«Шындық үшін үш бөлмелі пәтерден бас тарттым»

Баян Дарғожина, «Оңтүстік Қазақстан».
Газетіміздің 100 жылдығы қарсаңында кезінде редакцияда қызмет істеген ардагер журналистермен сырласу сағаттары жалғасын табуда. Бұл жолы қонаққа жасы 95-ті алқымдаған Несіпкүл Әбдікерімова мен ұзақ жылдар бойы корректорлық қызметте болған Аршагүл Арысбаева апайлар келді.
Кезінде газетіміздің совет құрылысы бөлімінде еңбек еткен Несіпкүл апай 9 бас редактормен қызметтес болыпты. ҚазМУ-дің ең алғаш ашылған журналистика факультетіне Мұхтар Әуезов әулетінің көмегімен түскенін айтқан апамыз әңгімесін одан әрі былай сабақтады: «Алматыға барған кезімде жатақхана жоқ еді, сондықтан атақты Мұхтар Әуезовтің аға-жеңгесі Разақ пен Әлияның қолында болдым. Алғашында конкурстан өте алмай, тек тыңдаушы болып қабылдандым. Ол кезде университет ректоры Асқар Закарин деген кісі еді. Оқуға түскендерді мақта теруге апаратын. Одан келген соң факультет деканы маған ректорға барып, күндізгі бөлімге оқуға ауыстыруға өтініш жаса деді. Ректор маған «пахтаға бардың ба?» деді бірден. «Біздің қазақ пахта демейді, мақта дейді» деп тақ ете қалдым. «Мақта дейді дедің бе, қандай тілекпен келдің өзің?» деді сосын. «Мені күндізгі бөлімге ауыстырыңыз» деп өтіндім. Ол дереу деканға қоңырау шалып, «мына баланың өтінішін орындаңыз» деді. Солай ҚазМУ-ге оқуға түсіп, оны 1959 жылы бітірдім. Ол кезде жұмысқа жолдамамен жіберетін. Жолдасым МҚК-де (КГБ) істейтін еді. Үш жылдық «отработкаға» бізді Гурьевке (қазіргі Атырау облысы) жіберді. Үш жылдан соң анам қайтыс болып, Шымкентке ауыстық. Осы облыстық газетке жұмысқа тұрдым.
«Оңтүстік Қазақстанда» жүріп сегіз-тоғыз обком хатшысының тұсында еңбек еттім. Облысты басқарған В.Ливенцов және А.Асқаров жөнінде халық жақсы пікірде болды. Екеуі де жұртқа жайлы басшылар еді ғой.
«Оңтүстік Қазақстан» газетінде жұмыс істеп жүргенімде мені «Социалистік Қазақстан» газетіне тілшілікке, «Қазақстан әйелдері» журналына редактордың орынбасарлығына шақырды. Отбасым, бүкіл тіршілігім осы жақта болған соң бара алмадым. «Оңтүстік Қазақстанда» негізінен сауда саласынан сын мақаланы көп жаздым. Бір күні облыстың сауда саласын басқаратын Реймер деген азамат мені өзіне шақыртыпты. Не мәселе екен деп барсам «Шымкент» ресторанында күтіп отыр екен. Ол «үш бөлмелі пәтер берейін, мен туралы сын жазбашы» деп әңгіменің ашығына көшті. «Сонда мен бүкіл журналистік қабілетімді, одан кейін мына қорғап жүрген қазағымды Реймердің 3 бөлмелі үйіне айырбастайын ба?» деп оған ондай мәмілеге бара алмайтынымды, журналист мамандығымды ештеңеге айырбастай алмайтынымды айттым.
Тағы бірде мынандай оқиға болды. Түркістанның Сыр бойындағы бір кеңшарының он шақты шопаны учаскелік милицияның үстінен арыз жазды. Милиционер қызмет бабын пайдаланып, әр шопанның отарына бағуға өзінің он бес-жиырма малын қосып қойыпты. Төрт-бес күн жүріп, тексеріп, бәрін анықтадым. Шопандардың өз сөздерінен танбайтыны туралы қолхат жаздырып алып қайттым. Ертеңіне әлгі милиционер редакцияға келді. Араға адам да салып көрді, алайда, мені көндіре алмады. Содан редакция басшыларының бірі Әлім Тұяқбаев ағаға жолығып «мына журналист қыздарыңыз мәселе көтеріп мақала жазбасын, көмектесіңіз. Оған құлынды бие берейін» деп жалыныпты. Әлім ағайға мән-жайды айтып түсіндірдім. Шаруашылықта ондаған шопанның «журналист келді, барлық шындықты айттық, бізді мына зорлықшыдан құтқарады» деп үміттеніп отырғандарын айттым. Әлім ағай түсінді. Милиционерді «біздің қызметімізде бірінші кезекте абырой, адалдық керек» деп шығарып салыпты. Ұмытпасам, ол тұстағы облыстық ішкі істер басқармасының бастығы Құлахмет Қалменов деген кісі болатын. Тексеру қорытындысы бойынша әлгі милиционер қызметінен босатылды».
Несіпкүл апамыз біраз әңгіменің тиегін ағытты. Әңгіме арасында балаларын орысша оқытқанына өкініш білдірді. Өзі шығарған 2-3 кітапты балаларым түсінбейді дейді. Қазір сот саласында да іс-қағаздары қазақ тілінде жүреді. Қызметтегі балаларының қиналып жүргенін айтты.
Ал, Аршагүл апайымыз Шымкент мәдениет және өнер институтын кітапханашы мамандығы бойынша бітіріпті.
– Алғашында еңбек жолымды М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде кітапханашы болып бастадым. 1983 жылы қысқартуға түскен соң, «Оңтүстік Қазақстан» газетіне корректорлық жұмысқа келуге бел будым. Ол кезде газет редакторы Әмірсейіт Әлиев еді. Босаған бір орынға үміткер болып менен басқа мектепті жаңадан бітірген қыз да келіпті. Жауапты хатшы Байдулла Қонысбек ағамыз диктант жазғызып, сауатымызды тексерді. Менің жазғанымда үтір, нүкте тәрізді тыныс белгілерінен бірен-саран қате кетіпті. Ал, жанымдағы қыздың жазғаны қып-қызыл шимай болыпты. Осылайша жұмысқа қабылдандым. Ол кезде жастығымыз ба, үлкен мекемеде адамдармен қалай сөйлесуді біле бермейтінбіз. Несіпкүл, Зейнеп апайлардың тәрбиесін көп көрдім. Осындай мықты ортада оң-солымды танып, ысылдым.
Жұмыс ауыр еді. Таңертең шыққаннан үйге күн батқанда, тіпті түн жарымда бір-ақ келеміз. Кейбір күндері жұмыстан таң ата шығамыз. Үйге барған соң да газеттен қате кетіп қалмады ма екен деген уайым мазалайды. Үлкеніміз Айнықша апай еді. Қатша, Қалампыр апайлар өте көңілді жүретін, шаршап отырғанда күлдіріп жанымызды жадыратып жіберетін. Бізбен бірге істеген аға корректор Жібек, Жадыра, Гүлби құрбыларыммен газетті қатесіз, сауатты шығаруға тырыстық. Ол жылдары газет аптасына бес рет, кейін үш рет шығатын, оқырманы да көп болатын. Олардың алдында ұятқа қалмауды ойлайтынбыз.
Қайсыбірін айтайын, небір қызығы мен шыжығы мол күндерден құралған 35 жылдай уақытым осы қасиетті қарашаңырақта өтіпті. Несіпкүл апай сияқты мен де тоғыз редактормен қызметтес болдым. Осы жерден зейнеткерлікке шықтым. Шүкіршілік деймін, сол бір жылдары күн-түн демей жұмыс істеп жүріп өсірген ұл-қыздарым бүгінде ержетті. Үш ұл, бір қызымнан өрбіген 17 немерем бар. Балаларымның барлығы жоғары білімді, қазіргі таңда жеке кәсіпкерлікпен айналысады, – дейді Аршагүл апай.
Емен-жарқын әңгімеге құрылған әсерлі кездесу журналистерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Үлкендердің тәлімі кейінгі жастарға үлгі-өнеге. Кәсібіне адалдық, шындықты бетке айтатын қайсарлық, өжет мінез, тайсалмайтын өткірлік... мұның барлығы журналистиканы өміріне серік еткен Несіпкүл апайдың бір бойынан табылды. Осындай өз ісіне беріліп қызмет істеген адал жандар біз үшін қашан да мақтаныш!