Ашу шақыратын емес, ақыл шақыратын кез

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі бірқатар облыстардағы су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты Қазақстан халқына Үндеу арнағаны белгілі. Дәл қазіргі таңда су тасқынына байланысты еліміздің он өңірінде төтенше жағдай жарияланған. 

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Үндеуінде су тасқынымен күресуге барлық ресурстар тартылып, қажетті шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. «Баршаңызға белгілі, елімізде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады» деді. 
Иә, ең бастысы, бізге апат аймағында қалған тұрғындардың амандығы қажет. Президент тасқын судан зардап шеккен азаматтарға мемлекет тарапынан қаржылай және басқа да көмек көрсетілетінін жеткізді. Материалдық шығындар толық өтелмек. Дегенмен, біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығарып, сабақ алуымыз керек. Расында да, бұл апат бізге елімізде су шаруашылығы мамандарының тапшы екенін, табиғатқа немқұрайлы қарайтынымызды, көп мәселені өте жедел реттемесек болмайтындығын ұқтырды. Көп болып жұдырықтай жұмылсақ, бұл қиындықты да еңсереміз. Түркістан халқы қолдан келген көмегін аянып жатқан жоқ. Аудан, қалаларда гуманитарлық көмек жіберетін бекеттер ашылып, жұмыс істеп жатыр. Біз сіздермен біргеміз, ағайындар! 
Қазір ашу шақыратын емес, ақыл шақыратын кез. Көп ұзамай бұл қиындық та ұмытылар. Сондықтан, сабыр сақтайық, сары уайымға салынбайық, ағайын!
Әлі-ақ бәрі де жақсы болады.

Низамхан СҮЛЕЙМЕНОВ, 
кәсіпкер.
Пікір қалдырыңыз