Сапалы тұқым алуда салғырттық көп

Тіршілік атаулы тұқымнан өсіп- өнетіні белгілі. Сол үшін де тұқым мәселесіне ерекше мән беру керек. Маман ретінде өсімдіктердің, соның ішінде мақта дақылының тұқымына ерекше тоқталып кетсем деймін. 

Елімізде жаппай жекешелендіру саясаты жүргізілгеннен кейін бұрынғы кеңшар, ұжымшарлар таратылып, көптеген егістік алқаптар жекелеген шаруа қожалықтарының қолына өтті. Бұрынғыдай тиісті мамандар қадағаламаған соң, әркім тапқан тұқымын сеуіп жүрді. Ауыспалы егіс әдісі әдірем қалды. Уақыт өте келе ел мұның зардабын көре бастады. Мақтаның құнсыздануына бірізділіктің жоқтығы да әсер етпей тұрмады. Әркім тапқан шитін еккен соң оның өнімі де әркелкі болады. Ол мақта қабылдау пункттерінде де іріктелмей, одан әрі араласып кетеді. Сол техникалық шиттер тұқым ретінде жай шаруаларға сатылады. Біздің мақта өсіретін аудандар осы себепті де әлі күнге дейін әртүрлі мақта тұқымдарын егіп келе жатыр. Қазір Өзбекстанның әртүрлі сорттарына Түркиядан, Қытайдан сатып алынған мақта сорттары қосылды. Бұл сорттардың барлығын зауыттар С-47-27 сортымен қабылдайды, ал, негізінде бұл ондай сорт емес. С-47-27 деген сорт қазір жоқ, ол осыдан жүз жыл бұрын шыққан сорт. Міне, осындай себептерден біздегі мақтаның сапалы тұқымдары қазір техникалық тұқымға айналды.
Тұқым сапасын ретке келтіру үшін 2003 жылы 8 ақпанда ҚР «Тұқым шаруашылығы туралы» Заң шықты, осы заңның аясында әп-әжептәуір жұмыстар қолға алынып еді, кейін оның біраз баптары өзгертіліп, қысқартылып, сапалы тұқым алу тіптен қиындап кетті. Аталған заңның талаптарын тиісті басшылар талап етпегендіктен, тіпті кейбір жауапты мамандар білмегендіктен сапалы тұқым алу жұмысында салғырттық көп. 
Жасыратыны жоқ, соңғы отыз жылда ауыл шаруашылығы саласын басқарған жиырмаға жуық министрдің бәрі бұл саланы жетік білетін мамандар емес еді. Ауылдағы жағдаймен тек қағаз арқылы танысатын, сол қағазға қарап шешім шығаратын министрлердің кесірінен бұл саладағы жұмыстар қожырап кетті. Мысалы, аталған заңдағы «Мемлекеттік тұқым инспекторы» деген лауазым қазір жоқ. Ол лауазым 2015 жылы облыс, аудан әкімшіліктерінің құзіретіне беріліп кеткен, алайда, осы күнге дейін олардың бірінде де мұндай штат жоқ. «Мемлекеттік тұқым инспекторы» деген лауазымды Ауыл шаруашылығы министрлігіне қайтарып беру керек, сөйтіп «Тұқым шаруашылығы» заңын бұрынғы қалпына келтіріп, сапалы тұқым алу жұмысын жандандырмаса болмайды. Жер көлемі елу гектардан асатын ірі шаруашылықтарды аудан тұқым шаруашылықтарына өткізу керек, сөйтіп тұқым шаруашылықтарын көбейту керек.  
Тұқым шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Демек, мұның қызығын біреулер көріп жатыр деген сөз. Субсидия алған адам оның жауапкершілігін де қоса алу керек емес пе?! Ол үшін мемлекеттік стандарттар мен  нормативтік техникалық актілерді білу керек және қатаң сақтау керек.
Шетелден сатып алынған тұқымдар міндетті түрде жергілікті жердегі тұқым зертханасынан сараптамадан өтеді. Олар тұқымның сапасын тексеріп, егуге жарамды деп сертификат береді. Ол екі айға ғана (наурыз, сәуір) жарамды. Ал, субсидия алуға тұқымның сапасын растайтын анықтама береді. Енді қараңыз: субсидия тамыз айында беріледі, ал, сертификаттың жарамдылығы екі ай ғана. Сол себептен сертификат субсидия алуға жарамсыз болып қалады. Оның үстіне субсидия І және ІІ класс өнімділігіне (95%-100%, 90%-95%) берілуі тиіс. Ал, ІІІ класты өнімділігіне (85%-90%) субсидия берілмейді. Бірақ, қазір кейбір жауапсыз, тіпті сауатсыз десек те болады, мамандардың кесірінен ережелер бұзылып, ІІІ класс өнімділігіне де субсидия беріліп, мемлекеттің ақшасын оңды-солды шашып жатқандар бар. 
Мақта дақылы – ыстықты сүйетін, шөлге шыдамды өсімдік. Су мол болса үш рет суарған артық болмас. Сонда өнімді көп береді. Ал, гүлдеп көсек жинағанда тыңайтқыш беріп бір рет суарсаңыз да болады. Су өсімдіктің бойына кетіп қалмау үшін қыркүйектің бас жағында шырпу (чеханка) керек, сонда қозаның жинаған көсектері салмақты болып, өнімді мол береді. Мақта дақылынан бірнеше қосымша заттар алуға болады, соның ішінде тұқымнан (шит) 20 түрлі, ал, сабағынан 
7 түрлі, жапырағынан 4 түрлі, талшығынан 30 түрлі зат алынады. Бір сөзбен айтқанда, мақта дақылы берекелі, табысы мол дақыл, шитті мақтаны өңдеп, тұрмыста, медицинада, қорғаныс, құрылыс, мал азығына және тағы басқа салаларда кеңінен пайдалануға болады.
Мемлекет түрлі шағын цехтар ашып, керекті мамандарды жұмылдырып, осы бағытта жұмыс істесе, халықтың тұрмыс жағдайы көтерілер еді. Ол үшін стратегиялық дақылға мемлекеттік тұрғыдан ерекше көңіл бөлген жөн. 
Мақтаарал ауданында мақта және қауын-қарбыз сорттарын шығаратын «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС бар. Онда мақтаның өзіміздің отандық М-4011, М-5027 сорттары шығарылып келді. Бұл сорт әр гектардан 40-50 центнер өнім береді. Мекеме осы сорттардың талшықтарын өздерінің шағын зауытында өңдеп, өңделген талшықтарды 50 келілік бумамен алады. Ал, негізі стандарт – 200 келілік бума алса, Ливерпуль биржасы арқылы сатқанда талшықты 18 көрсеткішке тексереді. Сол уақытта М-4011, М-5027 сорттарының көрсеткіштері жоғары болса, сатылу бағасы да жоғары болады. Ол шаруаларға да, тәжірибе стансасына да қомақты табыс әкелер еді. 
Шаруалар мақта егу үшін қаражатты мақта зауыттарынан фьючерлік келісімшартпен алады. Негізі зауыттар шаруаларға қаражатты мақта талшығының есебінен беруі керек. Өйткені, мақта талшығы қымбат бағада сатылады. Былайша айтқанда, мақтаның пайдасын зауыттар көріп отыр. Негізі мемлекет шаруаларды өзі қаржыландырып отырса, шаруалар зауытқа тәуелді болмай, өздерінің мақта талшығын Ливерпуль бағасымен өздері сатып, өз өнімдеріне өздері егелік жасаған болар еді.
Ұсақ шаруаларды біріктіру үшін ауыл әкімшіліктеріне қарасты мемлекеттік МТС ашу тиімді. МТС-ке керекті тракторлар мен ауыл шаруашылығы техникаларын мемлекет өзі сатып алып,  ол техникалар ұсақ шаруаларға қызмет көрсетуі керек. Келісімшартты екі жаққа тиімді етіп түзсе, екі тарап та ұтылмайды. Сонда қазіргідей ірі шаруалардың жұмысы жүріп, ұсақ шаруалардың жерлері қараусыз қалмаған болар еді. Ал, бізде жүйесіздік салдарынан қаншама гектар жер қараусыз қалып, бойындағы бар құнарынан айырылды. 
Тағы бір айтарым, әр аграрлық аудан егетін тұқымдарын өздері дайындау керек, себебі олардағы жер жағдайы әртүрлі, қандай ауыл шаруашылығы дақылын егетінін әр аудан өздері жақсы біледі. Сондықтан, жергілікті жерде егілетін сапалы тұқымдардың нарығын халыққа тиімді етіп, аудан бекіту керек. Субсидияны тұқым шаруашылықтары алғаны жөн. Қазір мақта егетін аудандар 
шетелден (Түркия, Қытай, Өзбекстан) тұқымдарын сатып алып, сол тұқымдарды шаруаларға 2500 теңгеден сатып жатыр.
Әр ауданда міндетті түрде егіліп жатқан дақылдардың тұқымдық қоры болғаны жөн. Қордағы тұқымдарды әр екі ай сайын зертханадан сараптамадан өткізіп, сапасын тексеріп, қадағалап отыруды ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің тұқым маманына жүктеген дұрыс.
Біздің Мақтаарал ауданында көкөніс егіп, екі рет өнім алуға болады. Себебі, бізде су бар, оның үстіне ауа райы қолайлы. Шаруаларға көкөніспен айналысуға мемлекет қаржылай көмек беріп, жеміс және көкөністі өңдейтін зауыт салып берсе, бүкіл елімізді көкөніспен қамтамасыз етуге болады. 
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, сапалы тұқым, берекелі өнім, мол табыс үшін бұл салада мемлекеттік тұрғыда дұрыс үйлестірілген жүйе болуы тиіс. Сонда стратегиялық өнім – мақта шаруашылығы өзін-өзі ақтайтын еді...

Сапарбай БАСЫМБЕКОВ,
агроном.
Мақтаарал ауданы.
Пікір қалдырыңыз