Аспаздық та бір кәсіп

Бүгінде аспаз мамандығын меңгергендер жұмыссыз қалмайды, олар кез келген мейрамханалар мен тойханаларда еңбек етіп нәпақаларын таба алады. Қай жағынан алып қарасаңыз да адам баласы ас-ауқатсыз өмір сүре алмайды. Сондықтан жер бетінде бұл мамандыққа қай кезде де сұраныс болады.

 Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжінің «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығында болашақ аспаздар даярланады. Олар қоғамдық тамақтану орындарында аспаздық және кондитерлік өнімдерді дайындауды кәсіби түрде үйреніп шығады. Сонымен бірге  тағамдардың сапасына бақылау жүргізу мен тұтынушыларға қызмет көрсетуді де қатар меңгереді. Осыған қарап- ақ аспаз мамандарға артылатын жауапкершілік жүгінің жеңіл емес екенін аңғаруға болады. 

Қазір тамақтану ғылымының технологиялық жағынан қарыштап дамыған, бәсекелестіктің артқан заманы. Соған сай бұл салада білімді әрі білікті мамандарға сұраныс бұрынғыға қарағанда жоғарылаған. Әрине, сапалы шикізат өнімдерін, тіл үйіретін жаңа тағам түрлерін, рецепттердің технологиялық картасын тек кәсіби мамандар ғана жасай алады. Сондықтан болашақта сұранысқа ие аспаз болуды армандайтындарға кәсіби тұрғыдан білім алып, нағыз маман болу керек екенін айтқымыз келеді.

Оқу орнымызда даярланып жатқан тамақтандыруды ұйымдастыру мамандары технолог біліктілігін де алып шығады. Яғни олар тағамның сапасын анықтап, тамақ жасау үшін оған кететін азық-түлік мөлшерін есептеп, мәзір құрады. Аспазшыларға міндеттерін түсіндіріп, олардың жұмысын бақылайды. Жаңа технологияларды пайдалана отырып, тұтынушыларға барынша сапалы қызмет көрсетуді жетілдіруге көмектеседі. Қоғамдық тамақтандыру қызметінің сапасын жақсарту мақсатында арнайы бағдарламалар жасайды. 

Аспаздардың шеберлігін шыңдау үшін колледжіміздің басшылығы арнайы тамақтандыру мекемелерімен келісімшарттар түзіп, соның негізінде студенттер теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде сынап көруге мүмкіндік алған. Олардың барлығы болашақта еңбек нарығында өз орнын таба алатын мамандар болады деп сенеміз. 


Ш.МҰСТАПАЕВА, 

С.СЕРІКБАЕВА,

Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық 

колледжінің арнайы пән оқытушылары.

Пікір қалдырыңыз