«Қаламқас» – қасиетті қыз жайлы хикая

Түркістан музыкалық драма театрында ақын-драматург Оңайгүл Тұржанның «Қаламқас» пьесасы сахналанды. Премьераны автормен бірге батыс өңірінен арнайы келген делегация және жергілікті зиялы қауым өкілдері тамашалады.
Басты кейіпкер -- 18-ші ғасырда өмір сүрген қазақтың батыр қызы Қаламқас Еселбайқызы. Ол жаугершілік жылдары ер-азаматтардың орнын жоқтатпай, жұртына жау тигенде ауылдағы қыздарды бастап шайқасып, батырлығымен көзге түседі. Аштық кезінде ауыл-аймақты киік аулап асырайды. Кезекті бір аңшылық кезінде Қаламқас қапыда құздан ұшып, мерт болады. Батыр қыз ғұмыр кешкен сол далада қызыл көйлекті қыз елесі аңшылардың алдын кес-кестеп, киіктерді қорғаштап жүреді деген аңыз бар. Бәлкім, бұл Қаламқастың рухы шығар?! Қойылым осы оқиғаға негізделген.
Премьера соңында театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімхан Мырзахан көрермендерге алғысын білдірді. Сондай-ақ, қойылым барысында қазіргі таңда қызу талқыға түскен киік аулау мәселесі де қамтылғанын атап өтті.
Бұл спектакль – белгілі хорео- граф, өнертанушы, режиссер Константин Семеновтің Түркістандағы екінші қойылымы. Бұған дейін ол Ермек Аманшаевтың «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық қойылымын сахналаған болатын. Режиссердің айтуынша, бұл жолы сахнада драма, поэтика, музыка, анимация, пластика бір-бірімен үйлесім тауып, заманауи техниканың барлық мүмкіндігі пайдаланылды. «Қаламқас» спектаклінің өзге дүниелерден ерекшелігі де осында.
Кейіпкерлерді Түркістан музыкалық драма театрының актерлері мен балет әртістері сомдады. Олардың қатарында Аида Серікова мен Айя Дәрібаева, Шерхан Саматұлы, Сакаи Мао, Мерей Құдайберген, Аида Жақсылықова, Гүлжанат Қаламғазина, Рүстем Шайхов, Асхат Тарих, Бекарыс Қарағұлов, Атабек Садырқұлов, Аслан Алиев бар. Сонымен қатар, қойылымның сәтті шығуына балет труппасы да үлкен үлес қосты.
Айта кетейік, «Қаламқас» пластикалық драмалық спектаклін қоюға көптеген тәжірибелі мамандар атсалысты. Идея авторы – Түркістан музыкалық драма театрының негізін қалаушы Айнұр Көпбасарова. Көркемдік жетекші – Шынар Омарова. Композиторы – Хамит Шанғалиев.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.