Тойға танкімен келді...

Біз мақтаншақтар еліненбіз. Тойларда тойханалардың ішіне атпен кіріп келуді қойшы, түйелерді де екінші қабаттан түсіріп, жұртты таң қалдырамыз. Қорғаныс министрлігінде шалқып жүрген бір дөкейдің ұлы үйленіп, сол мықтының баласымен сыныптас Қасымбек те тойға шақырылған еді. Қасымбек тойға жалғыз барса, жалп ете қалатындай көрініп, досы Мақсатты ертіп алды. Мақсат  өзі жұмыс  істейтін газетінде «Облыстық сот, ауызы – от» деген сын мақала жазған болатын. Сол мақаласының кейіпкері, облыстық соттың төрағасы Мөртай Бөртебаевты алыстан көріп қалды. Тойға шақырылған облыс әкімі Масақбаевтың қасында отыр. Облыс прокуроры да осында. Ығайлар мен сығайлар. Солардың қатарында аудан әкімі болғысы келіп, қиялы қышып жүрген ауыл әкімі Сайра да отыр. Облыс әкіміне бірдеңелерді айтып, аузы тыным таппайды, әйтеуір. Сот бірдеңе жеп отыр, Сайра бірдеңе деп отыр.
Тойдың басталар сәті қызық болды! Жас жұбайлар аумағы атшаптырым залға танкімен кіріп келді! Танкінің сорайған зеңбірегіне, бүйіріне қызылды-жасылды шарлар ілініпті.  Танктің шынжыр табаны кафельді бүлдіріп кетпес үшін, қалың қара резина төсеніштер жайылған. Бір кезде, танк атып жіберді. Гүрс еткен дыбыс шыққанда, отырғандар үстелдердің астына тығылды. Қорқып кеткен Сайра да «байқамаған» болып, облыс әкімін құшақтай алыпты.
 Жоға, танктен оқ атылған жоқ. Дыбыс күшейткіштен сондай дауыс беріліп, танктің ұңғысынан жүрек пішіндес майда шарлар атылды! Не деген көрініс! Сенсация! Танктің қасында түйе түкке тұрмай қалды! Айтпақшы, тойға дейін жас жұбайлар аспанда реактивті ұшақтармен серуендеп, парашютпен секірген. Жас келін қазақы дәстүрден аулақ көрінеді, жарылардай  төсі ашық көрінетін ақ көйлек киіпті! Күйеу бала шортик киіп алыпты. Байдың баласы ғой! Қалай киінсе де өзі біледі!
 Танк сыртқа шегініп кеткен соң, асаба той бастады. Сөзді облыс әкіміне берді. Ол дөкейді жарты сағат мақтады. Облыстық сот төрағасы өзін мақтады. Облыс әкімін жағымпаздар мақтады. Сөйтіп, той жиналысқа айналды. Жиналыстан кейін би жарыс басталды. Бір кемпір шпагатқа отырды. Жартылай жалаңаш қыздар билеп жүріп, ыңырсыды...
Мақсатқа бір кезде «Барыс» газетінің бас редакторы телефон соқты:
– Екінші бетке 300 жол мақала жетпей жатыр, қайдасың? – деп сұрады.
– Сын мақала жазып отырмын.
– Қандай тақырыпта?
– «Тойға танкімен келді!»
– Сен таксимен кел, тез тапсыр!
Тілші тойханадан шығып бара жатып, аулада тұрған танкіге көз салды.
Күлімсіреп: «Мен үйленгенде бұдан да қызық болады, тойханаға сүйіктіммен есек арбамен келемін!» деп күбірледі.
 Сіздің тойларыңыз қалай өтеді, өзі?

Мұхтар ШЕРІМ.
Пікір қалдырыңыз