«Қызыл террордың» құрбаны болған редактор Сейілбек Үсеновтің есімі ескерусіз қалмаса...

Қазақ баспасөзінің қасиетті қара шаңырағы,  оңтүстік өңірі тыныс-тіршілігінің ғасырлық көркем шежіресі – «Оңтүстік Қазақстан» газетінің оқырман қолына тие бастағанына биыл 100 жыл толып отыр. Сонау ХХ ғасырдың бірінші ширегінде «Ақ жол» газетіне тұсау салынып, халықтың көзі мен құлағына айналған алашшыл басылым жабылып қалса да, оңтүстік баспасөзі ойсырап қалған жоқ. «Орнында бар оңалар» дегендей, атағы жер жарған аталмыш газет редакциясының біраз қызметкері бірлесе отырып, облыстық «Ленин жолы» газетін оқырманмен қауыштырды. 

Ал, осы «Ленин жолының» алғашқы редакторы Алашқа мәлім азамат, азулы журналист, парасатты педагог, сырбаз сыншы Сейілбек Үсенов болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. «Жақсының аты өлмейді» деген тәмсілге терең бойласақ, тарихы терең басылымның бір ғасырлық мерейтойы атап өтіліп жатқан қазіргі кезеңде өңір журналистикасында қайталанбас қолтаңбасын қалдырған Сейілбектей тұлғаның өнегелі өмірі өңір халқына өз дәрежесінде насихаттала бергені ләзім. Өйткені, Шымкенттің Қатынкөпір елді мекенінде 1905 жылы жарық дүниеге келіп, 1920-1923 жылдары Шымкент педагогикалық техникумында тәлім алған, одан соң бүкіл Алаш зиялыларының білім бұлағы іспетті Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтын тәмамдап шыққан талапты жас шынында да өз заманының алдыңғы қатарлы перзенттерінің бірі еді. 
Сейілбек Үсенов қызық-қиыншылығы, қалтарыс-бұлтарысы көп баспасөз ісіне кездейсоқ келген жан емес. Айбынды «Ақ жол» бетінде «Қосшылар ұйымы жайынан», «Ескеру керек», «Көзіңді ашып қара» сияқты көптеген дүниелері көп көңілінен шыққан Сейілбек Үсенов өңір басылымын да хал-қадерінше өрге сүйреді. Яғни 1929 жылы қараша айынан басылым тізгінін ұстаған ұлт қайраткері газетке редакторлық еткен аз ғана уақыт ішінде ресми газетті ел қолынан түспейтін елеулі басылымға айналдырды. 
Жалпы, 1929 жылдың 1 шілдесінен бастап округтік газет ретінде «Ленин жолы» деген атпен шығып тұрған, келесі жылы Шымкент аудандық комитеті, аудандық Кеңес атқару комитеті және аудандық кәсіподақ бюросының органы болған «Ленин жолының» 48 нөмірі жарыққа шыққан екен. 1932 жылы республикада қайтадан облыстар құрыла бастағанда «Ленин жолы» газеті редакциясының негізінде облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті дүниеге келді. 
Сейілбек іргесін қалаған «Ленин жолы» сол жылдарда дәуірлеу кезеңін бастан кешті десек те жөн болар. Өйткені, жалынды жас редакторы бар бұл газет сол шақта Шымкент қалалық партия комитетінің органы болған (1927-1928) «Деқан авази», Кентау қалалық комитеті мен қалалық Кеңесінің органы болған «Кентау правдасы» (1933), Сырдария округтік комитетінің органы болған «Қызыл қишлақ» (Шымкент, 1929-1932) газеттерінен мазмұны жағынан оқ бойы озық тұрған беделді басылым еді. 
Дегенмен, С.Үсеновтің «Ленин жолына» редактор болғандығын айғақтайтын архив құжаттары тым аз. Айталық, «Оңтүстік Қазақстанның» 85 жылдық мерейтойына арналған «Оңтүстікті» кімдер басқарған?» атты мақалада оның редактор болғандығын айғақтайтын бір сөйлемнен өзге тірек етер дерек жоқ. 
Расында, 1925 жылғы 7 сәуірдегі РК(б)П ОК баспасөз бөлімі тарапынан және РК(б)П ОК Секретариатының «Қазақ баспасөзін жақсарту шаралары туралы» қаулысына сәйкес «Ұлттық баспасөзге басшылық және баспасөзге партияда жоқ ұлттық интеллигенция өкілдерін пайдалану тәртібі туралы» нұсқау хат негізінде «Ақ жол» газеті сипаты жағынан бұқаралық шаруа газеті болып қайта құрылатын болды. Осы мәжілісте газет редакциясын Шымкент қаласына көшіру мәселесі қаулымен бекітілді. Бүгінгі «Оңтүстік Қазақстанды» «Ақ жолдың» ізбасары деуіміздің бір сыры осында. 
Бізге белгілісі, 1925 жылдың шілдесінде Ташкенттен Шымкентке көшіп келген «Ақ жол» газетінің редакциясы қазіргі Түркістан көшесіндегі губерниялық сот ғимаратымен қатар орналасып, онда ағалы-інілі Сейілбек пен Әшір Үсеновтерден бөлек, Бақы Молдалиев, Тәңірберген Отарбаев, Әкімәлі Байжасаров, Жанәлі Барқиев, жас тілшілер – Тұрлыбек Райымбеков, Иманәлі Ырсымбетов, Әліхан Сүлейменовтер өңір журналистикасын өрге сүйреуге үлес қосқан. Бірқатары Сейілбек Үсеновпен бірге «Ленин жолында» да жемісті қызмет атқарған. Өкініштісі сол, С.Үсеновтің «Ленин жолындағы» қызметіне байланысты деректер мен өз мақалалары әзірге табыла қойған жоқ. Аға газеттің сирек қорларда сақталған санаулы сандарынан оның бас редактор болғандығын ғана біліп отырмыз. Демек, Сейілбек Үсеновтің «Ленин жолындағы» қызметі зерттелуге тиісті тың тақырып десек артық болмас.
«Ленин жолында» басшылық қызметтің қыр-сырына қанығып, қаламы ысылып, қайраткерлік болмысы да даралана танылған С.Үсенов мұнан кейін де «Социалды Қазақстанның» тілшілер қосынына басшылық жасап,  «Қарағанды пролетариаты», «Ленин туы» газеттерінде де редакторлық қызметті абыроймен атқарады. «Әдебиет майданы», «Ауыл мұғалімі», «Жас қайрат» секілді мерзімді басылымдарда көптеген сын материалдары, педагогикалық еңбектері, өлең-мақалалары жарық көреді. 1926 жылдан Ахмет атындағы жетіжылдық мектепті басқарған Сейілбек Үсенов білікті басшы ретінде танылып қана қойған жоқ, ұлт мақтанышына айналған Бауыржан Момыш-ұлы, Әбділда Тәжібаев, Қажым Жұмалиев, Құрманбек Сағындықов секілді белгілі тұлғаларды білім биігіне жетелеп, алғашқы ұстазы да болды. Бұл жөнінде Бәукең – Бауыржан Момышұлы 1980 жылы жарияланған «Ұшқан ұяға адал болайық» атты естелігінде аяулы ұстазын еске алып: «Секең (Сейілбек Үсенов) бізге тарих, қоғамтану пәнінен сабақ беретін. Тарихтың көп түсінігін, көп аттарын қазақшалап айтуға болмайды ғой. Сонда да ол кісі кей сөзді қазақшаға аударып түсіндіретін. Әсіресе, (балалықтың салдары шығар), ол кісінің кей уақытта тістеніп сөйлейтін әдеті бар еді, соны біз қызық көруші едік. Бізге эраларды айтатын, ол қазақша баламасы жоқ термин ғой», – дейді. 
1930 жылдың көктемінен Сырдария округтік комитетінің мәдени-ағарту бөлімінің меңгерушісі, 1931-1932 жылдары Мойынқұм ауданында бірінші хатшы, одан да бөлек көптеген ірі қызметтердің тұтқасын ұстаған Сейілбек Үсенов те саяси репрессияның, «қызыл террордың» қанды шеңгелінен құтыла алмады. 
Жалпы, жантүршіктірер деректерді де сөйлете отырар болсақ, 1937 жылы елімізде «контрреволюциялық» қылмыстары үшін – 936 750, 1938 жылы 638 509 адам тұтқындалып, 1937 жылы 353074 адам, 1938 жылы 328 618 адам ату жазасына кесілген екен. 1937 жылы тұтқынға алынғандардың әрбір үшіншісі атылса, 1938 жылы олардың әрбір екіншісі атылды.
Сол жылдардағы жаппай қуғын-сүргін кезінде Қазақстанда, әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысында чекистер ерекше қаталдығымен көзге түсті. Облыстық УНКВД-ның басшысы, қандыбалақ қасапшы 
П.Пановтың қолынан қаншама жазықсыз азаматтар опат болды. Солардың арасында Сейілбек Үсенов те бар еді.
Оған жабылған жаланың кейбірі тіпті жаға ұстатарлықтай. Нақтырақ айтсақ, ел газеті – «Еңбекші қазақта» Ақжанов дейтіннің «Редактор Үсеновтің айтылмай жүрген сыры» атты жалаға толы жазбасы жарияланғасын Үсеновтің ізіне шам алып түскендердің айызы қанып, Алаш арысына қатысты қылмыстық істің бет-нобайы айқындала бастайды. Яғни әлгі жалалы мақаланың авторы мақаласының басында айдалаға лағып, өңіріміздің Сарыбұлақ елінде тіршілік кешкен кешегі бай-бағландар әулетінен шыққан әкелі-балалы Керімбек, Шәбдікерімдерді бір түйреп өтіп, сонымен бірге «тап жауының» қызын алған ағартушы-журналистің «ағат қадамдарын» жерден жеті қоян тапқандай сүйіншілей жариялап, қарымды қалам иесін қоғам алдында «қой терісін жамылған қасқыр» етіп 
көрсетеді. 
Мақала авторы Ақжанов «...Мұндай қамқоршы тапқан Шәбдікерімов ел кедейлерінен, Совет үкіметінен өзінің өшін алуға кірісті. Өзінің бажасы, сол кездегі Сырдария губерниясының бюро мүшесі Үсеновтің көмегімен әкесінің кәмпескеленуі жөніндегі қаулыны бұздырды, әкесін айдалған жерінен қайтарып алды. 1934 жылы «халық жауы» Жүргенов және Баймақанов Шәбдікерімовті Өзбекстаннан Қазақстанға алып келеді. Бейнетқор аудандық оқу бөліміне бастық етті» деп, шонжар, бай Шәбдікерім тұқымына қорғаушы болған Үсенов Сейілбектің партия газетінде редактор болып отыруы дұрыс емес деген байламға келеді. Әрі қарай байбалам салушы С.Үсеновке партия билетін қайдан бергенін тез айқындау керектігін, «халық жауы» Барқиев және Баймұқановпен дос болуының сырын ашу және Шу аудандық комитетінен партиядан бір рет шығарылу себебін анықтауды да құзырлы органдардың құзырына қалдырып, әліптің артын бағады. Бір туғандардың білместікпен айтқан бір сөзі қатал үкімге айналып, сыпыра жамандаушы сыншылардың солқылдақ сөзі серкелерімізге сор болған зар заманда Ақжановтың бұл айқайы да аттандап жүрген жендеттердің көктен іздегенін жерден тауып беріп, облыстық газетті озық басылым қатарына қосқан қайраткерді де сергелдеңге салып қояды.  
Тіпті, Сейілбек Үсеновке жабылған жалалардың Алаш зиялыларының қасіретті тағдырымен түйісетін тұстары да бар. Мәселен, Аймауытовтың ісіне қатысты 1929 жылы 26 маусымда жүргізілген тергеуде жалған куәлік берген жанның да есімі белгілі. 
Ол – Қалабай Бекдуллаев деген Қызылорданың қазағы, 22 жастағы комсомол мүшесі, орта білімді, отбасылы батырақ екен. «Жау жоқ деме, жар астында» дегендей, С.Үсеновтей серке журналиске, ұлағатты ұстазға сол Бекдуллаев жалған куәлік береді. Өзі сол С.Үсенов басқарған педтехникумда мұғалім болып жұмыс істейді. Бекдуллаев өз куәлігінде былай деп көрсетіпті:
«Балық басынан шіриді» деген құп рас. Бәрінен де бөлек, Жүсіпбек, әсіресе, Тәңірберген Отарбаевпен қатты достасты. Тіпті, араларынан қыл өтпейді. Ол да молданың баласы. Бізге сабақ беретін белгілі ұстаз. Одан бөлек, бұл екеуінің Сұлтанбек Садықбековпен, Түлкібас болысының баласы Жұмабек Қыстаубаевпен ым-жымдары бір. Сонымен қатар, С.Садықбеков, Ж.Аймауытов, мектеп меңгерушісі Сейілбек Үсенов те бар, бәрі әр кеште өздерінің сойылын соғатын жастарды жиып алып, таңға дейін жақтары бір тынбай Кеңес үкіметін сынға алатын. Сол әңгімелердің әсері шығар, студенттер де сабақта Жүсіпбек, Сейілбектерге еліктеп саясатты соғатын болды». Көріп отырған боларсыздар, Бекдуллаевтың бұл байбаламы фактіден ада, бастан-аяқ қаралау.
Осылайша жаланың соңы жазалауға ұласқаны мәлім. Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің арнайы мемлекеттік архивінде Сейілбек Үсеновтің №5424 тергеу ісі сақталған. Екі томнан тұратын бұл іс 1937 жылдың 4 қарашасынан басталып, 1938 жылдың 22 қаңтарында аяқталды делінген. Ал, жалпы іс сол жылдың 22 қыркүйегіне дейін созылған. Тергеу материалдарында Сейілбек Үсеновтің 1938 жылдың 25 қыркүйегінде сағат 23:55-те атылғаны жөнінде де мәлімет бар.
Өз заманында «Ленин жолының» өрісін кеңейткен өзгеше редактор ретінде танылған С.Үсеновтің қазақ журналистикасына сіңірген зор үлесін, сүбелі еңбегін кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау – біздің борышымыз. Анығы сол, Сейілбек Үсеновтей дарынды редактордың талайлы тағдыры терең зерделеуді қажет етеді. Себебі, ол кісінің өмір жолында біз білмейтін деректер әлі де көп. 
Түйіндей келгенде айтпағымыз, аға басылымның осынау бір ғасырлық мерейтойында «Оңтүстік Қазақ-станның» алғашқы редакторлары атаусыз қалмаса дейміз. Тіпті, 1930-1937 жылдарда жазықсыз атылған, нақақтан-нақақ сотты болып, ноқтаға басы ілінген газет журналистерінің шерлі ғұмыры, қайраткерлік қызметі жайлы «Оңтүстік Қазақстанның» мерейтойлық сандарында мәнді дүниелер көптеп жарық көрсе, құба-құп. Ең маңыздысы, газеттің алғашқы редакторларының бірі болған Сейілбек Үсенов, жалынды журналистер Жанәлі Барқиев, Бақы Молдалиев, т.б. да есімдері елеусіздеу қалған қаламгерлердің аттарын қайта жаңғыртып, Түркістан қаласынан, үшінші мегаполистен көше атын беруге ұсыныс жасалса, нұр үстіне нұр болар еді деген ойдамыз. Қалай дегенде де «қызыл террор» құрбаны болған арыстарымыз іргесін қалаған бүгінгі  басылымның болашағы бұдан да жарқын боларына сеніміміз кәміл. Лайым, қазыналы оңтүстіктегі қасиетті қарашаңырақтың беделі биіктей берсін! 

Сейдехан ӘЛІБЕК,
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың колледж директоры,
тарих ғылымдарының докторы.

Жоғарыдағы суретте: 
Сейілбек Үсенов, 1931 жыл.

Сейілбек Үсенов (төменгі суретте) қайын енесімен және балаларымен, 1937 жыл, 
Петропавловск қаласы.
Пікір қалдырыңыз