қатал ұстаз, спортшы арқа сүйейтін қамқор әке де бола білуі керек. Оған қоса алдыңа арман қуып келген талапкердің ішкі әлемін тану, оның қияс басқан жерін түзету, пендешілігіне кешіріммен қарай білу көп адамның қолынан келе бермейді. Ал, біз бүгін әңгімемізге арқау еткен Мұзрафша-Жахангир Аблаевтың бойынан осы қасиеттің бәрі табылады. Міне, спорт саласына педагог адамның басшы болуы осындай нәтижелерге жеткізеді.
Елдің де, ердің де атын шығаратын спорт саласы десек, соны дамытатын өңірлердегі білікті мамандар екенін естен шығармағанымыз дұрыс. Еліміздің қай түкпірінен мықты спортшы шықпасын, оның артында Мұзрафша-Жахангир Аблаев секілді білікті ұстаз, мықты менеджерлердің тұрғанын ескергеніміз абзал.