Парашютпен секіргенде «мама» деп айқайлағандар болды

Ер-азамат үшін Отан қорғау ең абыройлы міндет, ең қастерлі парыз. Әскер – нағыз ер-азаматтың сыналатын, шыңдалатын орны. Әскери міндетті өтеу – Отанға шынайы сүйіспеншілікті көрсетеді деп есептеймін. Өзім бұрынғы Қапшағай, қазіргі Қонаев гарнизонының 32-363 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышымды өтедім. Біздің әскери бөлім әуе-десанттық шабуылдаушы жауынгерлерді даярлайтын.

Әскерде өткен уақыттың әрбір минуты қызықты да мазмұнды деуге болады. Қасыңда жүрген жолдастарың бір жылдың ішінде бір үйдің балаларындай бір-біріне бауыр болып кетеді. Әскерге барып көптеген достар таптық, тазалықты, ұқыптылықты, азамат ретінде жауапкершілікті сезінуді үйрендік. Әскер ер-азаматты жауапкершілікке баулитын үлкен мектеп десем болады.
Әскери қағиданың үлкені – «біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін!». Роталастардың арасында біреуі тәртіп бұзса, бәріміз жазаланамыз. Оған бола тәртіп бұзушыны жазғыра алмаймыз. Себебі, біз де тәртіп бұзып, оның салдарынан басқалары да зардап шегетін кез болып қалуы мүмкін. 
Десантшы болу оңай емес. Үнемі физикалық даярлық үстінде жүрдік. Күніне ең аз дегенде 15 шақырым қашықтыққа жүгіретінбіз. Бір күні тікұшақтан парашютпен секіретін кезіміз келді. Алғаш секіргенде кез келген адамда қорқыныш болатыны рас. Парашютпен секіріп болған соң командиріміз «араларыңда қорыққанынан «мама» деп айқайлағандар да болды» деді. Бір-бірімізден сұрасақ, ұялып ешкім мойындамады. Тараздық бір жігіт «менің алдымда секірген қайсы жауынгер еді, апасының баласы ғой деймін, тікұшақтан «апа» деп айғайлап секірді» деді. 
Кезек маған келіп, менен сұрағанда: «Мен қаншама әулиелер жатқан, киелі мекен Түркістанның баласымын ғой. «Я, Құдай, өзің жар бола гөр» деп секірдім» деймін әзілдеп.
Әскерге бару арқылы үлкен ортаға түстім. Еліміздің әр өңірінен, әр ұлт өкілінен дос таптым. Әскери бөлімшеде өткізген бір жылымызда бір-бірімізбен туған бауырлардай араласып кеттік. Достық қатынасымыз әлі күнге үзілген емес. Әскер азаматтарды тәрбиелеп қана қоймайды, достастырады, жақындастырады. Тәуелсіз еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көк туымызды әрдайым биікке көтеру – бойында отансүйгіштік қасиет пен патриоттық сезімі бар жастардың қолында. Кезінде ерлікпен елді қорғаған ата-бабаларымыздың батырлығын бойына сіңіріп өскен жастар көп болуы керек. Сонда ғана елдің тірегі мықты болады. Ал, ондай жастар әскерде тәрбиеленеді.

Дархан АБДУЛАМИТОВ,
Түркістан облыстық Ә.Нұрмаханов атындағы Олимпиада резервінің 
мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің маманы.

Пікір қалдырыңыз