Жұмыс орындарын ашпай Ащысайдың проблемасы толық шешілмейді

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Кентау қаласына қарасты Ащысай ауылына барды. Жергілікті тұрғындармен, қоғам белсенділерімен кездесіп, ауылды дамыту мәселесін талқылады. 
Бүгінде Ащысай ауылында мектепке дейінгі бір мекеме, 2 мектеп, Мәдениет үйі, кітапхана, 2 спорт алаңшасы, пошта бөлімшесі жұмыс істеп тұр. 

Облыс әкімі Мәдениет үйінің жай-күйімен танысты. Жергілікті тұрғындардың ұсыныстарын тыңдады. Тұрғындар ауылға газ тарту, жол салу, туризмді дамыту мәселелерін көтерді. Мәдениет үйін жөндеуден өткізу жөнінде өтініш айтылды. Сонымен бірге балалар лагерін ашу, демалыс орындарын көбейту, инфрақұрылымды жақсарту туралы пікірлер ортаға салынды. 
Одан кейін өңір басшысы «Ащысай» дәрігерлік амбулаториясы мен «Сәуле» балабақшасына барды. Ауылдағы әлеуметтік нысандардың жай-күйі сараланды. 
Дархан Амангелдіұлы «Ащысай» түсті металл комбинатының Ащысай руднигіне қарасты металлургиялық цехтың қалдықтар қоймасы мен ауыл шетіндегі өндірістік шахтаға да барып, олардың қазіргі жағдайымен танысты. Өндіріс орындарын ашу бағытындағы ойлар айтылып, ұсыныстар тыңдалды. 
– Ащысай ауылын дамыту мәселесін жан-жақты қарастырамыз. Жұмыс орындарын ашпай тұрғындар көшін шектей алмаймыз. Сондықтан бірінші кезекте жұмыс орындарын, кәсіпорындар ашу мәселесін шешуді қолға алу керек. Жергілікті тұрғындардың, кәсіпкерлердің бастамаларын қолдаймыз. Тау-кен орындарын барлап, зерделеу жүргізу керек. Жауапты басқармалар, өздеріңізде бар мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар арқылы қолдау көрсетіңіздер. Екіншіден, туризмді дамытуға инвестиция тарту жолын қарастырайық. Кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. Кентау қаласының әкімі мен басқарма басшыларына Ащысай ауылын дамыту бойынша жоспар әзірлеуді тапсырамын. Осы аймақтан түлеп ұшқан азаматтар да туған жерді түлетуге атсалысады деп ойлаймын, – деген Дархан Амангелдіұлы жауапты басшыларға уақыт берді. 
Кезінде тау-кен өндірісімен даңқы жайылған Ащысай ауылында қазір 2 мыңға жуық тұрғын бар. Ауылда жалпы 15,12 шақырым жол болса, оның 11,7 шақырымына асфальт төселген. Тұрғын үйлер саны 336 болса, мемлекеттік мекеме ғимараттары – 13. Ал, жеке кәсіпкерлер ғимараттарының саны – 5. Ауыл электрмен, ауыз сумен қамтылған. Ащысай тау-кен өндірісі мүмкіндігін зерттеу, қазбаларды кәдеге жарату бойынша жауапты министрлікке ұсыныс хат жолданған. 
Пікір қалдырыңыз