Ұрыстану пәнінің мұғалимасы

Базардан азық-түлік алу үшін пакетімді қыса ұстап келе жатыр едім, ескі клубтың жанынан өте бергенімде қабырғада ілулі тұрған сарғыш қағазды қызыға оқып тұрған бес-алты кісіні көзім шалып қалды. Қастарына жетіп барсам, «Құлақтандыру» деп жазылған хабарландыруды оқып тұр екен. Онда былай жазылыпты:
«Жапалақ» орта мектебі шұғыл арада ұрыстану пәнінен дәріс беретін ханымдар мен бикештерге конкурс жариялайды. Ұрыстану – жаңадан ашылған пәндердің бірі. Мұндай сабақ әзірге жер бетіндегі жұмырбасты пенделер өмір сүріп жатқан жердің бірінде де жоқ. Ұрыстану пәнінің мақсаты – артымызда желкілдеп өсіп келе жатқан жас жеткіншектерді ұрысқа, өз ақыларын ешкімге жібермеуге, ұрысқан сәтте небір қарғыс сөздерді тоқтамай айтуға, ол сөздерді қарсыласына қалай қолдануға үйрету. Жасыратыны жоқ, бүгінгі  жастар өте бос, кіммен  қалай ұрсуды да білмей өсіп келеді. Бұл бекерден-бекерге ақыңды біреуге оңай жегізу деген сөз. Әрине, мұндай немқұрайдылық  біздің қабырғамызды қайыстырады. Осыған байланысты біз ұрыстану пәнін амалсыздан енгізуге мәжбүр болып отырмыз. Конкурсқа жасы 20-35 жас аралығындағы ұрысқа бейімдеу, көкбет, долылау қыздар мен әйелдер қатыса алады. Жалақысы да жаман болмайды. Келіңіздер, бақтарыңызды сынап көріңіздер, қымбатты бикештер мен ханымдар! Сіздерді асыға күтуші – «Жапалақ» орта мектебінің ұйымшыл ұжымы».
  Құлақтандыру әжептеуір ойлантып тастады. Ішімнен Құдай қосқан қосағым Зымзияның жасын санай бастадым. Жасы конкурсқа дөп келіп тұр. Үйге барып сүйіктіме айтып көрсем қайтер екен? Оның ешкімге ақысын жібермейтін көкбет, сұмдық долы екенін, қатты ашуланғанда көршілерге орынсыз қырғидай шүйілетінін адамнан жасырғанмен Құдайдан жасыра алмаймын ғой.  
Жаппарқұлда жан бар ма, үйге бара сала Зымзия сұлуыма көргендерімді баян еттім. Ол «өтірік айтасың, қу сасық» деп сене қоймады. Мен көзім жыпылықтап, өлердегі сөзімді айтып, нан ұстадым.  
Ертесіне Зымзия бағын сынау үшін мектепке аттанды. Сөзіне қарағанда жиырма әйел конкурсқа түсіпті. Алайда, бірінші сынақтан-ақ оның жартысы жапырыла құлапты. Әйелім күс басқан алақанын рахаттана уқалап, екінші күні де мектепке кетті. «Иә, әруақ! Айналайын, Нәмәғұл бабамның әруағы желеп, жебей гөр!» деп мен жеті айлық қызымның қас-қабағына қарап, оңашада айқайлап, үйде өлең айтып отырамын...
Ақыры, Құдай сәтін салып ақтық бәсекеге үш-ақ әйел шықты. Оның алғашқысы «Қара құзғын» өндірістік кооперативі бастығының әйелі, екіншісі «Жапалақ» мектебі директорының балдызы, үшіншісі менің, яғни қарапайым күзетшінің әйелі. 
Сонымен қойшы, бет қаратпас ақтық айқас басталды. Әйелімнің бір жақсы жері ұрыс салған кезде айтабақтай беті ерекше «құлпырып» кетеді... Ана екі әйел де, Зымзия да нағыз ұрыс үшін жаратылған жандар болып шықты. Біздің әйел директордың балдызының кіммен жүретінін, жігітсымағының оны қалай тастап кеткенін шыжғырып бетіне басқан екен, ол байғұстың одан әрі үні шықпай қалыпты... Ал, кооператив бастығының әйелінің жасырын ішетінін, темекіні бұрқырата тартатындығын, тіпті күйеуінің көзін ала бере Мысықбай дейтін бизнесмен жігітпен қалай әмпей-жәмпей болғанына дейін бетке айтып салыпты. Ой, менің Зымзиям да айғақтарды ерінбей-ақ жинаған екен. Міне, енді соның пайдасын көріп отыр. Кооператив бастығының әйелі де одан әрі сөз таппай, сасқанынан жылап жіберіпті...
Ешкімге дес бермеген әйелім үш күн ішінде ұрыстану пәнінің мұғалимасы болып шыға келді. Енді мен сіздерге қуаныштан жүрегім жарыла жаздап, жеңімпаз әйелімнің өмірбаянымен, өсу жолдарымен таныстыра кетейін.
Тырысқақова Зымзия Ызғарбекқызы 1967 жылы көктемнің көкөзек уақтысында дүниеге келген. Білімі жетіжылдық, 1997 жылы маған өзінің «собственный желаниясымен» тұрмысқа шыққан. Менен жан ақысына жүз мың теңге мен бір меринос қой, бір жәшік «самопал» арақ алған. Ұрыстан сол кездің өзінде-ақ  ауылдың жеті дүркін чемпионы атанған. Қызу ұрысқа кіріскенде қарсыластарының жасына, жынысына, әлеуметтік мәртебесіне қарап жатпайды. Аузына түскенін іркілмей айтып салып, көбінесе айқын басымдықпен жеңіп отырады. Қазірге дейін ол тоқсан үш адаммен ұрысқа түсіп, оның тоқсан бірінде жеңіске жеткен. Екі адаммен тым жас кезінде ұрсысып, тәжірибесі аздықтықтан «случайно» жеңіліп қалыпты. Онысына бүгінде өлердей өкініп жүр. Зымзияның ендігі арманы – халықаралық аренаға шығу. 

Орынтай КӨМЕКОВ.
Түлкібас ауданы.
Пікір қалдырыңыз