Қаланы тастап, ауылға келді

Шархан Ерәлиевтің қалада әжептеуір кәсібі бар еді. Пластиктен есік-терезе жасайды. Өнімдері өтімді болды. 
Бірде көптен бері ат ізін салмаған туған ауылы Қаратөбеге келсе жекешелендіру науқанында алған үлесті жеріне арамшөп қаптап кетіпті. Ауыл малы еркін жайылып жүр. Үйінің сыртқы көрінісі жүрегін шым еткізді. «Қазақтың құт-берекесі ауылда, одан күдер үзуге болмайды» деп шешіп, туған жерге біржолата көшіп келуге бекінді. 
Ауылда ырыс үйірілетін сала – мал шаруашылығы ғана. Ол Шарханға таңсық емес. Мал өсіру – ата кәсібіміз. Таңсық болмағандықтан да кейіпкеріміз осы  кәсіппен айналысуды қолға алды. Мал бағу үшін ең алдымен қораң сайлы, жемшөбің жеткілікті болу керек. Техника өзіңдікі болса, тіптен жақсы. Өмірлік тәжірибесі, үлкендерден алған сабағы жетеді. 
Тиесілі егістік алқабы Балдыберек–Кент каналы жанында. Тастақты жер. Жазық. Күн нұры жақсы түседі. Суармалы егістікпен айналысса, жеткілікті мал азығын дайындап алуға болады. Осыны көңіліне түйген ол тәуекел деп іске бел шеше кірісіп кетті. Бірінші жылы егістікті тастан тазартты. Арық қазды. Үлгергенінше алқапқа бидай, біраз жерге жоңышқа тұқымын септі. Дегенмен, алғашқы жылы мардымды өнім ала алмады.
Есінде бар, бала кезінде осы жерге шаруашылық әр жылдары бидай, жүгері, жоңышқа егетін. Минералдық тыңайтқышпен аямай қоректендіріп, суарып, мол өнім алушы еді. Әсіресе, жүгерілікті айтсайшы! Атты адамның бойынан да биік өсетін. Собық байлағанда ауыл балаларымен бірге барып есекпен қоржынды собыққа толтырып қайтушы еді. Жастайынан егістікке тиісінше күтім жасамайынша, мол өнім ала алмайтынын біліп өсті. 
Келесі көктем шыға диқаншылыққа мықтап кірісті. Субсидияға минералдық тыңайтқыш алды. Інісі Нұрлан екеуі ала жаздай алқаптан шықпай егістікті суарды. Тыңайтқыш сіңірді. Көң төкті. Сол жылы жоңышқаны үш рет орып, қажетті мал азығын дайындап алды. Егіннен де жақсы өнім алды. Өзіне қажеттісін жаратып, артығын сатып, ақшасына бір бие, екі сиыр сатып алды. Осылайша мал басы көбейе берген. 
Мал саны көбейген соң қорасын кеңейтті. Аттақырларға мал өздігінен су ішетін кран орнатты. Бұрыннан екі сиыры, оншақты қойы болатын. Көктемде сиыры бұзаулап, сауыла бастады. Сүт тартатын  сеператор, тоңазытқыш сатып алды. Жұбайы Ақбөпе үй шаруасына пысық, сарамжал боп шықты. Сүт өнімдерінің түр-түрін дайындады. Айран, май, құрт, ірімшікті алымсақтар талап әкетеді. Ауылда отырғанмен мал ұстамайтындар да бар. Олар құрт, май, айран, сүт алатын. Қала тұрғындары да ауылға ат ізін салса, Ақбөпенің дәм үйіретін сары майын, қаймағын ала кететін. Қыста сары майға арнайылап тапсырыс береді. 
Әкесінен оншақты бал арасының ұясы қалған болатын. Өзі сыртта жүргенде оған Ақбөпе қарап, аман сақтап қалыпты. Енді олар бал арасын одан әрі көбейтті, 25-30 ұяға жеткізді. Ол да отбасы бюджетін молайтты.
Қайбір жылы елде пандемия басталды. Қымыз бен саумалдың құдіреттілігін ұмыта бастаған қазақ дәрі үшін емге қымыз, саумал іздеп кетті. Шархан отбасының қымыз, саумал дайындайтынын естіп, жұрт алыстан іздеп келді. Ақбөпенің саумалы талай адамға шипасын тигізді.
– Шіркін, Ақбөпенің қымызы-ай! – деп бал татыған сары қымызын тамсана ішіп, риза болысты. Бүгінде олар бұл отбасының тұрақты тұтынушысына айналған.
Өмір мектеп қой, өзі үйретеді. Шархан бәрін саралай келіп, мал бордақылау мен қымыз, саумал дайындауға бейімделді. Жылына 4-5 жылқы, осынша қара мал бордақылайды. Бұларға қосымша күзде оншақты бір жасар еркек бұзау сатып әкеліп, 5-6 ай бағып бордақылайды. Жұрт бордақыны пышақ үстінен талап әкетеді.
Бұрын қазақ сабанды құнары жоқ деп мал азығына көп пайдаланбайтын. Көрші өзбек ауылының адамдары келіп егістіктегі сабан, топанды сыпырып-сиырып әкетіп жататын. Ретін тапса, сабан топаны да қара малға жұғымды азық екен. Тек дайындау әдісін білу керек. Ол үшін сабанды малға берер алдында сумен шайып, ащысын кетіріп, жібітіп, жеммен араластырып берсе, мал кәшек қалдырмай, жеп қояды. Тез қоңданады. Шархан бұл тәсілді де меңгеріп алды.
Күзде жиын-терім аяқталды. Мал қолға қарады. Шархан кенже ұлы Бекарыс екеуі қорада мал жайғап жүрген.
– Балам, ала жаздай тер төктік. Қажетті астық, мал азығын дайындап алдық. Оған сенің де көмегің тиді. Осы ризығымызды Жер-ана беріп отыр. Жер-ана асыраушымыз. Жер аялағанды сүйеді. Сен мұны ешқашан ұмытпа. Адал еңбек ет, – деп ақылын айтты.
Шархан биыл да көктемде жұмысқа ерте кірісті. Алдағы уақытта техника сатып алуды жоспарлап отыр. Техника өзінен шықса, шаруасы одан әрі дөңгелемек.
Ол қаладан ауылға келгеніне еш өкінбейді. Туған жерге ту тігіп, қанатын жайып, шаруасы өркендеп келеді.

Көшкінбай ЕЛІКБАЕВ.
Қаратөбе ауылы,
Төлеби ауданы.                                    
Пікір қалдырыңыз