Гаухарбек аға жасаған домбыра

Гаухарбек Күнхожаев – қолөнер шебері. Ол 1965 жылы Ордабасы ауданы, Мақташы ауылында дүниеге келген. Шымкент қаласындағы әл-Фараби атындағы педагогикалық мәдениет институтын бітірген. Негізгі мамандығы – музыкант. Дегенмен, кейіпкеріміз бала күнінен қолөнерге жақын болып, ағаштан түйін түйіп өскендіктен одан алыстай алмапты. 

Гаухарбек Күнхожаевтың әрбір туындысының астарында терең философиялық ой жатады. Оның ұлттық болмысымызды айшықтайтын туындылары бүгінде еліміздің бірқатар мұражайларында келушілердің назарына ұсынылған. Солардың бірі ретінде еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке мұражайында сақтаулы тұрған эксклюзивті домбырасын айтуға болады. 
Шебер бір туындысына бірнеше жыл уақытын арнайды. Мәселен, «Жер-Ана» туындысына ол 3,5 жылын жұмсаған екен. Әрбір деталін ой елегінен өткізіп барып жұмысқа кірісетін шебердің туындыларына шетелдіктер де қызыға қарайды. Тіпті, оның бір домбырасына Голливуд жұлдызы Стивен Сигалдың ықыласы ауып, сатып алған екен. 
Гаухарбек Күнхожаевты қолөнерші деп қана тануға болмайды. Ол шебер суретші де, өлең де жазады, күй де шығарады, жыршылығы да бар, сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Осындай көп қырлы қолөнер шеберінің жауһар туындылары жастарға рухани қуат береді. 

Аяулым ТОҚТАСЫН, 
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 3-курс студенті.
Пікір қалдырыңыз