Түркістандық 4 атлет

Биыл 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Париж қаласында кезекті жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Бүгінге дейін Қазақстан құрамасының қоржынында 47 жолдама бар. Оның 4-еуін Түркістан облысының спортшылары еншіледі. Сонымен қатар алдағы уақытта жолдама иеленуі мүмкін үміткерлер қатарында тағы 4 жерлесіміз бар. 

Осы жылдың 22-29 мамыр аралығында бокстан Тайланд астанасы Бангкок қаласында өтетін лицензиялық турнирге түркістандық 2 былғары қолғап шебері қатысады. 
Атап айтқанда, 54 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген 19 жасар Ұлжан Сәрсенбек Астана қаласында өткен спарингтік кездесуде ширек финалда Элина Базарованы (2022 жылы жастар арасында әлем чемпионы), жартылай финалда Жайна Шекербекованы (әлем чемпионатының 3 дүркін жүлдегері) жеңді. Ал, финалда Сымбат Әлиасқарқызын жеңіп, лицензиялық турнирге жолдама алды. 
Сондай-ақ,  63,5 келі салмақ дәрежесінде 22 жасар Мұхаммедсабыр Базарбайұлы Астана қаласында өткен спарингтік кездесуде ширек финалда Ертуған Зейнуллиновті, жартылай финалда Жандос Қыдыралиевті, финалда Дулат Бекбауовты (2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері) жеңіп, лицензиялық турнирге жолдама алды.
Сонымен қатар, 2-4 мамыр күндері Түркияның Эдирне қаласында жүзуден лицензиялық турнир өтеді. Аталған жарыста 50, 100 метрде еркін жүзу және 50, 100 метрде баттерфляй әдісі бойынша жүзуден Софья Сподаренко бақ сынайды.
Біраз үзілістен кейін боз кілемге қайта оралған Дидар Хамза 90 келі салмақ дәрежесінде Grand Slam турнирлеріне қатысып, Олимпиада ойындарының лицензиясын алуға күш салады.
Пікір қалдырыңыз