Махаббат – таусылмайтын әңгіме

Махаббат, жастық шақ жайлы тебірену өмірдегі күйбең тіршілік пен бітпейтін арпалыстарды тоқтатып, өзімді де, жүрегімді де бір тыныштандырады. Өйткені, махаббат өмірдің мәні, жүректің қалауы екен.
Махаббат – бұл жандүниеміздегі ұлы сезім. Ол туралы сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жыршылар жырласа да, ақын-жазушылар көркемдеп, әсірелеп жазса да, махаббат сөзінің нақты анықтамасын әлі ешкім таппағандай. Себебі, қаншама махаббатты сипаттап жазған анықтамаларды оқысам да, менің жүрегімдегі анықтаманы ешкім жазбапты. Бәлкім, оны ешкім жаза да алмас, сипаттайтын сөз де таба алмас. Оны сипаттап беруге менің де қабілетім жетпейді, қабілетім емес, сөздік қорым жетпейтіндей. Осы сәтте жазушы Ілияс Есенберлиннің мына бір сөздері санамда әлі жаңғырып тұр: «…Ғажайып сезім – махаббат деген! Қара тасты қақ жарып шығып, өзіне жол салған мұзбалақтай, махаббат жаныңның белгісіз бір түкпірінде пайда болады да, жолында тұрған сан бөгетке қарамастан бір жүректен екінші жүрекке жол табады. Кенет көп адамның ішінен саған біреу ұнайды. Мұны кім, қалай түсіндіре алады? Бар болғаны сен оны сүйесің!.. Бұл сұраққа адам баласы жаралғалы әлі ешкім жауап беріп көрген жоқ, сондықтан да мұндай сұрақты қоюдың да қажеті аз. Оған жүрек қана жауап бере алар. Сөз, ақыл-ойға берілген, бірақ оның да айтары жоқ… Алайда, ақыл-ой, жүрек, сезім – бәрі біртұтас». Иә, керемет сипаттама.
Осы ұлы сезімді жастық шағында сезініп көрмеген адам жоқ шығар. Жастық шақтың синонимі қандай десе, ойланбастан «Махаббат жасы» дер едім. Махаббат әр уақытта тек бақыт әкеле бермейді, ол бір кезде жылатады, ол бір кезде құлатады. Алауымен күйдіріп, күл қылатын махаббат та бар. Ол махаббат – жауапсыз махаббат деп аталады. Бұл – жастық шақтың, махаббаттың машақаты. Машақаты болса да естен кетпес, өмірде бар екеніңізді, тірі екеніңізді сездіретін күш. Махаббаттан көңіліңді қалдыратын кез. Бірақ, еш мойыма. Бұл өмір осынысымен қызықты емес пе?! Жылау, ол адамға сезіміңді айта алмау, жек көре тұрып, қайта жақсы көру. Қаншама эмоция десеңізші?! Еш қорықпаңыз, жауапсыз болса да жақсы көріңіз. Бұл сезімді кейін қанша уақыт өткенде сезіне аласыз ба? Белгісіз...
Махаббат – партадан басталатын, қызығы мен мұңы аралас, ешқашан ұмытылмайтын аяулы сезім. Алғашқы махаббат әркімде әрқалай болады. Біреудің алғашқы сезімі ұстазына, сыныптасына, тіпті, өзінен әлдеқайда үлкен адамға ашылып жатады. Мысалы, 2000-2003 жылғы жігіттердің басым көпшілігі корей актрисасы Со Со Но атымен танылған Хан Хе Чжинге, қыздары Ли Мин Хоға ғашық болған. Айтсам сенбейсізбер, бірақ шынымен алғашқы махаббаттым Со Со Но деп жауап берген талай жігітті көрдім.
Қазіргі уақытта шынайы махаббат өз мағынасын жоғалтып бара жатқандай. Қыз бен жігіт араларындағы жәй қызығушылық сезімді махаббат ретінде қабылдап жатады. Мүмкін, ажырасу осы себепті көбейіп кеткен шығар-ау...
Шынайы махаббаттан қанша қашсаң да, ол сенен кетпейді. Ол адаммен өткен әр уақыт бағалы, ол адамның жанында болу, дауысын естудің өзі сені бақытты етеді. Шынайы махаббат біз күтпеген беймезгіл уақытта келуі мүмкін. Адам өмірде екі рет ғашық бола алады екен. Біріншісі – алғашқы махаббат, екіншісі – шынайы махаббат. Осы махаббаттың барлық кезеңін бастан өткеретін ең керемет уақыт жастық шақ емес пе?! «Махаббат деген не?» деген сұрақ қойылса, жауабын жүрегіңмен сезініп, жауап берер кез осы емес пе?! Ғашық болып өлең жазып, ақын болып кететін кезің де осы кез ғой! Біреуге ғашық бола алмаған адамнан меніңше, ақын шықпайды. Ал, сіз қалай ойлайсыз?
Сымбат МАРАТОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың 4-курс студенті.