Шаруаларға қолдау көрсетіледі

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес өңірдегі агро-өнеркәсіптік кешеніне көрсетілетін мемлекеттік қолдауларды насихаттау және кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы бастаған жұмыс тобы Қазығұрт, Сарыағаш аудандарындағы шаруалармен кездесу өткізді. 

Кездесуде шаруалардың дала жұмыстарына дайындығы мен мемлекеттік бағдарламалар барысы талқыланды.
– Ауыл шаруашылығы – облыс экономикасының негізгі саласы. Мемлекеттік қолдау мен атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде аймақтың агроөнеркәсіптік кешені тұрақты дамуда. Облыс көлемінде құрылған жұмыс тобы 3 күн бойы аудандарды аралап, шаруалармен кездеседі. Сұрақтарыңызға жауап беріп, проблемаларды өздеріңізбен бірігіп оңтайлы шешу үшін келдік. Біздің мақсатымыз – мемлекеттік қолдауларды кеңінен насихаттау, шаруалардың шығындарын жеңілдетіп, еш қиындықсыз мемлекеттік қолдауларды алуларын қамтамасыз ету, – деді Ермек Кенжеханұлы.
Кездесуде Қазығұрт, Сарыағаш аудандарының тұрғындары өз тараптарынан мәселелер көтеріп, жауапты мамандарға сұрақтарын қойды. Сонымен бірге облыс әкімі орынбасарының жеке қабылдауында бірнеше шаруа көкейтесті проблемаларын қозғады. Отандық өнімдердің бағасы және оның бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі сөз болды. Жанар-жағармайдың уақтылы бөлінуі мәселесі де көтерілді. Шаруаларға отандық қызанақ пен қиярдың сұраныста төмендеу себептері және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары туралы кеңінен мағлұмат берілді.
Мемлекет тарапынан көрсетілетін барлық қолдаулар Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Gosagro.kz» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Айта кетейік, қайта өңдеуге өткізілген дәндік жүгеріні, жылыжайлардың жылыту шығындарын, сатып алынған тұқым құнын, тыңайтқыштардың, пестицидтердің құнын субсидиялау, жеңілдетілген жанар-жағармайға өтінім қабылдау, ағын су құнын жеткізу қызметін субсидиялау жұмыстары атқарылады. Сонымен қатар, басым дақылдардың өндірісін дамытуды субсидиялау бағдарламасы арқылы өнеркәсіптік және фермерлік жылыжайларға да қолдау көрсетіледі. 
Пікір қалдырыңыз