Омбы қар мен оқушы

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Кеше күнімен, содан соң түннің бір уағына дейін қиыршықтап жауған қар едәуір өндіріп тастады. Қардың қалыңдығы аттың тұсарлығына жетеді. Айта беретін, кәдуілгі қансонардың өзі.  Балалар қарға аунап, асыр салып ойнап, көшелердің берекесі кіріп қалды. Төрткүл төңіректің барлығы ақ ұлпа жамылды. Қайда қарасаңыз да аппақ әлем. Иә, аппақ әлемді көрмегеніміз қашан? Дүниенің барлығы әлеміш түрге айналып кетті ғой.
Осы таңсық көрініске қарап отырып менің есіме 1969 жылдың қытымыр қысы түсті. Қары омыраудан келген мынадай қысты үлкендер де бұрын-соңды көрмегендерін айтып, таңдай қағып отыратын. Қатал қыстың үскірік ызғырығы, бетті шымшып ойнайтын аязы «тфу» деген түкірікті жерге түскенше мұзға айналдырады. Кеңшардың алыс қыстауларындағы мал қырыла бастады деп естиміз.
Бір күні далаға шықсам, қар белуардан келіп қалыпты. Әкем ауланы күреп болып, қора жақта жүр екен.
– Балам, шайыңды ішіп болған соң мектебіңе бар, – деді әкем менің  шөжеторғай сияқты мойнымды ішіме тартып тұрғанымды байқап.
– Қайтіп барамын? Қар қалың ғой, – дедім мектепке бармаудың сылтауы табылғанға қуанып кетіп.
Әкем қолындағы айырын маяға шанши салып, маңайға бажайлап қарады. Сосын «үйге жүр» дегендей белгі беріп, өзі алға түсті. Мен таңғы шайымды ішіп болғанша әкем де киініп алыпты.
Далада боран ұлып тұр еді. Үскірік жел бет қаратпайды. Жә, мұны да қойшы, қардың қалыңдығы менің белімнен келеді. Трактор, машина біткеннің барлығы қыстауларға кеткен. Көше бойына із тастаған бірде-бір көлік көрінбейді. Қардың қалың түскендігінен бе, көшеге әлі ешкім шықпапты. Осыны көріп әкем үйге қайта кіреді ғой деп ойлағанмын. Жоқ, ол менің қысқа тонымды қымтап, құлақшынымның бауын мықтап байлады да інім Болатбекті арқасына мінгізіп, қалың қарды омбылай жөнелді. Мені бір қолымен сүйреп келеді. Әкемнің тасасында бетіме қар тимесін деп дедектеп келемін. Көп уақыт өтпей-ақ жүрісіміз саябырлай бастады. Әкем әлсін-әлсін демігіп, жиі тоқтайды.  Тоқтаған сайын інім екеуімізді қымтап, жаурап қалмады ма екен дегендей бетімізге үңіліп қарап қояды. 
Қойшы, ит әуремен мектепке де жеттік-ау. Мектеп  іші құрқылтайдың ұясындай жып-жылы екен. Апайлар ерте келіп, пештерге от жағып үлгеріпті. Басқа да оқушылар жан-жақтан келе бастады. Әкем «сабақтан соң келіп алып кетемін» деп үйге қайтты. Не керек, сол бір сұрапыл қыста әкем інім екеуімізді мектепке бірде шанамен, бірде атпен  апарып, әкеліп жүрді.
Бүгінде ойлап отырсам, қайран әкешім біздің сабақтан қалып кетпеуімізге қатты алаңдаған екен ғой. Бұрынғының адамы болғандықтан да әкеміз шала сауатты еді. Сондықтан да соғыс кезінде атқа мінгені болмаса, былайғыда кеңшардың қара шаруасынан арыға бара алмады. Сөйтсек, әкеміз жарықтық бізді оқысын, қарайып қалмасын, ел қатарына қосылсын деген ойда жүріпті-ау.
Бүгінде ойлаймын, журналист атанып, қызмет етіп жүргенім әкемнің омбы қарды белуардан кешіп, мұзжарғыштай алдымызға түсіп, аяз бен үскірікке дауылпаздай қасқая қарап кетіп бара жатуы біздің қамымыз екен ғой.
Ымырт түсіп келеді. Қар жапалақтап жауып тұр. Балалар шаналарын алып көшеге сырғанауға шығып жатыр. Дүниеде балалардың күлкісінен  қымбат, шырын не бар? Кешкі күлкі 
төңіректі түрлендіріп, жаңғырта бастады.
Ал, менің көкірегімді ащы бір өксік кернеді...
Пікір қалдырыңыз