Ғылыми мұрасымен таңқалдырған ғалым


 

Затқали Естемесов – студенттік жылдарынан бастап ғылыми жұмысқа ден қойып, осы саланың шыңына шыққан ғалым.  Ол Қазақ химия технология институтында инженер-құрылысшы мамандығын алды. Оқып жүрген кезінде-ақ студенттік ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шыңдалып, өзінің еңбекқорлығымен, ізденімпаздығымен дараланды.

Институтты бітірген соң Алматы қаласындағы «НИИстромпроект» институтына жұмысқа қабылданып, белгілі ғалымдар Қ.Қуатбаев, Ө.Аяпов басқарған ғылыми ортада өзінің осы салаға деген арманын іске асырып, кандидаттық диссертациясын қорғады.

1993 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап, 1994 жылы білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің шешімімен «Құрылыс» мамандығы бойынша профессор атағына ие болды. Ресей федерациясының «Силикат және қиын балқитын бейметалл» материалдары технологиясы мамандығы бойынша техника ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алды.

Ғалымның ғылыми еңбектері тек қана республика көлемінде ғана емес, алыс-жақын шет елдерде мойындалып, жоғары бағаға ие болды.

Оған жарық көрген 500-ден астам ғылыми еңбектері, 12 монографиясы, 47 жобасына берілген авторлық куәлік және патенттер дәлел болады. Ерекше аталатын фундаменталды монографиялары «Портландцемент клинкері» – (1200 бет), «Алюмосиликатты материалдармен цемент тасының кристоллографиясы» - (650 бет), «Портландцемент» – (1250 бет) баспаға дайындалған еді. Затқали Айранбайұлының ғылыми зерттеу саласына, жоғары оқу орнына жоғары дәрежелі кадрларды даярлаудағы еңбегінің көрсеткіші – 15 ғылым докторы, 30 ғылым кандидатын оқытып шығаруымен ерекшеленеді.

Кезінде Затқали Естемесовтің студенттік ғылыми жұмысына басшылық еткен ұстазы ретінде естелік жазғанды жөн санадым. Ол бірнеше кандидаттық, докторлық кеңестердің мүшесі болды. Өмірінің соңына дейін Алматы қаласындағы құрылыс  материалдарын сертификаттау зертханасында («ЦеЛСИМ») бас директор қызметін атқарды. Оның артында қалдырған ғылыми мұрасы құрылыс саласы мамандары үшін әлі де талай жылдар бойы ғылыми азық болатыны анық.

 

Ә. БАЙБӨЛЕКОВ, 

М.Әуезов атындағы ОҚУ, «Құрылыс материалдары және құрылыстағы сараптама» кафедрасының профессоры
Пікір қалдырыңыз