Биыл 29 жайлы мектептің құрылысы аяқталады

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру аясында 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орынды 63 мектеп салу жоспарланған. Атап айтсақ, 300 орынды 11 мектеп, 600 орынды 25 мектеп, 900 орынды 15 мектеп, 1200 орынды 6 мектеп, 1500 орынды 4 мектеп, 2000 орынды 2 мектеп салынуда. Биыл пайдалануға берілетін 29 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін мердігер және жобалаушы мекемелер «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ы арқылы анықталған. Аталған 29 мектептің 19-ы биыл қыркүйек айында, қалған 10-ы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. 

Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы мектептердің құрылысын сапалы жүргізу, оларды білікті педагогтармен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты жүйелі атқаруды тапсырды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын мектептерге жергілікті өндірушілердің жиһаздары қойылуы керектігін ескертті. Сонымен бірге, мектептерді білікті кадрлармен қамтуды міндеттеді. 
– «Жайлы мектептер» толық инженерлік инфрақұрылыммен қамтылуы тиіс. Мектеп құрылыстарына апта сайын мониторинг жасауды тапсырамын. Екіншіден, мектептерге жергілікті кәсіпорындар жасаған жиһаздар қойылсын. Осы мәселені реттеңіздер. Ең бастысы, ол мектептерді білікті ұстаздармен, іскер директорлармен қамту жұмысын назарда ұстаңыздар. Кадрлар қазірден жасақталуы қажет, – деді Дархан Амангелдіұлы. 
Мәжілісте облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев пен білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтің осы бағыттардағы есептері тыңдалды.
Қазіргі таңда биыл пайдалануға берілетін 29 мектепті талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамту үшін «Қазақтелеком» АҚ мен «Транстелеком» АҚ операторларынан техникалық шарттар алынған. Жоспарлы жұмыс биылғы 
1 тамызға дейін толық аяқталады. Ал, 2025 жылы пайдалануға берілетін 34 мектептің құрылысын іске асыру жоспарына сәйкес, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету 2025 жылғы 1 тамызға жоспарланған.
Тиісті ұсыныстар беріліп, биыл пайдалануға берілетін 29 мектепті ұстап тұруға, яғни қосымша ашылатын штат бірліктеріне айлық жалақы, коммуналдық қызмет төлемдері үшін қажетті жобамен 2,9 млрд. теңгеге қолдау білдірілді. Аталған қаржы биыл қыркүйек айында бөлінбек. 
Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында пайдалануға берілетін мектептерді алдағы 3 жылда, яғни 2025-2027 жылдар аралығында ұстап тұруға қажетті қаржы көлемін облыстық білім басқармасы есептеуде. 
Жаңадан ашылатын мектептерді немесе облыстағы жалпы мектептерді орындық, парта, тақта және т.б. қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мен мектептің ішкі бөлігін безендіруде Binom School мектептер желісінің тәжірибесі ескеріледі. 
Пікір қалдырыңыз