31 мыңнан астам адам үйіне оралды

Редакцияға телефон шалып, «батыс өңірдегі су тасқынының жағдайы қай деңгейде?» деп сұрап жатқандар көп. «Қайғыны бөліссең азаяды…» дегендей, жанашырлық танытқан түркістандықтарға кешегі күнгі мәліметті ұсынып отырмыз.

KAZINFORM. Жайық өзенінде су деңгейінің біртіндеп төмендеп келе жатқаны байқалады. Бұл туралы ТЖМ өкілі Асқар Шәріп айтты.
«Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы іс-шаралар, су тасқыны салдарын жою және халыққа көмек көрсету бойынша жұмыстар одан әрі жалғасуда. Батыс Қазақстан облысында, Орал қаласында Жайық өзенінің деңгейі біртіндеп төмендеп келе жатқаны байқалады. Су деңгейіне мониторинг жүргізу жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта үйлерді су басу оқиғасы тіркелген жоқ. Саяжайда қалып қойған тұрғындардың бар-жоғын тексеру үшін үй-үйді аралау әлі де жалғасады» деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның дерегінше, осы сағатта республика бойынша 31 112 адам үйлеріне оралды. 8 566 адам, оның ішінде 3 718 бала эвакуациялау пункттерінде қалып отыр.
«5 677 тұрғын үй мен 2 584 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. 11,7 млн. текше метрден астам еріген қар суы сорылып шығарылды, 5,5 млн. қапшық және 1,5 млн. тоннадан астам инертті материал төселді. Жедел желі телефонына 2 205 қоңырау түсті. Апаттық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 32 мыңнан астам адам, 4 мың техника, 773 су сору құралы, 294 жүзу құралы, 13 әуе кемесі жұмылдырылды» деді Асқар Шәріп.

Пікір қалдырыңыз