Кассациялық соттар құрылады
Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Елімізде судьялардың шығарған сот актілерінің сапасына көңілі толмайтындар көп. Әрине, сотта екі тараптың мүддесі қозғалатындықтан, жеңілген тараптың өкпе-реніші болатыны айтпаса да түсінікті. Кезінде дауларды шешудің баламалы тәсілдерін енгізу, сот шешімдерін түсіндіру, сот отырыстарын бейнежазбаға түсіру сияқты қолға алынған шаралар көпшіліктің сот жұмысына деген күдігін біраз сейілткен еді. Жоғары Сот мұнымен тоқтап қалмай, елдің сотқа деген сенімін нығайту мақсатында кассациялық соттар құруды қолға ала бастады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр кәсіпкерлермен кездесу кезінде әкімшілік әділет институтының қолданыс аясын барынша кеңейтуге басымдық берілетінін айтқан болатын. Президенттің айтуынша, қылмыстық және азаматтық істердің небәрі 5 пайызы ғана кассацияға жолданады екен.
– Бұл өте аз әрі азаматтардың сұранысына сәйкес келмейді. Сондықтан өз алдына бөлек кассациялық соттар құру мәселесі пісіп жетілді деп ойлаймын, – деген пікірін білдірген еді.
Жақында «Қазақстанның сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, Астанада қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша тәуелсіз кассациялық соттар құрылатыны белгілі болды. Өзгерістерге байланысты сот төрелігін жүзеге асырумен бұдан былай жергілікті және кассациялық соттар ғана айналысады. Онда істі алдын ала қарау процесі алынып тасталады. Осылайша, Жоғары соттың рөлі едәуір өзгереді. Бұл жаңашылдық 2025 жылдың шілде айынан бастап қолданысқа енгізілмек.
Біз кассациялық соттар құру жөнінде сот саласының ардагері, еліміздің құрметті судьясы Өмірбек Темірдің пікірін білген едік.
– Бүгінде сот өндірісіндегі істердің шамадан тыс көбеюі – сот жүйесінің ең өзекті проблемаларының біріне айналып отыр. Әсіресе, аймақтардан Жоғары сотқа жолданатын арыз-шағымдарда есеп жоқ. Оған негізгі себеп – облыстық және қалалық соттардағы істерді кассациялық және қадағалау тәртібімен қарау міндеттері жойылып, ол міндеттердің Жоғары соттың құзыретіне өтуі. Бұл өз кезегінде қалалық және облыстық сотта қаралатын арыз-шағымдар мен істердің лек-легімен Жоғары сотқа жолдануына түрткі болды. Сөйтіп, Жоғары соттың іс қарау жүктемесін бір мезетте бірнеше есеге арттырып жіберді. Барлық облыстық соттардың кассациялық және қадағалау сатыларына қатысты міндеттерін бір өзіне жүктеп алған Жоғары сот сол жұмысты толық игеріп, сот билігінің тиімділігін арттыра алды ма? Әрине, жоқ. Керісінше, Жоғары сотты арыз-шағымнан бас көтере алмайтын күйге түсірдік. Қаншама адамның жер алшақтығына байланысты кассациялық шағымдану мүмкіндігін шектедік. Бұл өзгеріс Жоғары соттың абыройын асқақтатпаса, түсірмесі анық. Қайта бұл Жоғары соттың сапалы қаулы-қарарлар қабылдау мүмкіндігін кеңейтеді. Бір сөзбен айтқанда, заңсыздыққа дер кезінде тосқауыл қойылып, сот билігінің тиімділігі мен қолжетімділігі артады, – деді ардагер судья. Біздің де бұған қосып аларымыз жоқ.