Қауіп қайдан демеңіз...

Түркістан облысы еңбек мигранттары үшін өте қолайлы өңір. Ауа-райы жылы болғандықтан, мұнда оларға жылдың кез келген мезгілінде жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Қара жұмысқа икемді әрі бағасы келісімді болғасын жұмыс берушілер де көбінесе өзбек азаматтарына «құда» түсіп жатады. Деректерге сенсек, жыл сайын Қазақстан аумағына 500 мыңнан астам шетелдік азаматтар жұмысқа тартылады екен. Елге еңбек етуге келген гастербайтерлер міндетті түрде тіркелуі тиіс. Бірақ, олардың барлығы бірдей тиісті органдарға тіркеле бермейді. Олардың арасында қылмыс жасаған немесе түрмеден қашып, біздің елді паналап жүргендері де аз емес. 

Мәселен, осыдан бірер ай бұрын Түркістан облыстық полиция департаментіне қарасты экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері халықаралық іздеуде жүрген 3 шетел азаматын құрықтады. Олардың екеуі – Өзбекстан, біреуі – Ресей азаматы. Тәртіп сақшылары 38 жастағы Өзбекстан азаматын Ордабасы ауданында ұстаған. Тексеру барысында оның өз елінде қарақшылық шабуыл жасағаны үшін сотталып, кейін түрмеден қашып, Қазақстанға заңсыз өткені анықталған. Ал, екінші күдіктіге есірткі сақтаумен айналысқаны үшін халықаралық іздеу жарияланған. Үшінші күдіктіні, яғни 21 жастағы Ресей азаматын полицейлер Келес ауданында қолға түсірген. 2022 жылы оған Ресейде іздеу жарияланып, оның содан бері Қазақстанда жасырынып жүргені белгілі болды.
Облыстық полиция департаментінің жедел уәкілдері таяуда заңсыз көші-қонды ұйымдастырды деген күдікпен тағы 9 адамды құрықтады. Оның екеуі – әйел, жетеуі – ер адам. Олардың бірі Өзбек-стан азаматтары болса, қалғандары жергілікті тұрғындар. Олармен бірге Өзбекстанның 6 азаматы ұсталған. Бұл азаматтарға көші-қон заңнамасын өрескел бұзған шетелдіктерге көмек көрсетумен айналысты деген айып тағылып отыр. Күдіктілерді тінту кезінде 6 шетелдік құжат, аңшы мылтығы, екі есірткі заты бар орама, 16 телефон, жарты миллион теңгеге жуық ақша, 250 мың сум шамасында өзбек ақшасы, тағы басқа да заттар тәркіленген.  
Мұнан бөлек, ел аумағында заңсыз жүрген 114 шетел азаматы анықталып, оларға ӘҚБтК 517-бабы бойынша (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) әкімшілік шара көрілген. Қазақстанда жүріп-тұру ережелерін бұзған 50 адам республика аумағынан шығарылса, шетел азаматтарын заң аясында қабылдамаған 3 жергілікті тұрғын ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабы бойынша (Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзу) әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Түркістан облысының климаты қолайлы әрі Қырғызстан, Өзбекстан сияқты мемлекеттермен шекаралас орналасқандықтан, осында жұмыс іздеп келетіндер көп. Бірақ, солардың дені шетелдік жұмыс күшін тартуға бөлінетін квотадан тыс, өз бетінше жұмыс іздеп келеді. Олар қандай пиғылмен жүр? Ілгеріде болған мына бір оқиға көптің көкейіне ой салса дейміз. Түркістан қаласының тұрғыны бұрынғы Коммунизм елді мекенінен жаңа үй тұрғызбақ болып 4 өзбек азаматымен келіседі. Үй иелері жұмыста болғандықтан, жұмысшыларға бойжетіп келе жатқан қызы тамақ апарып тұрады. Бір күні көзі қарайған арам ойлы келімсектер үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, тамақ әкелген жасөспірім қызға зорлық көрсетеді. 
Қыздың ата-анасы жылап-сықтап Түркістан аудандық ішкі істер бөліміне арызданады. Тәртіп сақшылары жедел іс-қимыл жасап, күдіктілерді жұмыс орнында құрықтайды. Гастербайтерлер кінәларын мойындап, сот үкімімен ұзақ мерзімге сотталады.                
Бұл деректі не үшін келтіріп отырмыз? Себебі, көпшілік әлі де сырттан келетін арзан жұмыс күшін пайдаланғысы келеді. Бәрі демей-ақ қоялық, арасында ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған немесе қымбат дүниелер мен жиhаздарды, үлкен сомадағы қаражатты тонап, шекара асып кететіндер аз емес. «Жау кеткен соң, қылышыңды тасқа шап» демекші, болары болып, бояуы сіңгеннен кейін оны өзге елден іздеу көп жағдайда нәтиже бере бермейді. 
... Қауіп қайдан демеңіз...

Д.ЖҮСІП.
Пікір қалдырыңыз