«ШИНЕЛЬ» мен ШЕБЕРЛІК

«Актер – қызық мамандық, сонымен қатар қатал сала. Өзіңнен  данышпанды жасайсың,  өзіңнен сұмырай мен қатыгезді жасайсың».

Сәбит Оразбаев.

Өткен жылы Түркістан музыкалық драма театрында Н.В.Гогольдің «Шинелі» қойылды.  Премьераға бардым, биылғы маусымда тағы да көрдім. Жып-жинақы қойылым. Басты рөлді 21 жас­тағы Айбек Боранбаев сомдады. Іштей болашағы бар әртіс екен деп ой түйдім. Тұрқы да, сахнадағы мәнері де ерек. 
Бір күні аялдамада тұр едім, қарсы алдымнан сол Айбек Боранбаев шыға келді. 
– Айбек емессіз бе?  
– Иә.
– «Шинельде» бас кейіпкердің бейнесін сәтті сахналадыңыз. Акакий үшін  алғысымды айтсам деп едім, – деп ризашылығымды білдірдім. Ол жылы жымиып, ілтипат білдірді.  
Гогольдің «Шинель» повесін инсценировкалап, сахнаға бейімдеген бүгінгі талантты режиссерлердің бірі – Фархат Молдағали. 
Басты кейіпкер – Акакий Акакиевич Башмачкин өз ісіне аса ұқыпты жан. Дегенмен, елеусіз, қарапайым қызметкер. Ол құжаттарды көшіріп жазудан рахаттанатын. Өз ісінің шебері бола тұра оның ыздиған тікбақай қызметкерлердің арасында  еш беделі жоқ еді. Біртоға момын Башмачкинді жас шенеуніктер келемеждеп, күлкіге айналдырады. Бір күні Акакий шинелінің тозығы жеткенін аңғарады. Жамап бер деп тігінші Петровичке апарады. Тігінші оның жамауға келмейтінін айтып, жаңа шинель тіктіруге кеңес береді. Башмачкин барлық шығындардан бас тартып, жаңа сырт киімге қол жеткізеді. Жаңа шинелін жұмысына киіп келген күні мақтау-мадаққа көміліп, аяқ астынан абыройы аспандап, соңы «жууға» ұласады. Түн ортасында  үйіне қайтып келе жатқанда Акакийді ұрылар тонап, шинелін тартып алады. Ертесіне жұмысқа ескі шинелімен келген оған әріптестері «маңызды тұлғаға» барып шағымдануды ұсынады. Оның қабылдауына әзер жазылып, жағдайын айтқанда «маңызды тұлға» ұсақ-түйекпен мазалама дегендей оны кабинеттен қуып шығады. Қатыгез қоғамдағы озбырлық пен теңсіздіктен тауы шағылған ол көшеге шығады. Ескі шинелінің қуыс-қуысынан суық жел үрлеп, үйіне келе төсек тартып жатып қалады. Ұзамай дүниеден өтеді...  
Қойылымның қысқаша мазмұны осы. Алайда, көрерменнің көңіл түкпіріне бойлап, ой саларлықтай дүние. «Шинельдің» шындығы өмір шындығымен қабысып жатыр. Бүгінгі қоғамның кеселі – әлсізді жығу, қорғансызды кемсіту, элитарлық топтың өктемдігі. Қойылым осы жағдайды толық қамтиды. Адамгершілік атты баға жетпес құндылықтың құлдырауы, адам құқының  тапталуы, әлеуметтік теңсіздіктің тереңдеуі көз алдыңызға келеді. Қойылым ұнады, ұнағаны сонша, қайталап  көрдік. Бас қаһарманды сомдаған Айбекпен тілдеспекке асыққанымыз да сол еді. 
– Мектепте  оқып жүргенінде анам домбыра үйірмесіне берген. Түрлі байқауларға қатысып, жүлделер алып жүрдім. 9-сыныпты бітіргесін Т.Жүргенов академиясының  колледжіне түстім. Колледжде Данияр Базарқұлов, Бағашар Сайлыбаев сынды ұстаздардан тәлім алып, сахна өнерінің қыр-сырына қанықтық. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жүргенімде, Түркістанда ашылатын жаңа театрға кастинг жарияланғанын естіп, бақ сынап көрдім. Кастингтен өтіп, жұмысқа қабылдандым. Алғаш келгенде «Бөрте» қойылымына дайындық жүріп жатты. Еркебұлан Дайыров, Нұркен Өтеуіл, Қонысбек Бекайдаров секілді кіл мықтылармен бір сахнада жұмыс істедік. Мықтылардың мысы басады екен. Біз жаспыз ғой, басында абдырап, сөзімізден жаңылған кездеріміз де болды.  «Бөртеде» бірінші құрамда меркіт батырының рөлін сомдадым. Меркіттерге бой-тұрқы биік, тұлғалы адам керек болды да, сол сыртқы пішінмен өттім-ау деймін бұл рөлге. Екінші құрамда  Шыңғыс ханның ұлы  Жошының  рөлін ойнадым. Меркіт эпизодтық бейне ғой, ал Жошы менің жүрегімде қалды, – деді актер бізбен әңгімесінде. 
Ал, «Жошы дебютіңіз болса, «Шинельде» бас кейіпкерді сомдадыңыз. Бұл әлбетте жас актер үшін тәуір жетістік. Бұған қалай жеттіңіз? Жалпы, басты рөл актерге қаншалықты жауапкершілік жүктейді?» деген сауалымызға:
     – Иә, Фархат аға бізді қойылым материалымен таныстырып, рөлдерді бөліп берді. Екі-үш сахнаның жобасын дайындауды тапсырып, өзі Алматыға кетіп қалды. Басында маған Әулие әкей рөлі берілген. Бірақ, бас кейіпкер кім екені белгісіз. «Бас кейіпкер – барлығың» деді режиссеріміз. Сөйтіп, екі аптадан кейін келіп, жұмысымызды қайта пысықтады. «Сен дайындал, сен дайындал» деп бас кейіпкер үшін 7 актерді іріктеп алды. Акакийдің өлімі сахнасын қоятын болдық (Ол қойылымның финалы). Байқағаным, режиссер бәріміздің көзімізге қараумен болды. Менің алдымда шыққан әріптестеріме ескертпесі сол көз болды. «Өлім алдындағы  өкініш пен күйініштен өзегі өртенген адамның көзін көрмей тұрмын.  Көз! Нағыз Акакийдің көзін көрмедім». Кезек маған келіп қалды. Колледжде ұстаздарым құлағыма құйған Станиславскийдің:  «Кейіпкерді өзім деп есепте. Өзіңді оның орнына қой» деген қағидасы есіме түсті. «Сол шинельді алу үшін барлығынан бас тартып, 3-4 ай ашқұрсақ жүруге көнген. Әзер дегенде қолы жеткен еді ғой, құдайым-ау! Әлсізді жығу, қорғансызды кемсіту, қорлау ғой бұл! Расында мен Акакийдің күйін кешсем қайтер едім?». Санама осы ойлар жеткен сайын тамағыма тас кептеліп, көзіме лықсып жас келе берді. Аузымнан шыққан әр  сөзім жалын атып, ондыққа тиіп жатты. Қысқасы, басты рөлге мені бекітті. Достарым қолымды қысып құттықтап жатыр, алайда, қуанбадым. Ойланып қалдым. Акакий кім, мен кіммін? Менің болмысым мүлдем кереғар. Акакий деген қой аузынан шөп алмайтын момақан, пенде баласына залалы жоқ жан емес пе?! Қалай болар екен деп қобалжыдым. Оның үстіне басты рөл – үлкен жауапкершілік. Еркебұлан Дайыровтың «Басты рөл үшін түр-тұрпат, дене тұрқың, бойың да, сойың да маңызды емес. Үлкен жүрек керек» дегені бар-ды. Расында, басты рөл деген үлкен жауапкершілікті, зор энергия мен динамиканы талап етеді. Сонымен жатпай-тұрмай, ұйқы-күлкіден қалып дайындалдым. Колледждегі ұстазыма хабарласып, қобалжып тұрғанымды айттым. Ол кісі ақыл-кеңесін аямады.  Гогольдің, А.Чеховтың шығармаларын оқып шықтым. Сол 19 ғасырдағы Ресейдегі шенеуніктер мен кеңсе қызметкерлерінің бейнесін зерттедім. Фархат ағаның, пластикалық режиссер Шырын Мұстафина ұстазымның еңбегі де зор деп білемін. Ойыным Фархат ағаның көңілінен шықты. Премьерадан кейін қос режиссерім қолымды қысып құттықтап, батасын берді. Ең бастысы, анамның көңілінен шықты. Анам қойылымды көру үшін Алматыдан арнайы келген еді, – деді Айбек. 
  
Әтіргүл ТӘШІМ, 
журналист.
Пікір қалдырыңыз